Сөз алған Ж.Түймебаев Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауы ерекше мәнге ие болып, биік мақсаттарды белгілеп бергендігін тілге тиек етіп, айқын межені бағындырып, экономиканы өркендету жолында Оңтүстік Қазақстан облысының да қосар үлесі мол болатынын ерекше атап өтті.
«2016 жылдың қорытындысына көз жүгіртер болсақ, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны сақталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 1,1 пайызға артып, 2 трлн 808,4 млрд теңгені құрады. Облыс бірқатар салаларда көшбасшылық орындарда келеді. Атап айтқанда, республикада облыстың ауыл шаруашылық өнімі көлемінің үлесі 12,3 пайызды құрады. Жекелей тоқталғанда, жылыжайлар − 1 123 га, республикадағы үлесі − 80 пайыз, мақта − 286,7 мың тонна, үлесі – 100 пайыз, бақша – 1 млн 264,5 мың тонна, үлесі – 61 пайыз, жүзім − 51,4 мың тонна, үлесі − 68,5 пайыз, жеміс − 90,7 мың тонна, үлесі − 37,8 пайыз, көкөніс − 944,2 мың тонна, үлесі – 25 пайыз.
Облыс республикада мақта өсіретін жалғыз өңір болып табылады. Осы саланы дамыту және өңдеу мақсатында республикада бірінші болып ашылған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бүгінгі таңда 10 жоба іске асырылып, 1 056 жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығын экономиканың жаңа драйверіне айналдыру бағытында нақты шаралар атқарылуда. Жолдауда айтылған негізгі бағыт − кооперативтер ұйымдастыру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнде облыста 40 мыңға жуық үй және фермерлік қожалықтардан біріктірілген 363 бірлік ауылшаруашылық кооперативтері құрылды. Ағымдағы жылы егістік көлемі 792,3 мың га-ға, интенсивті бау аумағы 2 630 га жеткізіледі. Қазіргі таңда интенсивті баулардың тиімділігіне шаруалардың көздері толығымен жетіп отыр. Дәстүрлі баулардан гектарына 40-50 ц. өнім алынса, интенсивті баулар 500 – 600 ц-ға дейін өнім алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 493 га жерге жаңғақ және алғашқы рет 50 га бадам бауларын отырғызу жоспарлануда. Жылыжайлар алаңы − 1 323 га жеткізіледі», деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, ол, 2017 жылы шағын мал бордақылау алаңдары саны 3 013 бірлікке көбейіп, 12 163, отбасылық сүт фермалары 722 бірлікке артып, 1 938, шағын құс фермалары саны 14 бірлікке артып, 42, балық шаруашылықтары 4 бірлікке көбейіп, 31 бірлікті құрайтынын атап өтті.
Баяндама барысында Ж.Түймебаев инвесторлармен иық тіресіп, ірі жобаларды іске асыру қолға алынып отырғанын жеткізді.
«Мысалы, Қазығұрт ауданында 603 млн теңгеге құрғақ сүт және сары май шығару зауытын салып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде, оның қуаттылығы жылына 17,5 мың тоннаны құрайды. Және «Ордабасы-Құс» ЖШС-мен күркетауық етін өндіру өндірісі қуаттылығын жылына 25 мың тоннаға ұлғайту көзделіп отыр. Облыста алғашқы рет жібек шаруашылығы қолға алынды. Бәйдібек ауданында Жібек және бау-бақша өнімдері бірлестігі құрылып, жібек құртының азығы болып табылатын тұт ағаштары 25 га алқапқа отырғызылды. 2017 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 476 млрд теңгені құрап, өсім 3,7 пайыз деңгейінде болады деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өткен жылы 445,0 млрд теңгені құраған», деді.
Сонымен қатар, аймақ басшысы суармалы егістік алқабындағы атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
«Біз биыл «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішін қыс бойы және көктемде суға толтырдық, енді оны біртіндеп жіберіп отырамыз. Бірақ олардың суын нақтылы пайдалану жеткіліксіз екен. Сондай-ақ, біздегі Арыс, Келес, Ақсу өзендерінің сулары да қыс бойы және көктемде тасып, төмен қарай ағып кетіп жатты. Осы орайда «Қазсушаруашылық» ұйымымен бірлесіп жұмыс тобы құрылып, осы суларды бостан-босқа жібермей, қыс бойы және көктем бойы, белгілі бір су қоймаларына, су тоғандарына жинасақ, біріншіден, біз ауыз су мәселесіне көмекші боламыз, екіншіден, егін шаруашылығына да үлкен қолдау. Мұндай тәжірибе дүние жүзінде қалыптасқан. Ол суларды тоған-тоған есебінде жинап, платиналар құрып, жинақтаған жағдайда, біріншіден, сумен қамтамасыз етуде пайдалы болса, екіншіден, гидроэлектр стансалар салып, электр қуатымен де тұрғындарды қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік туады. Осы ретте биыл біз 15-тей су тоғандарын салуды жоспарлап отырмыз», деді әкім.
Елбасы Жолдауында басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге қоныс аудару туралы айтып өткен болатын. Бұл ретте Оңтүстік Қазақстанның қосар үлесі орасан зор деуге болады. Себебі, жұмыс күші мол өңірлерден солтүстік өңірлерге еңбек ресурстарын қоныс аударту мақсатында облыстағы халқы тығыз орналасқан Мақтаарал, Сарыағаш, Шымкентте «Еңбек рыногының ұтқырлығын дамыту бизнес-форумы» мен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылған. Оған Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының 60-тан астам өкілдері қатысқан. Қазіргі уақытта 2019 мүшесі бар 672 отбасы қоныс аударуға ниет білдіруде. Оның ішінде еңбекке қабілетті 1008 адамның 116-сы ауыл шаруашылығымен, 98-і кәсіпкерлікті дамытумен айналысуға, 794-і мемлекеттік кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға даяр.
Облыс басшысы өңірдің экономикасынан бөлек, мәдени-рухани саласындағы атқарылып жатқан ауқымды шаралардан аттап өтпеді.
«Оңтүстік Қазақстанда республика бойынша тарихи-мәдени ескерткіштердің 80 пайыздан астамы орналасқан. Түркістан қаласын тарихи-мәдени және туристік орталық ретінде дамыту мақсатында «Көне Түркістан» жобасы әзірленіп, ЮНЕСКО-ның келісімімен жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы Түркістан қаласына келушілер санын 1,5 млн адамға жеткізу жоспарланып отыр. Шардара ауданында жағажай туризмін дамыту мақсатында 500 жұмыс орнын құру және жаз мезгілінде 150 мың адамға қызмет көрсету жоспарланып отыр. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберінде облыс әкімдігі өңірлік туристік ұйымдармен бірлесіп, көрме қонақтарына арналған туристік маршруттар әзірледі», деді Ж.Түймебаев.
Ел дамуына елеулі еңбек сіңіріп, үзбей үлесін қосып келе жатқан Оңтүстіктің орны қашанда бөлек. Қара шаңырақ Қазақстанның бір уығы болып қадалған бұл өңір экономиканың да, мәдениеттің де мәйегіне ерте ауыз салған, қашанда тіршілік қазаны қайнап жататын, табиғаты да тартымды, жер көлемі кең, ажарлы аймақ деп ауыз толтырып айтамыз. Өрісті өлкенің бүгінгі ахуалынан ақпар беру үшін облыс басшысы Жансейіт Түймебаев Астанаға арнайы келіп, тілшілермен тілдесті.
Азаматтардың мүддесі ескеріледі
Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:40
Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл күшейе түсті
Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:33
Жетісудағы тұңғыш иппотерапия орталығы
Аймақтар • Бүгін, 09:30
Жауапкершілікке тарту үдерісін жеделдету маңызды
Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:28
Күнкөріс деңгейі қалай есептеледі?
Қоғам • Бүгін, 09:25
Инфляция • Бүгін, 09:23