10 Желтоқсан, 2016

Жастары мықты ел ертеңіне алаңдамайды

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыдағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдығы мен Тұңғыш Президент күніне орай «Тәуелсіз елдің жастары – Ұлы Дала елінің тірегі» атты салтанатты кеш үлкен табыспен өтті. Білім және ғылым министр­лігінің, Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің өкілдері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер, ЖОО жетекшілері және білім мен ғылым, мәдениет салаларының үз­дік қызметкерлері мен ардагерлері қатысқан мерекелік іс-шарада еліміздің және аталған оқу орнының Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктері туралы театр­ландырылған тарихи көріністер, сондай-ақ, университет жанын­дағы Студенттер ассамблеясы мен Алматы қаласы ұлттық мәдени орта­лығымен ұзақ жылдар бір­лесе атқарған жұмыстарының нәти­желері көрініс тапты. Рухани тағылымы мол мереке­лік бағдарлама Әнұранмен басталып, университет жанындағы А.Жұбанов атындағы халық аспаптар ор­кес­трі­­нің орындауындағы құй­қыл­­жыған күйге ұласты. Одан әрі 1-курс студенттерінің сахна­лауы­­мен аталған оқу орнының теле­с­ту­диясында дайындалған еге­­мендікке жету жолында халқы­мыздың басы­нан өткен әр жылдарды баян­дай­тын көркемсуретті және дерек­ті фильмдерден үзінділер театр­лан­дырылған көріністермен өріліп отырды. – Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке бүгінгі ұр­пақтың қолы жетті, – деді 1-курс студенттеріне «Білім кілтін» тап­сырып, сәттілік тілеген ҚазҰАУ рек­торы, ҰҒА вице-президенті, ака­демик Тілектес Есполов. – Тәуел­сіздіктің арқасында іргеміз бүті­нделіп, еңсеміз көтерілді. Қазақ­стан өркениетті мемлекеттер қатарына қосылды. Ұлы Дала төсін­де ынтымақ пен береке орнады. Елімізді әлем мойындады. Бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатының нәтижесі. Ен­дігі мақсатымыз – қасиетті Тәуел­­сіз­діктің тұғырын берік, ке­ле­шегін кемел ету. Ал еліміздің ке­мел келе­шегі жастардың қолында. Заман­ға сай даму үшін жаңа техно­ло­гияларды игерген, жаңаша ой­лай­тын білімді жастар қажет. Сон­дық­тан, Мемлекет басшысы ел жас­тарына әлемдік деңгейде білім алуы­на барынша жағдай жасап келе­ді. Озық білім мен ғылымды игер­ген жастар – еліміздің ертеңгі тірегі. Мерекелік кештің жоғары деңгей­де өтуіне қазақ эстрадасының таны­мал әншілері Ә.Кәрімов, С.Иб­рагимов, А.Әлекешов, Е.Құдай­бер­генов атсалысып, әннен шашу шаш­са, университет жанындағы «Гүл­бану» ән-би ансамблі, «Эстра­да» үйі­р­месінің талантты жастары да әуе­лете ән шырқап, мың бұра­ла биледі. Студенттер арнайы дайын­даған зама­науи флешмоб-би фор­матында оқу орнының әнұранын орындады. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ