Лекко қаласындағы «Teatro Societa» мен Эзино-Лариодағы «Teatro Comunale» концерттік залдары – Италиядағы танымал мәдени ошақтардың қатарынан саналады. Көрермендері де көп. «Қазақконцерттің» әртістері осы екі үлкен сахнада өнер көрсеткен.
Фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің әртістері домбыра, қылқобыз, жетіген мен сазсырнай үндерімен, ал, осы күні елге біршама танымал Азамат Жылтыркөзов, Айзада Қапонова, Ерлан Рысқали, Гүлмира Тапай, Батыржан Смақов пен Дәурен Оразбеков сынды әншілер академиялық орындаушылық қабілеттерімен қазақ әуенінің, әнінің терең иірімдеріне бойлап, бөлекше қасиетін танытқан.
Концерттік бағдарламада әнмен қоса күй өнеріне де ерекше басымдық берілген. Аян Омаров пен Ақерке Тәжібаева секілді жастар көне екі ішекті, ыспалы музыкалық аспап қылқобызда Ә.Қазақбаевтың «Тілеп сарыны» күйін орындаса, белгілі күйші Секен Тұрысбек бастаған домбырашылар тобы қазақтың арда күйлерімен Италия сахналарын дүбірлеткен.
Италиялық көрермендерді тамсандырған нәрсе – олардың төл туындыларының қазақтың музыкалық аспабымен орындалуы. К.Монтевердидің атақты «Si dolce el tormento» туындысын қылқобыз бен жетіген аспаптарымен орындаған Батыржан Смақов, Аян Омаров пен Венера Табыс тыңдармандарға жақсы көңіл күй сыйласа, халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Қапонова мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтің итальян тілінде ән шырқағанын да атап өту керек.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»