Ұлттық музейде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтіп, оның соңында музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты ұмытыла бастаған 25 ұлттық тағамды келушілердің назарына ұсынды.
Өмір өзгереді, тұрмыс өзгереді, бір кездері баба қазақтың сүйіп ішкен асын бүгінгі бала қазақ қадірлей ала ма? Неге қадірлемесін, санасы бодандық ойдан азат, тәуелсіз қазақ ұлттық мәдениеттің бөлшегі саналатын ұлттық тағамдарын түгендеп, ұмытыла бастағандарын жаңғыртып, «төңкерме», «ағлан», «өрметөс», «үлпершек», «жөргем», «ханзада қуырдағы», «сүбе орамасы», «балғын сүр ет», «қимай», «тоқжүрек», «мишұжық», «шыж-мыж», т.с.с. 25 ұлттық тағамды ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, еліміздегі шетелдердің елшілері мен мемлекет және қоғам қайраткерлерінің алдына тартып жатса?!
Мәселен, халқымызда «мың сіз-бізден бір шыж-мыж артық» деген сөз бар. Жиі айтылғанымен, байыбына бара бермейтін осы сөздің артында ұлттық ас жатқанын біле бермейміз. Жаңа сойылған малдың бүйрек және шарбы майларына бүйрек пен өкпені қақтап, лезде әзірленетін бұл дәм жедел түрде сый көрсетудің әдемі үлгісі десек, «тоқжүрек» аталған тағамның да дайындалу әдісі бөлекше екен. «Бұл жылқының, сиырдың жүрегін жарып, арасына дәмдеуіштермен қоса ұсақтап туралған бүйрек, бауыр салынып, қазанда бұғып піскен дәруменге бай, пайдалы тағамның бір түрі», дейді солардың бәрін ел аралап жүріп бірлі-жарым білетін адамдардан тірнектеп жиған зерттеуші Камал Әлпейісова.
Халқымыздың қонақжайлығын көрсететін, мейманын қадірлеп, неше түрлі тағам әзірлей білетіндігін танытатын «ханзада қуырдағы» асқабақтың ішінде дайындалса, «балғын сүр» құдаларға, аса сыйлы қонақтарға жаяның сүр етін сүтке салып пісірумен ерекшеленген. Дәмі тіл үйірер, таңдайыңда көпке дейін табы қалып, ұлттық дастарқан мәзірінің байлығын паш етіп, дәм татырған көрменің қызығы мол болды.
Қазақ тағамтану академиясының президенті академик Төрегелді Шарманов жиналғандарға ұлттық тағамдардың пайдалылығын, оның ішінде адам ағзасына зиянды трансмайлары жоқ бие сүтінің құндылығын айтып, жақында ғана 5 мың каталондықтың саумалды күніне рюмкалап қана ішуімен көптеген ауру түрлерінен жазылғаны жайында зерттеудің қорытындысы келгенін жария етті. Ол, сонымен қатар, бие сүтінен жасалған балмұздақтың қасиетін айтып берді. Әлем балдай балмұздақты қантсыз жасай алмайды, ал қанттың ағзаға тигізер зияны бар, тек Қазақстанда ғана қанты жоқ балмұздақ шығару басталды. Бұл дегеніміз – тағамтану ғылымының жеңісі, зиянды транс-майсыз балмұздақ – таза Қазақстан өнімі, оның болашағы да зор, деді тебіреніспен.
Күні ертең жан-жақтан мейман ағылар ЭКСПО қарсаңында ұлттық мәдениетіміздің байлығын жария еткен тағам көрмесі сол алда өтер ұлы жиында жалғасын тауып, мейрамханалардың ас мәзіріне орнықса деген пікірлерін айтты риза көңілмен тарасқан жұрт.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»