09 Желтоқсан, 2016

Жүк ағынын ұлғайтуға уағдаласты

229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бакуде өткізілген темір жол әкімшіліктерінің басшылары Қ.Алпысбаев, Д.Гурбанов, М.Бахтадзенің жұмыс барысындағы кездесуінде Қазақстан, Әзербайжан, Грузия арасында жүк тасымалы көлемін өсіру туралы мәселе талқыланды, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың баспасөз қызметі. Кездесуге қатысушылар үш ел арасындағы Транс­каспий ха­лық­ара­лық дәлізімен 2017 жылы жүк ағынын ұлғайту үшін жұмсақ тариф саясатын ұста­нудың қажеттігін алға тартты. 2020 жылға қарай атал­ған бағытта контейнерлік пойыз мың данаға дейін жет­кізілмек. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев жұмыс сапары аясында «Грузия темір жолы» АҚ бас директоры Мамуко Бахтадземен, «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ төрағасы Джавид Гурбановпен екіжақты келіссөздер өткізді. Тараптар көлік және логистика салаларындағы өзара серіктестікті одан әрі дамыту, оның ішінде темір жол көлігі машинасын жасау жайын талқылады. Д.Гурбановпен кездесуде ағым­­­дағы жылы Әзербай­жан­ға «Ло­комотив құрастыру зауыты» АҚ-тың өнімі «Evolution» се­рия­сын­дағы 10 жүк тепловозы жі­бе­ріл­гендігі айтылды. Келесі жылдан бас­тап Әзербайжан теміржолына «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС өндірісінен шыққан электровоздар жіберіле бастайды. 2019 жылға дейін Әзербайжанға 40 электровоз жеткізу жоспарланып отыр. Кездесу соңында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ пен «Әзер­байжан темір жолдары» ЖАҚ арасында Темір жол көлігі машиналарын жасау саласындағы серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Темір жол көлігі машинасын жасау саласындағы серіктестік туралы меморандум «Грузия темір жолы» АҚ-пен де жасалды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев Душанбеге сапарында «Рохи охани Точикистон» МУК бастығы Комил Мирзоалимен келіссөз жүргізді. Кездесудің күн тәртібіне сәйкес темір жол көлігі машиналарын жасау саласындағы серіктестікті дамыту мен Тәжікстан аумағында жүктерді шоғырландыру және тасымалдау көлемін арттыру мәселесі қаралды. Сондай-ақ, 2017-2020 жылдары қазақстандық темір жол көлігі машиналарын тәжік темір жолына жеткізу туралы келісім жасалды.