Мәскеуде тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық дамуының қорытындылары талқыланды
9 желтоқсанда М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің Азия және Африка елдері институтында Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып «Қазақстан әлемдік тарихта: мәңгілік құндылықтар мен жаңа көкжиектер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі.
Конференция ресейлік ғылыми және сарапшылар қауымдастығының шынайы қызығушылығын туғызды. Оған белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, саясаттанушылар, журналистер қатысты. Конференция мақсаты – ХХ ғасырдың соңында еуразиялық кеңістікте, қарқынды дамушы демократиялық мемлекет ретінде көрініс тапқан Қазақстанның дамуы мен қалыптасуының тарихи кезеңдерін оқып, зерттеу.
– Біздің конференция атауында «жаңа көкжиектер» деген сөз бар. Егер Қазақстан туралы айтар болсақ, осыдан ширек ғасыр бұрын жаңа көкжиектер түсініксіз, айырмасы көмескі еді. Бүгінде жағдай басқа. Өткен жылдар бойына Қазақстанның жаңа тарихына қатысты, Ресей мен Қазақстанға қатысты белсенді ғылыми ізденістер жүріп жатты. Бұл тақырып белсенді қызығушылық туғызады, оны танып-білуге барған сайын жаңа мамандар қосылуда, – деп атап өтті М.В.Ломоносов атындағы ММУ ААЕИ президенті, тарих ғылымдарының докторы
Михаил Мейер.
Республиканың жетістіктері туралы конференцияда Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің Кеңесші-елшісі
Марат Сыздықов егжей-тегжейлі баяндама жасады. Ол Қазақстанның ширек ғасырда мемлекеттілігі мықты, ұлттық экономикасы өркендеген, саяси тұрақты, бүкіл ұлттар мен конфессиялар азаматтарының татулығы мен келісімі жарасқан егемен ел ретінде қалыптасқанын атап өтті.
– Елде мемлекеттік егемендіктің саяси және құқықтық негіздерін нығайтқан тарихи маңызды жаңғыртулар жүргізілді, – деді М.Сыздықов. – Олар жаһандық сын-қатерлерге жауап беруге және бүкіл қоғам мүддесін жүзеге асыруды қамтамасыз етуге қабілетті мемлекеттік құрылыстың тиімді жүйесін құруға жағдай жасады. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан экономикада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Біздің айрықша бәсекелестік артықшылықтарымыз – орасан зор табиғат байлығы, ауылшаруашылық, коммуникациялық және транзиттік әлеует – елдің экономикалық табысының негізіне айналды.
Ол Қазақастанның қысқа мерзім ішінде мемлекеттер жүздеген жылдар жұмсайтын ара қашықтықты еңсергенін атап көрсетті. Ел ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды және жауапкершілікті мүшесіне айналды. Күрделі тарихи жағдайларда Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың мойындауына, халықаралық позицияларды айтарлықтай нығайтуға қол жеткізе алды, – деп атап өтті дипломат.
– Сөз жоқ, осылардың бәрінің артында ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған бүкіл Қазақстан халқының орасан зор және көп қырлы жұмысы тұр, – деп толықтырды ойын М.Сыздықов.
Ресей Шығыстанушылар қоғамының вице-президенті, РҒА Шығыстану институты Шығыс тарихы бөлімінің меңгерушісі
Дмитрий Васильев қазақстандықтарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады және қазақ мемлекеттігі түп тамырының ғасырлар тереңіне кететінін, оған тарихи және архив құжаттары, атап айтқанда, қазақ хандарының дипломатиялық жазбаларының куә екенін атап көрсетті. Ол елдің тәуелсіз даму идеясын талдап, жасаған ХХ ғасыр басындағы либералды қазақ интеллигенциясының маңызын да назардан тыс қалдырған жоқ.
Бүгін, деп мәлімдеді ол, қазақ мемлекеттілігі жаңа сипатқа ие болды. Қазақстан Республикасы жоғары экономикалық даму деңгейімен, ішкі тұрақтылығымен ерекшеленеді, ел халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесіне, ал елордасы Астана болашақтың қаласына айналды. Д.Васильев қазақстандық ғалымдардың түркітану ғылымына қосқан үлесін ерекше атап көрсетті. Қазақстанда іргелі еңбектер басып шығаратын Түркі академиясы жұмыс істейді, ал елдің өзі болса бүгінде ғылыми түркітануда бірінші рөлге ие болып отыр.
ААЕИ президенті Михаил Мейер «Еуразияның соңғы көшпелі империясының тарихи тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, онда Қазақстанның тарихи тәжірибесіне талдау жасады. XV-XVIII ғасырлардағы Қазақстанның көшпелі мемлекеттілігінің әскери-саяси тұрақтылығын ол маңызды сипат ретінде атап көрсетті. Ресейдің Қазақстанға соңғы дәуірдегі негізінен алғанда оң ықпалы мен қазіргі уақыттағы Ресей – Қазақстан қарым-қатынастарының өзара жемістілігі оның сөйлеген сөзінің одан арғы шешуші тезисіне айналды.
Ол алпысыншы жылдардағы оның замандастарына аса көрнекті қазақ жазушысы Олжас Сүлейменов шығармашылығының, атап айтқанда, «Аз и Я» кітабында айтылған оның «Игорь полкі туралы сөзге» көзқарасы үлкен ықпал еткенін еске салды.
– Жазушының біздің қарым-қатынастарымыздың тарихын университет ғалымдарынан әлдеқайда жақсы білетіні белгілі болды, – деп атап өтті М.Мейер.
Оның пайымдауынша, Олжас Сүлейменовке Мәскеу университетінің құрметті ғылым докторы атағын беру туралы ММУ-дың Ғылыми кеңесіне өтініш айту бүгінгі конференцияның нақты нәтижелерінің бірі болар еді.
ҰҚШҰ бас хатшысының орынбасары
Аманжол Жанқұлиев Ұйымның өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі туралы баяндады. Оның айтуынша, барлық бағыттар бойынша ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бүкіл еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің шарты болып табылады.
БҚПЗО бас директоры
Валерий Федоров ұсынған «Қазақстан ресейліктер көзімен: жетістіктер, проблемалар, мүмкіндіктер» атты социологиялық баяндамада ресейліктердің соңғы бес жылдағы Қазақстанға қарым-қатынасының динамикасы көрініс тапқан.
Оның сөзіне қарағанда, сұрау салынған ресейліктердің жартысы Қазақстанды посткеңестік елдердің ішіндегі аса табыстысы санаса, соңғы жылдары бұл санның үштен бірге өскені байқалады. Респонденттердің 53 пайызы Қазақстанды ең сенімді серіктес деп есептейді, сондай-ақ, бұл жерде соңғы үш жылдағы күрделі геосаяси оқиғаларға қарамастан, оң серпін айқын аңғарылады. Ресей азаматтарының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім рейтингі де айтарлықтай өсіп, 32-ден 45 пайызға көтеріліп отыр. Интеграциялық үдерістерге баға беруде ресейліктердің 57 пайызы Беларусьпен интеграцияланғанды дұрыс деп санаса, 47 пайызы Қазақстанды атайды.
Ресейліктердің бауырлас халық деп кімді санайтыны туралы сұраққа жауабы да адам таң қаларлық. Қазақтар осы рейтингте үштікке енген жалғыз славян емес халық болып табылады. 14 пайыздық бұл көрсеткіш сербтерге, поляктар немесе болгарларға қарағанда (3-5 пайыз) бірнеше есе көп.
– Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас мемлекетаралық, ресми сипатқа ғана ие емес, сондай-ақ халықтар, ұлттар, адамдар арасындағы берік тұғырнамаға негіз қалайды,– дейді осы орайда В.Федоров.
Ресей халықтар достығы университетінің бірінші проректоры
Нұр Қирабаевтың пікірінше, осы жолғы конференция Қазақстанның бұрынғысын ой елегінен өткізуге және оның болашағына көз жүгіртуге ұмтылыс болып табылады.
– Қазақстанның өркениетті таңдауы үлкен маңызға ие,– деп атап көрсетті Н.Қирабаев. – Қазақстанның даму жолын түсіну үшін оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында», «Қазақстан жолы» және басқа еңбектері мен туындыларын оқып-үйрену маңызды. Олар Қазақстанның тарихын, саясаты мен мәдениетін тамаша ашып көрсетеді.
Ғалым, сондай-ақ, Қазақстанның ұлттық идеясының шешуші ерекшеліктері – этностық немесе діни ұстанымындағы айырмашылығына қарамастан, барлық азаматтың теңдігі екенін еске салса, бұл жайт «Мәңгілік Ел» стратегиялық бағдарламасында көрініс тапқан.
Ресей Ауыл шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының профессоры
Вячеслав Михайлов Қазақстанның ұлттық мемлекет қалыптастыруда айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін айта келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді институттың рөлі ерекше екенін атады.
– Қазақстан Ресей мен Батыс арасындағы қарама-қайшылықты шешуде ерекше рөл атқара алады,– деп мәлімдеді ғалым. – Қазақстан мен оның Көшбасшысының беделі осы үдерісте локомотив бола алады.
Оның сөзіне қарағанда, Президент Назарбаевтың Еуразиялық интеграция туралы идеясы посткеңестік кеңістіктегі интеграцияға ғана емес, Шығыс пен Батыс интеграциясына бағытталып отыр. Еуразиялық біртекітілік идеясы бірте-бірте қазіргі заманғы Еуропада да «қабылдануы» әбден мүмкін, дейді В.Михайлов.
ММУ-дің Азия және Африка елдері институтының халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының меңгерушісі
Виталий Мельянцев Қазақстанның табыстары өзінің нәтижелілігі бойынша бірегей екенін мәлімдеді. Сөзіне айғақ ретінде ол мынадай цифрларды мысалға келтірді.
– 2015 жылы Қазақстан бай және айтарлықтай дамыған елдер тобына енді, – деп хабарлады ғалым. – Соңғы 15 жыл бедерінде қаржы салу тиімділігі Ресей мен Үндістандағыдан жоғары, осының өзі елдің айтарлықтай ілгері кеткенін айғақтайды. Ішкі жалпы өнімде жинақталған инвестиция көлемі 1993 жылғы 5 пайыздан 2015 жылы 65 пайызға өсті. Жиынтық еңбек өнімділігі туралы айтсақ, Қытай мен Қазақстан арасындағы айырмашылық болмашы ғана. Адам дамуы индексі бойынша Қазақстан Ресеймен теңессе, Түркияның, Таяу және Қиыр Шығыс елдерінің алдын орап тұр.
Айтылғандарын қорытындылай келе, В.Мельянцев Қазақстан табыстылығының төрт факторын атады. Олар: Назарбаевтың тиімді көшбасшылығы, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар, мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесі және сапалы адам әлеуеті.
Пленарлық мәжіліс пен секциялық кеңес шеңберлерінде ғалымдар Қазақстанның тарих толқынындағы феноменін жан-жақты түсіндіруге әрекеттеніп, ел дамуының заманауи кезеңіндегі табыстарының сырын ашуға ұмтылды.
Олардың пікірлерінше, егемен даму жылдарында Қазақстан бәсекеге қабілетті экономикалық жүйе қалыптастырып, конфессияаралық келісім мен азаматтық татулықты қамтамасыз етудің тиімді моделін құра білді, жаңа астана салып, әлемдегі аса дамыған 50 елдің қатарына енді, ең ауқымды «2050» Стратегиясы мен «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға кірісіп кетті.
Конференцияға қатысушылар Қазақстанның ірі дипломатиялық жеңістерге қол жеткізгенін де атап көрсетті. Сарабдал сыртқы саясатының нәтижесінде республика позитивті және конструктивті күн тәртібі бар халықаралық қатынастың жауапкершілікті субъектісі деген жақсы атқа ие болды. Қазақстанның жаһандық және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі ерекше атап көрсетілді. Нақтылай түссек, елдің халықаралық еңбегін танудың белгісі ретінде Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті өткізілуі мен Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануын айтуға болды.
Бұдан бөлек, республиканың ядролық қаруды таратпау үдерісінде көшбасшы болып табылатыны, еуразиялық интеграцияның бастамашысы әрі идеологы болып отырғаны, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру туралы халықаралық бастамалары ерекше атап өтілді.
Пікірталас барысында сарапшылар Қазақстан бай, тарихи өткені, айтарлықтай мәдени мұрасы және таң қалдырарлықтай экономикалық әлеуеті бар тұрақты және табысты мемлекет ретінде үлгі бола алады деген ортақ пікірге келді.