12 Желтоқсан, 2016

Гейдар Әлиевті еске алуға арналған жиын өтті

294 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
unnamed-1 Елордада Халықаралық Түркі академиясы мен Әзербайжанның Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен екі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевті еске алуға арналған алқалы жиын өтті. Басқосуға қос мемлекеттің қоғам және мемлекет қайраткерлері, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және ғалым-сарапшылар қатысты. aliev Салтанатты жиынды құттықтау сөзімен ашқан Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің Тәуелсіз Әзербайжан мемлекетін қалыптастырудағы өлшеусіз үлесі жөнінде баяндай келе, бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастық, дипломатиялық байланыстар тарихы жөнінде ой толғады. «Әзербайжан Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары өз территориясының 20 пайызы оккупацияланып, елдің әрбір 7-ші тұрғыны босқын атануға мәжбүр болған еді. Осылайша, мұнайға қатысты сұрқия саясаттың салдарынан тұрлауы кеткен тіршілікті қайта қалпына келтіруде Гейдар Әлиевтің ерен еңбек етуі, түбір бір түркі халықтарының да абыройын асқақтатты. Оның көреген саясатының арқасында бауырлас халық Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасы өте жоғары деңгейге көтерілді», деді Р.Маммадов. unnamed-4 Кеңес заманының өзінде-ақ туыс халықтардың ортақ тұлғасына айналған азамат жайлы сөз саптаған "Егемен Қазақстан" газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі Г.Әлиевтің түркі халықтарының ынтымақтастығы үшін атқарған қызметіне тоқталды. Сондай-ақ, оның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен риясыз, ыстық ықыласқа толы қарым-қатынасының нәтижесінде, Қазақстан мен Әзербайжанның саяси-экономикалық және мәдени байланысы заман ағымына сай жаңғырып, жалғасын тауып жатқанын атап өтті. Орайлы сәтте өз ойымен бөліскен Түркітілдес мемлекеттер Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов Гейдар Әлиевті Әзербайжан еліндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың мызғымас темірқазығына балады. «Қос ғасырдың куәгері, екі заманның өкілі ретінде оның көңілге түйгені мен ел басқарудағы білгені көп еді. Тіпті, өзінің үзеңгілесі Дінмұхамед Қонаевпен бірге КСРО кезіндегі саяси бюроның мүшесі болды. Сөйтіп, түркітілдес халықтардың арасынан осындай биікке шыққан қос азамат сол дәуірдің өзінде-ақ «Шығыстың екі жұлдызы» атанған болатын», деді профессор. unnamed-6 Конференция басталардың алдында екі ел арасындағы қарым-қатынасты бейнелеп, Г.Әлиевтің тұлғасынан сыр шертетін қылқалам туындыларынан арнайы көрме ұйымдастырылған болатын. Жиынға қатысуға келген Иордания Хашимит Корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ахмад Иннабты әңгімеге тартқанымызда, Әлиевтің дәрісін тыңдап, шәкірті атанғанын мақтан тұтатынын айтты. «Мен М.Ломоносов атындағы университетте оқып жүргенімде ол кісі менің ұстазым болды. Биязы мінезді, терең білімді азаматпен қызметке араласқан жылдарда да етене араластық. Сондықтан да, ол кісіге деген шексіз құрметімнің белгісі ретінде мұндай жиындардан қалмауға тырысамын», дейді елші А.Иннаб. unnamed-3 Келелі жиынға қатысушылар Әзербайжан мен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы тарихи даму жолдары мен жетістіктері жөнінде пайымды пікірлерін ортаға салды. Соның бірі – академик Болат Көмековтің арнайы баяндама жасауы болды. Ол Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толған түркі елдерінің дамуы жайында ой қозғап, Еркіндік пен Тәуелсіздік – түркілердің түпкі әрі негізгі рәмізі болып табылатындығына тоқталды. «Жалпы, біздердің ортақ мүдделеріміз аз емес қой. Мәселен, XX ғасырда ғұмыр кешкен екі тұлға болса, оның бірі – Әлиев те, екіншісі – Қонаев. Бұл екеуінің ұқсастығы өте көп. Айталық, мемлекетшілдік тұлғасына қарасақ, екеуі де ел басқару ісінде іскер әрі шебер. Ұрпақтар сабақтастығының осындай үлгісін бүгінгі таңда Әзербайжан Президенті Гейдардың ұлы Илхам мен біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сәтті жалғастырып келеді. Ал жаңағы қос тұлғаның түркішілдік қасиеттерін мынадай бір мысалдан да айқын аңғаруға болады. «1926 жылы Бакуде I түркологиялық съезд өткенін тарихтан білеміз. Одан кейін туындаған түрлі қиындықтарға байланысты мұндай жиын өткізу жарты ғасырға тежелді де, тұп-тура 50 жылдан кейін, 1976 жылы II түркологиялық съезд Д.Қонаевтың қолдауымен Алматыда ұйымдастырылды. Міне, бұл жағдай Кеңес заманының өзі бауырлас халықтардың басқосуы мен өзара ұғысуын үзе алмағандығын көрсетеді. Демек, қандай қиын заман туса да, түбіміз бір туыс халықтармен ынтымағымыз жарасып, тату-тәтті ғұмыр кешетіндігімізге сенімдімін», деді Болат Ешмұхамбетұлы. unnamed-2 Айта кетейік, Түркітілдес мемлекеттер Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне орайластырылған жиын аясында кітап пен сурет көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына Гейдар Әлиевтің өмір жолына арналған деректі фильм көрсетілді. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген – Ерлан ОМАРОВ