08 Желтоқсан, 2016

"Болашақ" түлектерінің 98 пайызы жұмыспен қамтылған

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
"Болашақ" бағдарламасы түлектерінің 98 пайызы жұмыспен қамтылған, олардың ішінде: 56 пайызы мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге, 29 пайызы - жеке секторға, 12 пайызы - халықаралық ұйымдарға және тек 1 пайызы ғана – ұлттық компанияға орналасқан. Жұмысқа орналастырылмаған 2 пайызы оқуын аяқтап, шетелдік дипломының түпнұсқасын күтіп отырған түлектер. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешов айтты. –23 жыл бұрын Ұлт көшбасшысының бастамасымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы білім саласындағы ең алғашқы жобалардың бірі бола отырып, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және нығайту ісінің қолданыстағы тетігіне айналды. Еліміздің халықаралық бет-бейнесінің қалыптасуына олардың да қосқан үлестері зор. 2016 жылғы 5 қарашада 23 жыл толған «Болашақ» бағдарламасы – бұл тәуелсіз Қазақстанның маңызды инновациялық жобаларының бірі, - деді Жанболат Мелдешов. 23 жылда «Болашақ» стипендиясы шеңберінде ұлттық экономиканың түрлі салалары үшін 9 339 маман даярланды, олардың арасында 2 000-нан аса инженер, 2 000-ға жуық мектеп және жоғары оқу орындарының өкілдері, ел өңірлеріне арналған 600 дәрігер, 400 мемлекеттік қызметші, 200 шығармашылық саласының қызметкері және 2 000-нан аса ұлттық және жеке компания мамандары бар. 2016 жылы шетелде жоғары білікті кадрлар даярлау бағдарламасы шеңберінде Республикалық комиссияның шешімімен 231 стипендия тағайындалды «Мемлекет басшысы қазақстандық ұлттың жоғары біліктілігі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы екендігін бірнеше рет атап өткен болатын. «Болашақ» бағдарламасы жиырма жылдан аса уақыттан бері заманауи жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім флагманы бола отырып, жоғары білімді ұлттың қалыптасуына өзінің айтарлықтай үлесін қосып келеді», - деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті. Сонымен қатар конференция барысында "100 нақты қадам" Ұлт жоспары барысында 70-қадамға сәйкес АҚШ пен Ұлыбританияға тағылымдамаға «Астана» халықаралық қаржы орталығының бір топ қызметкерлері жіберіліп, жақын уақытта 24-қадамға сәйкес Ұлыбританияға AIFC халықаралық төрелік орталығын құруға тартылған сот қызметкерлері мен судьялар да баратыны белгілі болды.