Алматыдағы Ғылым ордасында Президент стипендиясының иегері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі халық аспаптары бөлімінің меңгерушісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы Саят Ақбасовтың «Күй – көненің күмбірі» атты мерекелік концерті өтті.
Бағдарламада Батыс, Арқа, Жетісу, Қаратау, Маңғыстау, Сыр бойы, Алтай-Тарбағатай аймағының күйшілік дәстүріндегі сирек орындалып жүрген туындылар мен халық күйлері және халық композиторларының шығармалары жұртшылық назарына ұсынылды.
Кеш барысында күйшінің жары, халықаралық, республикалық бай-қаулардың лауреаты Валентина Елеусінова «Шалқыма» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен ән шырқаса, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген шәкірттері Бекболат Әбдіберікұлы, Айбек Әрімбек, Әлихан Пайыз, Есімхан Төлембай күмбірлете күй төкті.
– Алматының 1000 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне ел азаматтары тайлы-таяғымен үлес қосып жатыр. Осындай ұлық мейрамдар қатар келіп, «ақ түйенің қарыны жарылған» тұста, атқа қамшы салмасақ, өнерде жүргеніміз бекер болмай ма? Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Президент стипендианты ретінде кезінде консерваторияға емтихансыз қабылданып, тегін білім алдым. Елбасының демеуіне алғысымды білдіре отырып, сол жақсылықтың босқа кетпегенін, ұстаз ретінде, домбырашы ретінде мәдениет пен білім саласына үлес қосып жатқанымды ел-жұртқа көрсеткім келді, – дейді Саят Ақбасов.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ