10 Желтоқсан, 2016

Қостанайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аталып өтті

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
img_4427 2003 жылы 9 желтоқсанда Мексиканың  Мерида қаласында Біріккен Ұлттар ұйымының  ресми және тарихи құжатына – коррупцияға қарсы  Конвенцияға қол қойылған болатын.Дүниежүзіндегі жүзден астам ел қоғамдағы әлеуметтік  кесел – сыбайлас жемқорлыққа қарсы тізе қосып күресуге шешім қабылдады. Олардың қатарында Қазақстан да болды.  БҰҰ  өкілдігінің тағайындауымен  жыл сайын әлем елдері  коррупцияға қарсы күрес күнін атап өтеді. Қазақстан Республикасы  мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қасы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті әлеуметтік кеселге қарсы белгіленген халықаралық күнге орай  кешенді шаралар ұйымдастырды. Мысалы, желтоқсан айының басынан бастап облыстағы «Балалар және  жастар ұйымдары қауымдастығы» ұйымымен бірлесіп, аудандар мен қалаларда  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы дөңгелек үстел мәжілістерін өткізді.Кешенді шаралар облыс орталығындағы «Мирас»  мәдениет үйіндегі  мерекеге арналған салтанатты жиынға жалғасты. Оған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауларында демократиялық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес келешек сипаты болатынын атап көрсеткен болатын. Осы әлеуметтік жағымсыз құбылысқа қарсы күрес біздің елде де кешенді жалғасын табады деген сөз. Сыбайлас жемқорлық  елдің экономикалық, инвестициялық даму үдерісін баяулататын, демократиялық елдің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін әлеуметтік кесел. Қазір осы әлеуметтік жағымсыз құбылыспен күресте негізгі күш оның алдын алуға, оның көріністерін барынша азайтуға  бағытталып отыр» деді Архимед Бегенжанұлы. Салтанатты жиында агенттіктің Қостанай облысы бойынша департамент  басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Берік Бекжанов баяндама жасап, департаменттің атқарылған игілікті жұмыстары жөнінде айтып өтті. Салтанатта қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, әлеуметтік  жағымсыз құбылысқа төзбеу ұстанымын қалыптастыруға үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметкерлерге, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен журналистерге облыс әкімінің, департмент басшылығының  мақтау қағаздары табыс етілді.  Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»