21 Мамыр, 2017

Семейде «Алаш арыстары: соңғы сөз, соңғы сурет» фотогалереясы ашылды

644 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде Алашорда үкіметінің құрылуының 100 және Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығына орай "Студенттердің кəсіби тұлғалық қалыптасуындағы алаш идеясының орны" атты облыстық семинар-практикум өтті.

Семейде «Алаш арыстары: соңғы сөз, соңғы сурет»  фотогалереясы ашылды

Аталған семинар-практикумның аясында колледж қабырғасында бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Қонақтар «Алаш» электронды кітапханасының жұмысымен танысып, «Алаш арыстары: соңғы сөз, соңғы сурет» атты фотогалереяны тамашалады. Ахмет Байтұрсынов бастаған бірнеше алаш қайраткерлерінің атылар алдындағы соңғы суреттері ілінген фотогалереяны көпшілікпен бірге аралап көрген белгілі ғалым Арап Еспенбетов толқып, тебірене сөйледі.

«Семейдегі алаш қайраткерлеріне қатысы бар тарихи ғимараттар мен ескерткіштердің көпшілігін сақтай алмадық. Абайдың алғашқы музейі тұрған ғимарат жоқ. Мұхтар Әуезов түскен ғимарат жоқ. «Қаралы сұлудағы» кейіпкер, екінші қабаттан қарап тұратын әдемі қыздың үйі жоқ. Қаладағы алаштың алыптарының ізі қалған, қолдарының табы қалған, Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, Ж.Аймауытов, Т.Жомартбаев, Б.Сәрсенов, Қ.Нұрмұхаметов сынды тұлғалар білім алған, қызмет еткен, бұзылмай сақталған санаулы ғимараттың бірі – осы. Педагогикалық колледждің жасап жатқан жұмыстары жастардың тәрбиесіне зор көмегін тигізеді. «Соңғы сөз, соңғы сурет» фотогалереясына келсек, әрине, бір қарағанға оңай. Бірақ олар соңғы сөзін айтып, соңғы суреттері түсірілгенінше қанша азапты бастан кешірді. «Сәкен Сейфуллинді түрмеде «мұртың қандай сұлу еді» деп бір-бірлеп жұлып, «тісің қандай әдемі еді» деп бір-бірлеп қағып тастап отырған» деп айтып отырушы еді Қайым ұстазымыз. Сондықтан алашты тану, алаш арыстарын ардақтау бағытындағы жұмыстар тоқталмауы тиіс», - деді ғалым.

Сонымен қатар семинар-практикум аясында Асан Омаров, Құсмілия Нұрқасым, Тұрдықұл Шаңбай, Мұратбек Кенемолдин сынды шаһардағы зиялы қауым өкілдері Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкері, алаштанушы Ерлан Сайлаубаймен онлайн режимде пікір алмасып, алаш тақырыбындағы ойларын ортаға салды.

Колледж директоры Шағангүл Жанаева Семейдегі алаш тақырыбын зерттеп жүрген қос ғалым - М.Қозыбаев атындағы тарих және саяси-әлеуметтік зерттеулер ғылыми орталығының директоры Мұхтарбек Кәрімов пен «Алаштану» орталығының директоры Тұрдықұл Шаңбайға «Мұхтар Әуезов атындағы төсбелгіні» салтанатты түрде табыс етті. Шара соңында алаш қайраткерлеріне арнап құран қатым түсіріліп, ас берілді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы.