Аймақтар • 23 Мамыр, 2017

Шегірткелер шырғалаңы

654 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүріп жат­қанда, жайлауды шегіртке басып, шаруаларды әбігерге салды. Тіпті, бұл жағдай диқандар мен малшылардың жұмысына қолбайлау еді десе де болады. Шегіртке шырғалаңы өңірде оншақты күн бұрын басталып, әсіресе Талас, Байзақ, Жамбыл аудандарының егістік алқаптарын кең жайлаған.

Шегірткелер шырғалаңы

Өңірде шегірткелердің егінге түсу қаупі туып тұрғанымен, мамандар әзірге мұндай жағдайдың тіркелмегенін айтады. Бірақ, таң бозынан қара кешке дейін бей­неттеніп егін салған шаруалар шегіртке шырғалаңынан шынында да қауіптеніп отыр. Егер шегірткелер шартарапты отап тастаса, еңбектің еш, тұздың сор болғаны. Одан бөлек, жайылымды жайлаған зиянкестердің өрістегі шөпке дейін отау қаупі тағы бар. Сондықтан, бұл жағдайдың алдын алып, шұғыл арада олардың көзін жоймаса, жерге дендеп еніп, одан көбейіп, ақыры қиын болуы мүмкін.

Шегіртке болғанда, бұл кәдімгі ше­гірт­ке де емес. Әйтпесе, ауылдағы сулы, нулы жерлерде түн баласы «шырқап» қоя беретін қарапайым шегірткенің нәсілі бөлек. Ал өңір жайлауын жайлаған шегірткелердің бұл түрі «марокколық» деп аталады екен. Мамандар шегірткенің мұндай түрін аса қауіпті дейді. Енді қауіпті зиянкестермен күрес жұмысы қанша жерден жолға қойылды дегенмен, олардың күн емес, сағат санап көбейіп бара жатуы күмән тудырады. 

Әрине, миллиондаған зиянкесті бір мезетте түп-тұқиянымен жоқ қылып жіберу қиын. Бөлінген қаражат бар, енді бұған көптеген жұмыс күші қажет. Осы орайда жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі Мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Ержан Айнабеков өңірге келген еді. Комитет төрағасы мамандардың зиян­кестермен жұмыс барысында ше­гірткелер шөп жегенде бірден әсер ететін препараттарды қолданып отырғанын, бұл дәрілер үш сағат пен үш күн ара­лығында өз нәтижесін беретінін айтты. 
Мамандар мұндай жағдайдың әр он жыл сайын қайталанып отыратынын мәлімдеді. Мәселен, өткен жылы зиянкестер облыста 8 мың гектар жерді жайласа, биыл 63 мың гектар жерді отауға кіріскен. Бір қызығы, аяқ астынан көбейіп кету марокколық шегірткелерге тән қасиет екен. Әсіресе, Оңтүстік Қа­зақ­стан және Жамбыл облыстарында ма­рок­колық шегірткелердің түрі көп көрінеді. Сондықтан да шегірткелермен күрес бір күнде аяқтала салатын жұмыс болмай отыр.

– Фитосанитарлық диагностика және болжамдау орталығымен бірлесіп, анықтау жұмыстарын жүргізудеміз. Сондай-ақ, еліміздің өсімдіктерді қор­ғау институтының бірлескен бағдар­ламасы бойынша шетелдік мамандарды да шақырдық. Мұндағы мақсат спут­никтік жүйе, ұшақсыз аппараттарды қолдана отырып, зиянкестердің таралу аумағын анықтау болмақ. Енді химиялық препараттардан биологиялық препараттарға өтеміз ба деген жоспар бар. Шегірткенің шамадан тыс көбеюіне жергілікті диқандар мен шопандар алаңдаушылық танытуда. Дегенмен, қазір шегіртке аумағынан кем дегенде 25-30 шақырымға дейін тазаланып бітті, – дейді Ержан Айнабеков. 

Зиянкестердің көзін жою мақсатында республика бойынша 1,5 миллиард қаржы қаралса, Жамбыл облысы бойынша 125 миллион теңге бөлінген. Шілде айында шегірткелердің жұмыртқалау кезеңі басталады. Енді келесі жылға зиянкестердің қаншалықты төмендейтіні сол кезде белгілі болады екен. Ал жам­былдықтар 2008 жылы дәл осындай жағдайдың орын алғанын айтады. 

Биыл зиянкестер Жамбыл ауданының Көделі аймағында көп таралған. Об­лыстық аумақтық инспекцияның берген мәліметінше, Жамбыл ауданында 18 970 гектар көлеміндегі жер залалданған. Ал Талас ауданында 17 540 гектар жер­ді, Байзақ ауданында 15 480 гектар жерді марок­колық шегірт­келер жайлапты. Енді инс­пекция басшысы Нұрби Жігітеков Жамбыл ауданында – 4, Байзақ ауданында – 6 және Талас ауданында 7 техниканың жұмыс істеп жатқанын айтты. Мәсе­ленің мән-жайын білмек мақсатта Көделі аймағына барғанымызда арнайы техникалардың жұмыс істеп жатқанын көрдік. Алдағы уақытта бұл жұмыстар қандай нәтиже береді деген сауалымызға Нұрби Рахметханұлы зиянкестерді биыл толығымен жоямыз деп жауап берді. Бірақ қазір шегірткелер жайлаған аумақтарда жұмыс қарқыны бұрынғыдан да күшейтілген.

Биыл Жамбыл облысында тұқым себу жоспарланған аумақ аса ауқымды. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, майлы дақылдар, мал азығы дақылдары мен көкөніс, бақша өнімдері де бар. Енді бұл байлықтың бәрін көздің қарашығындай сақтау, зиянкестерді жайлатпау бүгінде облыс үшін маңызды мәселе болып отыр. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы
 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20