09 Желтоқсан, 2016

Болашақ миллионерлер «Almaty Startup City» форумында бас қосты

191 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
damu2 Бүгін Алматыда «Almaty Invest 2016» IV Халықаралық инвестициялық форумы аясында «Almaty Startup City» форумы өтті. Осылайша оңтүстік шаһардың бизнеске бейім жастарын жинаған ауқымды жиынның маңызды да қызықты бөлігі жұма күні Алматы Менеджмент Университетінде жалғасты. Форум аясында қалада кәсіпкерлік орта қалыптастырып отырған бизнестің танымал өкілдері студенттермен сұхбат алаңын құрды. Жиынға «Almaty Invest 2016» форумына келген шетелдік қонақтар да қатысты. damu1 «Алматы қаласы Қазақстан табысының 20 пайызын береді. Алайда, бізде мұнай өндірмейді, өнеркәсіп және жоқ. Қала – кәсіпкерлердің арқасында дамуда. Оңтүстік астананың алдағы дамуы, Ақылды қала (Smart City) жобасын жасау – Алматының жеткен жетістіктерімен шектелмей, ішкі өнімді 30 пайызға жеткізу керек екенін түсінудің өзі жақсы. Біз бұл мақсатқа жетуді жеңілдететін –  «Даму» қоры мен Алматы даму Орталығының жақсы жобалары мен бірегей стратегиясын, Алатау инновациялық технологиялар паркін көріп отырмыз. «Енді бізге не жетпейді?», «Бұларды кім атқарады?» сауалына жауап жетіспей тұр. Ең бастысы да –  осы. Бұл жерде білімді, креативті, жаңаша ойлай білетін, жігерлі – кәсіпкерлер қажет. Осы қасиеттердің бәрі жастарға тән. Сонымен қатар, кәсіпкерлік, инновациялық экоқұрылым керек. Кәсіпкерлік мәдениет, студент жастардың синергиясы мен жақсы сапалы білім – міне, бізге ең басты бізге керегі осылар», – дейді Алматы Менеджмент Университетінің президенті Асылбек Кожахметов. damu3 Әрине, бизнес бастауды армандау бір бөлек те, оны шын мәнінде жүзеге асыру – кеңес беру, бағыттау, қаржылық қолдау өте маңызды шарт. Сондықтан форумдағы «Даму» Қоры өкілдерінің қатысуы өзекті болды. Мүдделі жиында «Даму» Қорының Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Ғабит Лесбеков елде жас кәсіпкерлердің 2 мыңға тарта жобасы «Даму» Қорының бағдарламалары бойынша қаржыландырылып, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында 34 мыңнан астам жас кеңес алғаны туралы мәлімдеді. damu5 «Даму» Қоры «Almaty Startup City» форумына қатысқан студент жастарға «Жаңа бизнес ашуды қолдау» және «Студент жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау» жобаларының тиімділігі туралы баяндады. Сондай-ақ форум аясында өткен көрмеге 24 инновациялық жоба ұсынылды. Бұлардың көпшілігі – «Ақылды қала» жобасының шешімдері. Мәселен, Алматының интерактивті картасы, ғаламторлық қалалық сымсыз желілер, жасыл экономикаға жұмыс істейтін «ақылды» аялдамалар. «Almaty Startup City» жиынында қатарлас өткен сессияларда «Кәсіпкер әлемді қалай жаулайды?», «Шығармашылықтан бизнес жасауға бола ма?», «100 инженерге және 100 ұялы өнімге барар жолда», «Студентке қалай миллион табуға болады?» деген тақырыптарда бизнес-дәрістер жүрді. damu4 Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».  АЛМАТЫ