09 Желтоқсан, 2016

Киберқылмыс шегенделген шекараңа қарамайды

770 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ХХІ ғасыр – ғаламтор адам тіршілігінің барлық саласына, соның ішінде медицина, көлік, білім беру, өндіріс, банк салаларына енуімен сипатталатын жаһандану және ақпараттандырудың ғасыры. Шексіз киберкеңістік жер бетіндегі миллиондаған адам қызметінің алаңы болып отыр. Алайда, ақпараттық технологияларды қолдану осы саладағы қылмыспен байланысты тәуекелдер мен қатерлерге әкеліп соқтыруы мүмкін екендігін естен шығармаған жөн. Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде Қазақстан командалық экономикасы бар посткеңестік мемлекеттен әрі қарай дамыған қазіргі заманғы мемлекетке дейінгі күрделі жолдан өтті. «Болашақтың энергиясы» ұранымен өтетін, 100-ден астам ел мен 10-ға жуық халықаралық ұйым қатысуға ниет білдірген «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі соның жарқын көрінісі болып табылады. Аталған жоба нақты мақсаттар қойып – тұрақты энергия көздерін дамытуға бағытталған жаңа бағдарламалар мен технологияларды зерттеп, энергиямен жабдықтаудың сенімділігі мен тиімділігін арттырады. Ол көрмеде көрсетілетін аталған саладағы кибертехнологиялардың ендірілуін көруге мүмкіндік туғызады. Әрине, қазіргі таңда ден қоюды қажет ететін сын-қатерлермен Қазақстан да ұшырасып келді. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдарының деректері бойынша Қазақстанда киберқылмыстар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінгі күні азаматтардың жеке деректері, мемлекеттік органдардың құпия деректері, банк шоттары туралы деректер және т.б. қылмыскерлердің аса назар аударатын нысандары болуда. Бұл жайт зерделеп, пысықтаудың жеткіліксіздігі мен қылмыстардың зияткерлік сипатынан, оларды тергеп-тексеру тәжірибесінің болмауынан, қылмыс жасалған орын мен уақытты қадағалаудың күрделілігінен, кибершабуылдарға тойтарыс берудің жаңа технологияларын қолданудың аздығынан, сондай-ақ осы іс-әрекеттерден келтірілген елеулі нұқсандардан айқын көрінеді. Мәселен, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде де киберқылмыстылық түріндегі жаһандық қатерге қарсы күрес үшін қорғанысты басқарудың электрондық жүйесінің ықтимал істен шығуы себебінен де жаһандық соғыстың басталу тәуекелі күшейетіндігі атап көрсетіледі. Бұл – бағдарламалау тіліне әркімнің қолы жете бермейтіндігін анық түсіне және сезіне алу қажет деген сөз. Бөтен жүйеге ену қабілеттілігі қылмыскерлер үшін елдің ұлттық қауіпсіздігіне орасан шығын әкелуі әбден мүмкін. Өйткені, ғаламтордың мемлекетаралық шекаралары жоқ, яғни қылмыскерлер жүздеген километр қашықтықта болып, басқа елде өмір сүруі мүмкін. Осы орайда, тергеп-тексеру және қылмыскерлерді ұстау үдерісі қиындай түседі. Бұған мынадай мысал келтіруге болады. Алматы қаласында «Интернет-банкинг» электрондық жүйесі арқылы кәсіпкерлердің шоттарынан ақша ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ анықталды. Тергеуде айқындалғандай, қылмыскерлер Бас прокуратураның атынан ғана емес, сонымен қатар, Салық комитетінің, Қаржы министрлігінің, аталған министрліктегі Мемлекеттік кірістер комитетінің және әртүрлі қызметтердің де атынан хаттар жіберген. Кәсіпкерлер қауіп төндіретін бағдарламаны қосқаннан кейін оның белсенділендірілуі жүргізілген. Зақымданған компьютер мен құпия ақпаратқа қашықтан қол жеткізуге ие болу мүмкіндігі туындағаннан кейін, қылмыскерлер екінші деңгейлі банкте алдын ала ашылған шоттарына ақша аударған. «Кибертерроризм» сияқты құбылыстың беталысы қоғамға үлкен қауіп төндіріп отыр. Жаңа және жеткілікті дәрежеде зерделенбеген құбылыс болғандықтан, кибертерроризм жеке назарға алуды қажетсінеді және адамзат үшін қауіпті болып табылатын осы мәселені шешуде ерекше тәсілдерді талап етеді. Бұдан басқа, террористер қатарына адам жалдау ғаламтордың коммуникациялық арналары арқылы жиі жүргізілетіндігі дәлелденіп, айқын факт ретінде тіркелген. Ең озық зомбылау мен сана-сезімді бағдарламалау технологиялары террористер арнайы ашқан сайттарда анық көрсетіледі. Сондықтан да ақпараттық қауіпсіздік саласында отандық заңнаманы және мемлекетаралық ынтымақтастықты жетілдіру қажет. Осы орайда халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес келетін халықаралық ынтымақтастықты да одан әрі жетілдіру мәселесі күн тәртібіне шығарылуы тиіс. Елімізде киберқорғануды ұйымдастыру үшін ІІМ Криминалдық полиция комитетінің «К» Басқармасы, ҰҚК-де осыған ұқсас мамандандырылған бөлімше, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мемлекеттік техникалық қызметі сияқты бірқатар құрылымдар құрылған, олар мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Бұл құрылымдар заңнаманы жетілдірумен, техникалық құралдарды зерделеумен және сертификаттаумен, мемлекеттік билік органдары жүйелерінің ақпараттық қорғалуын қамтамасыз етумен, қылмыстарды және анықталған кибершабуылдарды тергеп-тексерумен, сондай-ақ олардың жолын кесу жөнінде шаралар қолданумен айналысады. Ақпараттандыру саласындағы қатынастарды реттеу негіздері биылдан бастап күшіне енген «Ақпараттандыру туралы» Заңда көрсетілген. Осы заңда Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттандыру нысандарын құру, дамыту және пайдалану кезінде, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау кезінде мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың арасында туындайтын қоғамдық қатынастар реттеледі. Әрине, ақпараттық саланы реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіру қажет. Азаматтық және қылмыстық құқыққа жаңалықтар енгізген жөн, себебі, қазір аталған құқық салалары киберқылмыскерлерден болатын қылмыстар мен қауіптердің барлық тізбесін қарастырмайды. Отандық заң ғылымында осы саладағы ғалымдардың зерттеулері бар, алайда, оның базасы енді ғана қалыптасуда және негізінен шетелдік ғалымдардың еңбектеріне негізделген. Өткен жылғы қараша айында елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғаны мәлім. Аталған заңда отандық ғаламтор пайдаланушылар үшін қауіпсіздік сертификаты туралы норма қабылданды, оған сәйкес 2016 жылғы қаңтардан бастап шетелдік ғаламтор ресурсына ақпарат берудің шифрланған хаттамаларын пайдаланатын кез келген біздің азаматымыз өз компьютерінде (немесе басқа құрылғыда) отандық қауіпсіздік сертификатын орнатқаннан кейін ғана кіре алатын болады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одаққа қатысушы мемлекеттер арасында Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады, онда тараптардың коммуникациялық желілер мен ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып немесе осындай желілер мен жүйелерге қарсы жасалған қылмыстық әрекеттердің алдын алу және оларға қарсы күрес мақсатында ынтымақтастықты оның ішінде озық тәжірибе алмасу арқылы нығайтатындығы көрсетілген. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде киберқылмыстарға «Ақпараттандыру мен байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар» атты бір тарау арналған, онда осы саладағы құқықтық қатынастарды реттейтін және қылмыстық жауаптылықты көздейтін 9 бап бар. Өйткені, қазіргі заманғы киберқылмыстар мәселесін егжей-тегжейлі қарастыру қажет, себебі, қылмыс саны көбеюде және олар қарапайым ұсақ бұзушылықтардан бастап жаһандық апаттарға дейін алуан түрлі болып келеді. Жалпы алғанда, өзінің ақпараттық кеңістігін қорғау, әлеуетті қауіптерді жоюға бағытталған әрекеттерді әзірлеу мен бағалау әрбір мемлекеттің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өткен жөн. Өйткені, ақпарат барған сайын қоғамдық қатынастарға барынша өз ықпалын тигізе бастады. Асылбек СМАҒҰЛОВ, Мәжіліс депутаты
Соңғы жаңалықтар