13 Желтоқсан, 2016

Аймақтар Астанаға қарап бой түзейді

208 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
atanaҚазақстанның қуатты мемлекет болып қалыптасуы жолында жасалып жатқан өлшеусіз еңбекті саралай келгенде, отандық экономиканың негізін құрайтын өндіріс орындарымен қатар аймақтардың да әлеуетін атап айту ләзім. Алдымен осы тұтастық туының асты­на тоғыса келгенде, аймақтардың даму көші елордасы – Астанаға қарап бой түзей­тіні тағы заңды. Яғни, Астана – еліміз­дің саяси басқару орталығы ғана емес, Отанымыздың әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуының бағыт-бағдарын анық­тап отырған әлеуетті көшбасшы. Ал елі­міз­дегі қар­қынды дамып оырған тағы бір ірі мега­полис ретінде Алматы қаласы­ның да қуатты өңірлер көшінде өзін­дік орны бар екені даусыз. Астананың дамуына қатысты ақпарат­тарды шолып шықсақ, араға жыл салып үлгерген жетістіктердің жаңғырығы ойға оралады. Мәселен, 2015 жылы Астана ел өңірлері арасында ішкі өнім өсі­мінің ең жоғары көрсеткішіне ие болған екен. Яғни, қала экономикасы ІЖӨ-нің 5 пайыздық өсіміне қол жеткізіп, жалпы экономиканың өсіміне шаққан­да 40 пайыздық межеден көрінген. Бұл – отан­дық экономикадағы кіріс көзі­нің қо­мақты бөлігін құрайтын өсім. Яғни, Астана қаласының 2015 жылғы эко­номикалық кірісі 900 млрд теңгеден асып, республикалық бюджеттің басты доноры ретінде бағаланды. Астана – ел экономикасына сырттан тартылған инвестициялар ағымының көлемі жөнінен де көшбасшы. Жалпы, елорда құрылысы басталғалы бері салынған инвестиция көлемі 6 трлн теңгеден асып жығылады. Айтпақшы, Астана бюджетіне қа­тыс­ты сөз қозғалғанда, жақында ғана қала әкімі Әсет Исекешовтің жалпақ жұрт­қа жар салған мына жаңалығына тоқталмау мүмкін емес. «Алғаш рет Астана қаласының мемлекеттік бюджеті триллион теңгеден асты» деп жазған болатын дуанбасы өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына. Ал аймақтардың Астанаға қарап бой түзейтіндігіне қатыс­ты тағы бірнеше дәлел келтіре кетуге болар. Бірінші кезекте биылғы мерекелі жылдың аясында атқарылған «Қуат­ты Қазақ­стан – қуатты өңірлер» акция­сы тіл ұшына оралады. Акция аясында барлық облыстардың Астана қаласын­дағы мәдени күндері өтті. Бұл елорда мен ел өңірлері арасындағы біте қайнас­қан байланыстың дәстүр мен мәде­ниетке қатысты шарасы ғана емес, эконо­микалық алыс-берістің сәтті жолға қойы­луының да айқын көрінісі болды. Мысалға, қала тұрғындарының қола­йы­на жаққан істің бірі – облыстардан кел­ген ауылшаруашылық өнімдерінің жәр­меңкесі еді. Бағасы қолжетімді, азық-түлік пен ет өнімдерінің жүздеген түрі астаналықтар үшін қыстық ішіп-жем қорын қамтуға қолайлы болса, өңірден келген өнім өндірушілер үшін табыс көзіне айналды. Жекелей алғанда, Астана тө­рінде өткен жәрмеңкеге аграрлық аймақ­тар саналатын Алматы облысы жалпы құны 160 млн теңге тұра­тын отыз сегіз түрлі өнім ұсынса, Шығыс Қа­зақстан облысы 500 тоннадан астам ауыл­­шаруашылық өнімдерін жеткіз­ген, ал Қызылорда облысы құны 70 млн теңге болатын 400 тонна өнім сауда­лаған екен. Демек, осы мысалдың өзінен астаналықтардың азық-түлік өнімдеріне деген сұранысының орасан екендігі әрі барлық аймаққа шаққандағы төлем қабілеті жоғары тұтынушылардың елордада шоғырланғаны көрініс тауып отыр. Ал, оңтүстік мегаполистің отандық экономиканың дамуына қосып отыр­ған үлесін таразылағанда, бюджет түсім­дері жөнінен облыстар арасындағы үштікке еркін кіретінін ескеруміз керек. Алма­ты экономикасының өзін­дік ерек­шелігі бар. Мәселен, респуб­ли­ка­мыз­дың 14 облысындағы эконо­мика­лық көрсеткіштердің өзегін ауыл шаруа­шылығы мен өндіріс көздері құрайтын болса, Алматыда қызмет көрсету жүйесі, төлемдер жүйесі, айырбас-брокерлік жүйе жақсы жолға қойылған. Бұл қала­дағы шағын бизнес көзінің дамуына даң­ғыл жол ашылғандығын білдіреді. Мұның сыртында өнім өндіруші және өңдеуші қуатты кәсіпорындардың үлес салмағы бар. Еліміз бойынша өндірістік салада тоқтаусыз жұмыс жасап, отандық нарыққа берік орныққан жүз жиырмадан астам шағын және ірі кәсіпорындар Алматы бюджетінің негізгі салымшылары санатында екен. Сондай-ақ, қаланың қаржы қоржынын қампайтып отырған салық төлеушілердің 65 пайызын шағын және орта бизнес өкілдері құрайды. Ал, биылғы жылдың артта қалған алты айындағы жағдай бойынша Алматының жалпы бюджеті 278 млрд 737,3 млн теңгені құрап, орындалуы жағынан 131 пайызға жеткен. Астанадағы сияқты Алматы тұрғын­дарының да тұтыну қабілеті жоғары. Ай­мақтармен тауарлы-мәдени байланыс бір арнаға түскен. Мәселен, биыл­ғы күз бойына Алатау бөктерінде де жәрмең­келер жиі өтті. Әсіресе, қаламен қоңсылас жатқан Алматы және Жамбыл облыстарының өнімдері алматылықтар үшін әрдайым қолжетімді болды. Мысалға, Тараздан кіре тартып келген керуен бір базарда ғана алматылық ағайындарға 240 тоннаға жуық ауылшаруашылық тауарларын ұсынған. Шаруалар осы сапардан 112 млн теңгеден астам қаржыға сауда-саттық жасап қайтыпты. Сол сияқты, Алматы облысының тауар өндірушілері де 360 тоннадан астам азық-түлік саудалаған. Осылайша, жетісулық диқан-шаруалар бір күндік жәрмеңкеде жалпы құны 180 млн теңге пайда көрген екен. Осы екі мысалдың өзі Алматы қаласының қуатты өңірлер арасындағы салмағын айғақтаса керек. Жалпы, еліміздің әр аймағы ішкі өндірісі мен ауыл шаруашылығы саласын өркендету арқылы табысын еселеп отыр. Өңірлердегі қуатты экономиканың өзегі бюджеттік түсімнің негізін құраушы фактор ғана емес, еңбек нарығындағы ахуал­ды да оң бағытта шешіп отырғандығын айғақтайды. Бұл дегеніңіз, әлеуметтік саясаттың жанды жері екені ақиқат. Демек, өңірлердің өркендеуі – байтақ Қазақстанның мәртебесі! Астана мен Алматыға қарап бой түзеген аймақтардың әркез даму биігінен көріне берері күмәнсіз. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»