08 Желтоқсан, 2016

Атқарылған шаруа аз емес, алдағы жоспар айқын

267 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының кеңейтілген отырысы өтіп, оған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қатысты. Жиында құрылым басшылығы ағымдағы жылы атқарған шаруаларын қорытындылап, келесі жылға арналған жұмыс жоспарымен бөлісті. Басқосуды ашып, сөз сөйлеген палата төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев Елбасы экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша «Атамекеннің» алдына бірқатар нақты тапсырмалар қойғанын атап өтті. Оның ішінде халықты жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру және жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелері бар. Сонымен қатар, ауылшаруашылық кооперативтерін көбейту, экспорттық әлеуетті әртараптандыру сияқты агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайттары жүктелген. Он қадам – оңтайлы істер «Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және Ұлт жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыруға байланысты «100 нақты қадамға» сәйкес, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытудың он қадамын жасап, ұсыныстар әзірлеген. Сонымен қатар ҰКП халыққа жаппай бизнес негіздерін оқытуға белсенді атсалысуға дайын. Үкімет қолдауымен екі қанатқақты жоба іске асырылды. Олар: Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы  «Bastau Бизнес» және «Bastau Кәсіп» жобалары. Алдағы уақытта тиісті іс-қимылдар барлық өңірлерде атқарылады», деген Т.Құлыбаев мемлекеттік қолдаудың есебінен ұзақ мерзімді тапсырыстар мен қажетті шаралар арқылы бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру ұсынылып жатқанын айтты. Кеңейтілген отырыста «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев баяндама жасап, кәсіпкерлік субъектілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау шараларын әңгімеледі. «2013 жылдың қазан айынан бері Ұлттық палатаға 15430 өтініш түссе, биыл олардың саны 5419-ды құрады. «Атамекенде» бизнес өкілдерінен өтініш-тілектерді қабылдауға арналған онлайн-сервистер іске қосылып, прокуратура органдарымен өзара байланыс орнаған. Ең көп өтініштер салық салу, жер заңнамасы, сатып алу және кәсіпкерлік саладағы дау-дамайларға қатысты. Арыздардың 40 пайызын оң шешуге қол жеткіздік. Сәйкесінше, кәсіпкерлердің 41,7 млрд теңге сомасындағы мүліктік құқығы қорғалды», деді баяндамашы. Оның айтуынша, палатаның бизнес ортаны жетілдіру мақсатында жасалған реестріне 438 мәселе келіп түскен. Оның 65 пайызы, яғни 285-і шешімін тапқан. Өңірлік карта өсімді арттырады Биылғы 11 айда «Атамекен» 4040 нормативтік-құқықтық акт жобасын сараптаудан өткізген екен, нақты нәтижелер де байқалуда. «Жоспарлау жобаларының жоқтығынан әкімдіктердің жер телімдерін беруден бас тарту мәселесі шешіліп, өзге коммерциялық мақсаттарға қолданған кезде жердің мақсатты тағайындалуын өзгерту қажеттілігі жойылды. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесі оңтайландырылып, жоспарлы тексеріс түрлері тоқтатылды, тек үш тексеріс тәсілі енгізілді. Бұдан былай жаңа рұқсат ету түрлерін енгізгенде немесе талаптарды қатаңдатқанда, мемлекеттік мекеме экономикалық есептеулер арқылы оның қажеттілігін дәлелдеуі тиіс. Түбегейлі шешім бірінші вице-премьер төрағалық ететін ведомствоаралық комиссия деңгейінде қабылданады. Нысандарды жарнаманың кейбір түріне жатқызудағы түсініспеушілік те шешімін тапты. Өйткені, маңдайшалардағы жазулар барлық бизнес субъектілері үшін жарнама түрінен шығарылды», деді Нұржан Әлтаев. Баяндамада айтылғандай, ұлттық палата адами капиталды, сатып алу мен жергілікті қамтуды, ауылдарда, елді мекендерде бизнесті, кәсіпкерлікті сервистік қолдауды, жұмыспен қамтуды дамытуды, жекешелендіру барысында бизнес мүддесін ескеруді назарда ұстап, қажетті жұмыстарды жүргізуде. Бұл ретте кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жасалған. Экспорттық-импорттық операцияларды оңтайландыру, дауларды сотқа дейін шешудің тетіктерін дамыту бағыттарына мұқият көңіл бөлінуде. «Атамекен» ұжымы кәсіпкерлікті дамытудың он қадамы бойынша келесі жылы да жұмыстарын жалғастырмақ. Мұнда шағын несиелеу көкжиегі кеңейтіліп, халықты жаппай бизнес негіздеріне оқыту, ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту, экономика өсімінің негізгі ұстыны ретінде шағын және орта кәсіпкерліктің экспорттық әлеуетін күшейту, индустриялық және инвестициялық шешімдер қабылдауда кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын негізге алу, «Үкімет бизнес үшін» сервисін жасау, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметтерін азайту, қылмыстық және әкімшілік заңнаманы әрі қарай жетілдіру, нарықтық ұстанымдарға нұқсан келтіру жөнінен мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың барлық ведомстволық және еншілес құрылымдарын ревизиялау көзделуде. Кәсіпкерлік білімге зәрулік сезілуде Басқосуда «Alageum Gruop» ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы Сайдолла Қожабаев сөз сөйлеп, ғылыми еңбектерді қаржыландыру, отандық кәсіпкерлердің гранттарға қол жеткізе алмауы, кадр даярлау сапасы сынды мәселелер туралы ой қозғады. «Баян Сұлу» АҚ басқарма төрағасы Тимур Садықов өнімді өткізу нарығы, отандық тауар өндірушілердің тамақ өнімдерін экспорттау жайттарын мәселе етіп көтерді. Оның пікірінше, Ресей экспорттық орталығы секілді, Қазақстанда сауда алыс-берісін үйлестіретін арнайы орган құру қажет. Қызылорда облысы Сервис және қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Ерлан Райымов кәсіпкерлік саладағы өткір маман тапшылығына алаңдаушылығын жеткізіп, бұл, әсіресе шағын бизнес бағытында өте өзекті екенін айтты. «Елде білікті мамандарға мұқтаждық қалыптасып отыр. Бізде аяқ киім жасаушыларды, тігіншілерді, үй құсын өсірушілерді дайындамайды. Ал қаптаған қаржыгер, заңгер, бағдарламашы дипломдары бар жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс таба алмай жүр. Сондықтан кәсіпкерлік университеттері желісіне зәрулік сезілуде. Кәсіпкерлік салада білім беру стандарты қабылданып, оны ЖОО мен кәсіптік-техникалық оқу орындарының негізіне айналдыру керек», деді Е.Райымов Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»