әңгіме өзегіне айналатын кеңес
Биылғы қараша айында елімізде «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның қабылданғанына бір жыл толды. Аталмыш заңның күшіне енуіне сәйкес республикамыздың барлық өңірлерінде аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі қоғамдық кеңестер құрылды. Олардың бір жыл ішінде тындырған істерінен қандай ой түюге болады? Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Ғұмарұлы САЛЫҚОВпен тілшіміздің әңгімесі осындай бағытта өрбіді.
– Ербол Ғұмарұлы, қандай істің де өз бастауы болады. Сонымен бірге, көп істің түйіні мен шешімі оның қалай аяқталғанына емес, көп жағдайда қалай басталғанына байланысты делінетін белгілі қағида да бар емес пе? Осы орайда, ең алдымен, қоғамдық кеңестің қызметі қалай басталғанына тоқтала кетсеңіз?
– Оныңыз рас. Әуелі бұл шіркінді бастау қиын деп осындайда айтылса керек. Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары мәселелерді елеп-екшеп, жоғары жаққа халықтың үнін жеткізу. Осы арқылы мемлекет пен қоғамға көмек беру. Бұл үшін, ең алдымен, қоғамдық кеңестер мен жергілікті атқарушы органдар арасында өзара іс-қимылға бағытталған байланыстарды орнықтырып, содан соң оны одан әрі тереңдету қажет деп таптық. Пайдасы мен шапағаты мол осындай қарым-қатынастар қазіргі күні қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен де орныға бастады. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестер өз жарғысына сәйкес жергілікті мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының қызметін бақылап, оның мөлдірлігіне және қолжетімді болуына ықпал жасай алады. Мұның бәрі алдын ала жасалған жұмыс жоспарына сай жүргізіліп келеді. Соған сәйкес қоғамдық кеңестің мәжілістері мен отырыстарында олардың есебін тыңдау тәртібі енгізілген.
Атап айтқанда, биылғы жылы осы ретпен өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы жөнінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің есебі тыңдалды. Сонымен бірге, аймақтық даму бағдарламасының жай-күйі және облыстағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы жөніндегі өзекті мәселелер де қоғамдық кеңестің назарына ұсынылды. Кейінгі кезеңде жайылымдар және оны тиімді пайдалану жөніндегі проблемалар көпшілікті, соның ішінде ауыл тұрғындарын селсоқ қалдыра алмағаны белгілі. Бұған қатысты заң жобасы барлық аудандық қоғамдық кеңестерде талқыланып, онда айтылған ойлы ұсыныс-пікірлер бір жерге жинақталды.
– Қоғамдық кеңестің негізгі ұстанымдары мен қағидаттарына сәйкес қолға алынған шаралар шоғыры қандай?
– Егер біздің алдымызда тұрған басты мақсаттың бірі кеңес қызметінің дербестігі мен ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету десек, бұл тұрғыда жерге қарап қалатындай жағдайда емеспіз. Қоғамдық кеңестің мүшелері үш жылға сайланады. Дегенмен, бұл қатып қалған нәрсе емес. Нендей іске де қоғамдық өмір өз түзетуін енгізіп отыруы табиғи құбылыс. Осы тұрғыда кеңес мүшелерін белгілі бір мерзім аралығында ротациялық жолмен ауыстырып, өзгертіп отыруды қажет деп санаймыз. Қазіргі күні кеңес құрамының үштен екі бөлігін азаматтық қоғамның өкілдері құрап отыр. Сондай-ақ, оның мүшелерінің арасында Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де бар.
– Қоғамдық кеңестің құрамында аузы дуалы, сөзі өтімді, елге сыйлы, абыройлы адамдар бар ма? Егер бар болса, олардың қатарында кімдердің аты-жөндерін атай аласыз?
– Бұл сауалыңызға тікелей жауап қайтармас бұрын алдымен облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері қалай жасақталатынына назар аударған жөн деп ойлаймын. Олар белгілі бір қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың және Азаматтық альянс өкілдері мен мемлекеттік органдардың ұсынысы бойынша кеңес мүшелігіне кіре алады. Бұған лайықты адамдар ұсынылғанына күмән келтіре алмаймын. Аудандық қоғамдық кеңестер жағдайында да осы тәртіп сақталған. Тағы бір өзгешелік олардың төрағалары облыстық қоғамдық кеңестің де мүшесі болып табылады. Осы орайда есімдері елге елеулі Орынғали Ермекқалиев, Әнуар Ғалымов, Любовь Шмарина, Шайдолла Әбуғалиев және Серік Таңатов секілді аудандық қоғамдық кеңестердің төрағасы мен облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі ретіндегі қызметін бір арнаға тоғыстыра білген ел мен жерге жаны ашитын жандардың аты-жөндерін ілтипатпен атай аламын.
Еліміздің әр өңірінде құрылған қоғамдық кеңестер нормативтік-құқықтық актілерді талдау ісіне де белсенді түрде қатысып жүр. Осы шеңберде біздің кеңестің жанынан алты комиссия құрылып, жұмыс істеп келеді. Олар қоғамдық өмірдің басты аясын қамтып, қоғамдық мониторингтер мен талдаулар өткізеді. Сонымен бірге, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және жастар саясатына қатысты жан-жақты жұмыстар жүргізеді. Бұл арада экономика секторы мен кәсіпкерлік саласына да жеткілікті көңіл бөлінген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық қорғау органдарымен бірлесе атқарылатын іс-қимыл жүйесі де назардан тыс қалған емес. Айталық, Жұмажан Қожжанов, Ғабрахим Жаңбырбаев және Әлия Сәлиева жетекшілік жасайтын комиссиялардың қызметі нәтижелі деуге болады.
– Сіз жоғарыда бір сөзіңізде кеңес мүшелері нормативтік-құқықтық актілерді жинақтап, талдайды деп қалдыңыз. Біздің түсінігімізде бұл тиісті мемлекеттік органдардың құзырындағы іс. Бұған не дейсіз?
Бұл мәселе жөніндегі пікірімді анығырақ әрі айқынырақ етіп айтып көрейін. Қоғамдық кеңестер – кеңесші әрі барлық мәселелерді өзара талқыға салып, ақылдасып кеңесіп шешетін орган. Мұнда қаралған мәселелер, соның ішінде нормативтік-құқықтық актілер бойынша біз тек ой-пікіріміз бен ұсынысымызды ғана енгізе аламыз. Ал түпкілікті шешімді қабылдау, өзіңіз айтқандай, тиісті мемлекеттік органдардың құзырындағы іс. Осы орайда тағы бір мысал келтіре кетуге тура келеді. Таяуда Орал қалалық қоғамдық кеңесінің мәжілісінде қоғамдық көліктердің тарифтері мен бағалары жөнінде мәселе талқыланды. Осыған байланысты кеңесші орган өз ұсыныстарын қалалық мәслихатқа жолдады. Бұл арада түпкілікті шешім алу тағы да Орал қалалық мәслихаты депутаттарының еншісінде.
– Түсінікті. Енді қоғамдық кеңестер бюджеттік қаражаттарды қалыптастыру мен оның орындалуын бақылауға қатысты қандай тұтқаларды қолданатынын айтып берсеңіз. Бұған нақты мысалдар келтіре аласыз ба?
– Бұл – өте өзекті мәселе. Елбасымыз мемлекеттік қаражаттың әрбір теңгесі босқа жұмсалмауын атқарушы органдарға мұқият тапсыруы да тектен-тек емес. Сондықтан бұл істен қоғамдық кеңестер де шет қала алмайды. Әсіресе, бюджет қаражатын бөлуді және оны жұмсауды талқылау кезінде біз оған міндетті түрде қатысуға тиіспіз. Өйткені, қазіргі кезде бюджеттік қаражат мәселесінің қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуынсыз жүргізілуі моральдық-құқықтық тұрғыдан да толыққанды бола алмайды.
Айталық, біз биыл өңірдегі 2015 жылғы бюджеттің орындалуын талқылауға қатысып, бұған байланысты өз ұсыныстарымызды жеткіздік. Ендігі кезекте қолымызға алдағы 2017 жылғы облыс бюджетінің жобасы қашан тиер екен деп елеңдеп отырған жайымыз бар. Мұны негізінен кеңестің арнайы комиссиясының мүшелері талқыламақ. Осы мәселеге орай ұсыныс-тілектері мен сын-ескертпелерін айтқысы келетін барлық тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін кеңестің арнайы мәжілісіне шақыруды ұйғарып отырмыз. Кейіннен осы түскен ұсыныс-пікірлердің басы біріктіріліп тиісті органдарға жолданбақ.
– Қазір қоғамда мүгедектердің мәселесі мен жай-күйіне жан-жақты мән берілуде...
– Ойыңызды түсіндім. Мүмкіндігі шектеулі жандарға өмір сүріп, еңбек етуі үшін жайлы да ыңғайлы жағдайлар туғызу – басты парыз. Бұған қатысты мәселелер жұмыс жоспарымызда қарастырылған. Қоғамдық кеңестің құрамында мүгедектердің ерікті облыстық қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов пен «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпаққұлова да бар. Олар таяуда өздерінің тиісті тілектерін қоғамдық кеңеске ұсынып та қойған еді. Қазір осыған орай өзге де қажетті материалдарды іздестіру үстіндеміз. Бұлар толық жинақталғаннан кейін аталған мәселеге қатысты жұмыс жоспарын жасамақпыз. Сөзімді түйіндей келе айтарым, тұрғындар мен кез келген ел азаматы бүгінгі жүргізіліп отырған мемлекеттік саясат пен қоғамға қатысты өз ой-пікірлерін қоғамдық кеңестер арқылы жеткізе алады. Сондықтан да олар осы мүмкіндікті пайдаланып, өз белсенділіктерін одан әрі көтере түскендерін қалаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы