Сыртқы саясат ведомствосының алдында бүгінгі таңда экономикалық дипломатияны қайта пішімдеу мен жандандыру, инвестиция тарту және экспортты ілгерілетуге жан-жақты жәрдем көрсету, халықаралық ынтымақтастық шеңберінде ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау, сонымен қатар, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің инфрақұрылымы базасында Астананың халықаралық инвестициялар тарту орталығына айналуына ықпал ету, «IT», «Стартап» халықаралық бағдарламаларының іске асуына жағдай туғызу сияқты міндеттер тұр, деді министр.
Осы орайда, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) қызметкерлеріне Қазақстанның барлық елшіліктерінде жәрдем жасалатындығы, инвестициялар жөніндегі арнайы маман да қызмет ететіні аталды. Шетелдік инвесторларға бір терезелік жеңілдікпен ақпарат беру мақсатында СІМ мен АХҚО арасында бірлескен топ құрылып, ол «Жол картасын» да әзірлеген екен. Осылай біз АХҚО-ның жұмысына күнделікті көмек беріп отырамыз, деді ол.
Көптеген министрліктер мен ведомстволардың қатысуымен әзірленген Ұлттық инвестициялық стратегияны іске асыру мақсаты басымдыққа ие екендігі де аталып өтті. Жоғары дамыған елдердің үздік стандарттары мен тәжірибелерін енгізе отырып, бизнесті қайта реттеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу міндеттері де алда тұр, деп жалғастырды министр өзінің сөзін.
Сонымен бірге, министр Мемлекет басшысының халықаралық қызметі де экономикалық дипломатияны дамытуға жағдай туғызатынын атап өтті. Ал ҚХР-мен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім әзірленіп жатыр, Үндістанмен, Сербиямен келіссөздер басталды, Израиль, Сингапур, Мысыр және Иранмен еркін сауда аймақтары туралы келісім жасалуда. ЕАЭО-мен серіктестікке Оңтүстік Корея мен Оңтүстік Американың кейбір елдері, оның ішінде Чили және басқалары қызығушылық танытуда, деді Қ.Әбдірахманов.
Биыл үшінші елдермен, интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен ЕАЭО халықаралық келісімшарттар туралы келісім бойынша жұмысты аяқтау жоспарланған. 2018 жылдың басынан бастап кедендік рәсімдерді жеңілдетуге және автоматтандыруға, қатысушы елдердің азаматтары мен кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға бағытталған ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексі күшіне енеді.
Сонымен бірге, 2016 жылы Мемлекет басшысының Иранға сапары барысында жалпы құны 1,4 млрд доллар болатын 48 келісімге, Түркияға сапары барысында 520 млн долларлық 20 құжатқа, Сауд Арабиясына сапары барысында 200 млн сомасындағы 10 келісімге, Жапонияға сапары барысында 1,2 млрд-тық 13 құжатқа, Оңтүстік Кореяға сапары барысында 640 млн долларлық 24 келісімге қол қойылғаны айтылды. Ал Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары барысында 6,3 млрд доллар сомасындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол жеткізілген болатын.
Одан әрі министр Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы талаптарды орындауға да Сыртқы істер министрлігі кірісіп кеткенін жеткізді. Осынау бағдарламаны шетел жұртшылығына түсіндіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әлемдік сарапшылар, өнертанушылар, әдебиетшілер мен мәдениет қайраткерлері арасында бұл мақалаға деген қызығушылық айқын көрінуде. Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жобасын іске асыру біздің министрліктің алдындағы халықаралық ауқымдағы ірі міндет болып отыр. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, өз замандастарымыздың арасынан шыққан жеке дарындардың арқасында өмірге келген әдебиеттегі, оның драматургия жанрындағы, опера, балет, кино, бейнелеу өнері саласындағы маңызды еңбектерді танымал етуге күш жұмылдырамыз, деді Қайрат Құдайбергенұлы.
Министрдің сөзінде шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерінің шекара төңірегіндегі сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында аймақтар басшыларымен және мамандарымен кездесулері ұйымдастырылғаны да айтылды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»