Еуразиялық Топ құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Екпінді еңбек вахтасы» атты онкүндіктің өтуі барысында 10 күнде зауытта 20 мың тоннадан астам ферроқорытпа өндірілді.
Жалпы, алып кәсіпорындағы өндірістік кәсіби жарыс жыл сайын қалыптасқан дәстүрге айналған. Ферроқорытпа зауытының металлургтері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өндірістік жетістіктермен қарсы алмақ. Биылғы жылы осындай мақсаттағы өндірістік жарыстар 6-шы рет өткізіліп, әртүрлі жас аралығындағы 400-ден астам металлург қатысты. Олар – жоғары көміртекті феррохромды, ферросиликомарганецті, ферросиликохромды және ферросилицийді қорытатын зауыттағы 24 қуатты пеш агрегаттарының балқыту цехтарының жұмысшылары. Конкурстың комиссиясы тек өндірістік көрсеткіштерді ғана есептеп қоймай, жұмыс орнындағы қауіпсіздік техникасын сақтау, тәртіпті және учаскелердің тиісті деңгейде болуларын да назарға алады. Жұмыс барысында №6 пештің балқытушылары бірде-бір ескерту алған жоқ.
Еуразиялық Топтың құрамына кіретін еліміздегі «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты алып кәсіпорындар қатарында. Өндіріс орнында 7 мыңдай адам еңбек етуде. Жылына 1,2 миллион тонна ферроқорытпа өндіретін зауыт біздің елімізде ғана емес, әлемдік металлургия нарығындағы алып кәсіпорындардың бірінен саналады. Биыл зауыттың №1 балқыту цехында күрделі жөндеуден өткен №15 пеш пайдалануға берілді. Зауыт директоры Сергей Прокопьевтің айтуынша, ескі пешті жөндеу жұмысы шілде айында басталыпты. Бұл алып пеште жоғары көміртекті феррохром балқытылады. Енді жаңғыртылып, жөнделіп, жаңа заманауи жүйе қондырғылармен жабдықталды. Яғни, механикалық, гидравликалық және энергетикалық қажеттіліктері автоматтандыру жүйесіне ауыстырылды. Алып электр пешінің күрделі жөндеуі зауыттың инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асты. Пешті жаңа заман талаптарына сай жабдықтауға, жаңартуға салынған инвестиция көлемі 1,4 млрд теңге. Металлургия саласындағы озық құрал-жабдықтар орнатылды. Қауіпсіз әрі экологиялық жағынан таза. Заманауи технология, жаңа пештің қосылуы зауыттықтар үшін өнімділікке, үнемділікке үлес. Пеш жылына шамамен 50 мың тонна жоғары көміртекті феррохром өндіреді.
– Негізгі және қосалқы жабдықты үнемі жаңалап тұру – кәсіпорынның табысты дамуының кепілі. Екіншіден, қоршаған ортаны және еңбекті қорғау саласындағы заманауи талаптар ескеріледі. Күрделі жөндеу кезінде пеш қайтадан жаңаланып, реттеледі. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын зауыт мамандары жүргізді. Қазір зауыттағы ең қуатты құрылымы №6 цехты қайта жаңғырту жұмысына дайындық жасалуда, – дейді Сергей Прокопьев.
Өндіріс орнындағы мақсатты инвестициялық бағдарламалар тиімді орындалуда. «Қазхром» компаниясының қуатты инвестициялық бағдарламасы барлық филиалдарға жоспарлы жөндеулерді уақытында жасауға, жабдыққа кезеңмен жаңарту жүргізуге, экологиялық бағдарламаны жүзеге асыруға, зауыттықтардың еңбек жағдайларын жақсартуға, еңбек өнімділігін және жоғары сапалы өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беруде. Зауытта өндірісті жаңғырту, қайтадан жарақтандыру жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде.
– Біз үнемі балқытушылардың Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен мамандығы бір екендерін мақтанышпен айтып жүреміз, – дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьев. – Және жыл сайын кәсіпорында мерейтойларға арнап «Екпінді еңбек вахтасы» онкүндігін өткіземіз. Бұл өндірістік жарысты біз кәсіби шеберліктің байқауы деп есептейміз. Үздік металлургті анықтау ғана емес, сондай-ақ олардың еңбек жетістігіне жетуілеріне де ықпалын тигізеді. Ал металлургтер үшін Тұңғыш Президент күніне орай марапатқа ие болу – үлкен мәртебе, бәрінен де маңызды.
Сөйтіп, жарыс соңында №25 пештің металлургтері №2 цехтың үздік бригадасы атанды. Ал ең жоғары өндірістік көрсеткіштер №1 балқыту бөлімшесінің №16 агрегатына тиесілі болды. №6 цех көшбасшысы құрметін №62 пештің металлургтері иеленді. Зауыт бойынша №43 пеш жұмысшылары «Үздік бригада» атанды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы
Ақсу қаласы