Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халқымызға арнаған былтырғы Жолдауында «Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар... Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек», деп атап көрсетті. Дағдарысты кезеңдерде тәуелсіздігін жариялаған бүгінгі табысты Қазақстан кедергілер арқылы кемелдікке жететінін талай мәрте дәлелдеген. Оған мың-сан мысал келтіруге болады.
Сол мысалдардың ішінде жүретін журналист қауымы ел ішінің үлкен өзгерістер құшағында екендігін, тіршіліктің мәні, ырыс қадамының ырғағы бөлектігін алдымен байқап, қуанышпен қалам тартатыны сондықтан. Мемлекет басшысы айтқандай, отандастарымыз уақыт талабына бейімделе алатын жоспар құруға машықтанған. Өйткені, тәуелсіз елдің тұрғындары болашақтың экономикасын тиімді ғылыми-инновациялық жүйе құру арқылы ғана жасауға болатынын біледі. Бұл сенім аймақтарда желпініс тудырғаны ғанибет. Мәселен, мемлекет қолдауына сүйенген Ерейментау ауданы ауыл экономикасын әртараптандырудың бұрын болмаған ғажап үлгісін танытып отыр. Мұнда Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тойланатын жылда өндірістік сипаттағы жел электр стансасы пайдалануға берілді. Тәуелсіздіктің тағылымды тартуы дегеніміз осы!
Бұл жолы да бастамашы Елбасының өзі болды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың маусымында еліміздің «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұғырнамасын бекітті. Аталған жаңашыл құжат мұнай, газ, көмір сияқты дәстүрлі байлықтарымызды тиімді пайдалануды, ең бастысы, шексіз мүмкіндіктегі жел және су ресурстарының қуатын игілікке жаратуды көздейді. Осы бағыттағы жобалардың бірі «Самал» жел паркі деген атаумен Ерейментау ауданында іске асырылып отыр.
Ерен жобаның мәні мен мазмұнына келер болсақ, аудан әкімі Ермек Нұғыманов төмендегідей пайым айтты: «Ел Тәуелсіздігі еркін дамуға жол ашумен қатар, қолда барды ұқсата білуді, ертеңгі есіктеріміздің алаңсыз ашылуын да қамдайды. «Қолда бар» дегеніміз – баламалы қуат көздері. Қазақстан тынысының тереңдігімен, Көшбасшысының көрегендігімен, болашағының кемелдігімен әлем назарына ілініп отыр. Қазақтың қайтпас мінезі – отыздықтан орын алу. Бұл орайда, жаһандық экономикалық сынақтарды былай қойғанда, ЭКСПО-2017 емтихандары баршамызды толғандыратыны белгілі. Өйткені, әлем назарындағы аламан шараның ұраны баламалы қуат көздері болып отыр. Еліміз бұған дайын екендігін көрсету үстінде. Ал «жасыл технологияларға» негізделген жаңа энергетиканы белсенді дамытуға кіріскеніміз ішкі-сыртқы ресурстардың толымдылығын байқатады».
Иә, шын мәнінде, бұл жоба Елбасы Н.Назарбаевтың дәуір додасында алға қойған міндеттерді жүзеге асырудың жолашары болып отыр. «Мәңгілік Елдің» басты ұстанымы – «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» да осыдан екпін алатыны белгілі. Ендеше, «Бірінші жел электр стансасының» материалдық қана емес, көп векторлы қанаттандырушы маңызы да орасан. Оның үстіне, Ерейментаудағы айрықша жоба баламалы және жаңартылған қуат көздері арқылы елімізде пайдаланылатын қуат жиынтығының жартысын қамтамасыз етуге бағытталған. Мақсат – жылу-энергетикалық ресурстардың жалпы шығынын төмендету, экологиялық ортадағы ықтимал әсер деңгейін мейлінше азайту арқылы үдемелі әрі тиімді қуат құрылымдарын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, аталған жоба Ақмола облысындағы электр қуатына сұраныс пен оған деген тапшылықты елеулі түрде төмендетуге мүкіндік береді.
Сонда ел назарындағы нысанның техникалық сипаттамасы қандай деген сұрақ баршамызды қызықтыратыны анық. Бұл сұраққа «Бірінші жел электр стансасы» ЖШС жоба менеджері Әлижан Құрмановтан төмендегідей жауап алдық. «ЖЭС аумағы 60 гектарды алып жатыр. Мұнда Германияның «Fuhrlander Wind Technology» фирмасының әрқайсысы 2,05 МВт қуаттағы 22 турбинасы орнатылды. Құрылыс алаңына мұнаралар мен қалақшалардың 12 топтамасы жеткізіліп, 19 жел қондырғысы тұрғызылды. Барлық 22 технологиялық алаң жұмысқа толық дайындалған. Қосымша жабдықтары қарастырылған 63000 кВА қуат трансформаторы орнатылды. Осымен бір мезетте құрылыс алаңына Ерейментау подстансасынан 4 шақырымдық 10 кВт, KEGOC жүйесінен негізгі подстансаға дейінгі 220 кВт қуаттағы 8 шақырымдық әуе желісі тартылып, 20 шақырымдық жол салынды. Құрылыс жұмыстарына 162 адам қатысса, нысан іске қосылғанда ондағы технологиялық процестерді 9 маман атқаратын болады. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобаның жалпы құны 18 миллиард теңгеден асады. Жел электр стансасына жұмсалған шығын 8 жылда өзін ақтайды деп күтілуде. ЖШС алғашқы мезеттегі 45 МВт қуатты келешекте 300 МВт-ға жеткізуге сенімді», дейді маман.
Елді елең еткізерлік, өңірді елге танытарлық нысан көңілді көкке өрлетерлік әсер қалдырады. Ерейментау қаласының оңтүстік-батыс өңірінде, таулы-қыратты ашық алаңда зәулім ебелектер зыр-зыр айналуда. Тарихы терең Ереймен елі мұндайды көрмеген. Әлгі ебелектер ғасырлар тынысына жаңа екпіндегі әсем әуез қосқандай қосыла тербелесіз. Қазақстанның ғажайып болашағына құшақ жайған тебіреніспен еніп бара жатқандай күй кешесіз...
Қызыққанымыз ба екен, желдей ескен көңілмен аудан әкіміне мынадай сұрақ қойғанбыз.
– Қазақстандағы жел энергиясының әлеуетін молайтуда Ерейментауға таңдау түсуі қалай?
– Бұл тыңғылықты зерттеулерге негізделген мәселе, – дейді Ермек Бекенұлы. – Арқа төсінде айрықша артықшылыққа иеленіп отырмыз деу жараспас. Осы орайда Асан қайғы атамыздың аңыз ретінде айтылатын мына сөздеріне құлақ түрген артық емес сияқты. Жақсылық жібі үзілмеген, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бір әңгіменің түпкі төркіні бүгінгі заман жаңалығымен толық үйлесім тапқандай. Асан қайғы бабамыз кезінде желмаясымен жолға шығып, жерұйық іздеп, Ерейменнің төңірегінен өткен сәтінде: «Жарықтық, бұл өңірдің жеті есігі бар екен-ау. Жыл он екі ай айналасынан жел уілдесе де, халыққа жайлы қоныс, малға ыңғайлы өріс боларлық құтты өңір екен. Баурайында жайлаған мал оңалар, шүкір, елдің тұрмысы да көш ілгері болар», – деп сипаттаған деседі. Үкімет басшылары мен ғалымдарымыз, өндірістің жаңашыл ұйымдастырушылары осы байламға тоқтам жасағанына ризамыз.
Біз үшін басты қуаныш «Болашақтың энергиясы» ұранын көтерген ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Ерейментау ЖЭС өндірілген электр қуатын пайдаланатындығы. Бұл ел үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін әрі естен кетпес мерейлі оқиға болмақ. «Мәңгілік Ел» ұстындарын нықтап жатқан Қазақстан міндет үдесінен абыроймен шығатыны анық.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы