сертификат 99 қонақ үй мен 106 мейрамханаға берілді
Алматыда соңғы жылдары қонақ үйлер саны 3 есе өскеніне қарамастан, олардың қызмет көрсету сапасы санаттарына сай ма деген сауал жиі алдан шығады. Әсіресе, бұл Универсиада жақындаған сайын білінуде.
Бүгінгі таңда оңтүстік шаһарда қызметін жалғастырып отырған 137 қонақүй бар. Бұл – ресми дерек. Бір қызығы, өткен жылдың 15 маусымы мен 15 қыркүйегі аралығында қазақстандық мейрамхана мен қонақүйлер ассоциациясы арнайы зерттеу жүргізгенде, оған барлығы 165 қонақүй қатысқан еді. Сол сияқты қалада бюджеті төмен хостелдер қатары көбейе түскені байқалады. Алайда, брендке айналған 4, 5 жұлдыздыларын айтпағанда, Алматыдағы қонақүйлердің көпшілігінің санаты айқындалмағаны жуырда өткен іскерлік кеңесінде айтылды.
Сондықтан, мегаполис әкімі Бауыржан Байбек кезекті рет қалалық сервистік кластерді дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді. Шаһар басшысы алдымен туризм, тіпті дағдарыс кезінде де табыс әкелетінін айта келіп, бұл салада да бәсекелестік арта түскенін нақты мысалдармен келтірді.
Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, туризм экономиканың аралас 30 саласының дамуына ықпал етеді екен. Бұл ретте Алматының әлеуеті жоғары, қазірдің өзінде Қазақстанға жолы түскен әрбір екінші шетелдік турист Алматыны айналып өтпейді.
Әкім бұл жиында да қонақүйлер мен тамақтану орындарының сервисін жақсарту, туристік азық-түлік өнімдерінің түрін көбейту қажеттігін атап өтті. Ол қалалықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, басқа да көптеген мәселелерді ойдағыдай шешу одан әрі жалғасатынын, сол арқылы туристік тартымдылықтың арта түсетінін қадап тұрып жеткізді.
Құзырлы мекемелердің бұл басқосуында қоғамдық орындардың орналасуы мен қонақжайлылығына қатысты Алматы даму орталығы жүргізген зерттеудің қорытындысы шығарылды.
Оның басқарма төрайымы Жанна Төлегенова нысандардың алты бағыт бойынша зерттелгендігін айтты. Олар – кездесу, тұтыну талабын анықтау, коммуникация және сату, пікірталастырушылармен жұмыс істеу, кешіру және ортақ ескертпелер. Қорытынды баға клиенттер пікірінің 4 деңгейі бойынша шығарылған – үздік, жақсы, қанағаттанарлық, қанағаттанғысыз.
«Зерттеу жұмысы «Құпия сатып алушы» әдісі бойынша жүрді. Онда арнайы анкета толтырылды әрі жаппай іріктеу бойынша тиісті балдар қойылды. Қоғамдық тамақтандырудың 106 нысанының 69-ы – «үздік», 23-і – «жақсы», 13-і «қанағаттанарлық», тек біреуі ғана «қанағаттанғысыз» деген баға алды. Орналасуы бойынша зерттелген 84 нысанның – 29-ы «үздік», 35-і – «жақсы», 20-ы «қанағаттанарлық» бағаларын иеленді. Орналасуы жағынан барлық нысандар қанағаттанарлық болып шықты. Жиын соңында «Универсиада ұсынады» сертификаттары 99 қонақүй мен 106 қоғамдық тамақтандыру орнына берілді.
– Ресми мәлімет бойынша, Универсиада жарыстары кезінде қонақүйлер мен мейрамханалардың жұмысы 84 пайызға артады. Туристік бағыттардың қауырттығы 400 пайызға ұлғаяды. Ойындар аяқталған соң қаланың туристік әлеуеті 2,5 есеге өседі. «Универсиада ұсынады» сертификаттары және шильдалармен бірге Универсиаданың бренд-буктарын ескере отырып, мейрамханаларды, қонақүйлерді, ойын-сауық орындарын безендірудің бірнеше түрі көрсетілген флеш-карталарды да тараттық, – деді «28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиаданы өткізуді ұйымдастыру дирекциясы» МҚ басшысы Наиль Нуров.
Еске сала кетейік, Универсиада Алматыда 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтеді. Студенттік ойындар бағдарламасына спорттың 12 түрі енген. Алматыға әлемнің 57 елінен 2 мың спортшы келеді деп күтілуде.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ