10 Желтоқсан, 2016

Медициналық мүліктерімен мақтаулы «Терра Вита»

148 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
terra-vita Тәуелсіздіктің 25 жылдық табысы – толайым. Әсіресе, Елбасы жүктеген импорттық өнімдерді алмастыруға жол тапқан қазақстандық тауарөндірушілер толқыны қуантады. Келер жылы құрылғанына 10 жыл толатын семейлік "Терра Вита" жауапкершілігі шектеулі серіктестігін де осы қатарға қосуға болады. Оның қызметі еліміздегі медициналық мекемелерді заманауи медициналық құрал-жабдықтармен және жиһазбен қамтамасыз етуге бағытталған. 2007 жылы тіркеліп, үш жылдан кейін медициналық техника өндірісіне лицензия алған жаңа нысан "Қазақстанның үздік тауары" байқауына үш мәрте қатысып, 2010 және 2011 жылдары қатарынан "Жаңа өнім түрлерін шығарғаны үшін" дипломдарымен марапатталса, 2012 жылы өңірлік көрме байқауында "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар" аталымы бойынша үштікке енген-ді. – Біз халықаралық стандарттар мен әлемдік жетекші компаниялардың жұмыстарын зерделей отырып, ішкі нарық пен одан тыс жерлерде отандық өндірушілеріміздің оң келбетін қалыптастыруға өз үлесімізді қосып келеміз, – дейді компания директоры Насихат Исабаева. Әрине, жүйрік уақытпен бірге медициналық техника мен жиһаздың сапасына, қызметіне қойылатын талаптар күшеюде. Сондықтан заман үдесінен шығуды көздеген "терравиталықтар" бұл саладағы жаңа да озық дүниелерді қадағалап қана қоймай, қысқа мерзім аралығында жоғары технологияларды өндіріске енгізуге күш салуда. – Бүгінде зауытта өндірісті ұйымдастыруға қажетті инфрақұрылымның барлығы бар, оның ішінде өндірістік желілердің техникалық жабдықталуы ойдағыдай жүзеге асырылды және даярлықтан өткен білікті мамандар құрамы жеткілікті. Тауардың шыққан жері туралы сертификат алу мен мемлекеттік сатып алуға қатысуға қажетті қолдаулар компанияның қарқынды дамуына жағдай жасайды. Біз мемлекеттік тапсырыс шеңберінде өнімді жеткізіп береміз, сондай-ақ өзге өңірлерден түскен жекелеген тапсырыстарды да белгіленген кестеге сай сапалы орындаймыз. Бұл тұтынушыларымыз бен тапсырыс берушілердің сенімін арттыра түседі, – дейді Насихат Қабдығалиқызы. terra-vita-04 Компания шығаратын өнімдер арасында медициналық қызмет көрсетуге арналған кереуеттер, гинекологиялық және босануға арналған креслолар, балалар кереуеті мен массаж үстелдері, манипуляциялық, зертханалық, емдік және хирургиялық үстелдер, салмақ және бой өлшеу құралдары, медициналық қалқа, төсек, шкаф, қозғалмалы бактерицидті сәулелендіргіш сынды медицинаның сан-саласына арналған өнімдер бар. Семейлік кәсіпорын Қазақстан стандарттау институтының нұсқаулары мен талаптарын жіті орындап, фармацевтикалық нарықта батыл адымдап келеді. Алдағы уақытта ТМД елдерінде өндірілмейтін өнімдерімен өзге нарықты игермек. Атап айтқанда, Ресей қалаларына шығуды жоспарлап отырған кәсіпорынның экспорттық әлеуетін медициналық құралдарды залалсыздандыруға арналған кептіру шкафы, әйелдер кабинетіне арналған автоматты жабдықтар мен ауыр науқастарды күтуге бағытталған роботтандырылған жабдықтар арттыра түседі деген сенім бар. Сонымен бірге медициналық жиһаздардың өтімділігін де сынап көруді көздеп отыр. Кәсіпорын жетекшісінің айтуынша, 2014 жылы "Даму" қорының бағдарламасымен екінші деңгейлі банктер арқылы 50 миллион теңгеден астам несиеге қосымша жабдықтар сатып алынды. Жаңа өнімдер өндірудің де өз қиындықтары жетерлік. Мәселен, оны тіркеудің өзі уақыт пен қаржыға тікелей тәуелді. Қазіргі кезде кәсіпорын операция үстелі мен электрлі механикамен реттелетін кереуетті жасап шығып, тіркеуден өткізуде. Бұған дейін бұл мүліктер сыртқы нарықтан тасымалданып келген еді. Компания қазақстандық үлесті арттыруға мүдделі. Бұл тарапта 67-70 пайызға дейін отандық өнімдерді тұтынып келеді. Мысалы, металл өнімдерін "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-дан алады. Сонымен бірге "Терра Вита" бәсекеге төтеп беруі үшін әр өнімге өзіндік реңк, ерекшелік беруді жолға қойған. Айталық, жиһаздардың қаңқасы дәстүрлі жиналмалы құрылыммен емес, тұтастай жасалды. Мұндай заттар басқа өнімдерге қарағанда берік болады, дейді мамандар. Думан АНАШ, "Егемен Қазақстан"