13 Желтоқсан, 2016

2017 жылы тегін кәсіптік-техникалық білім жобасы енгізіледі

177 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Келесі жылдан бастап «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын енгізіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Сонымен қатар брифингке қатысушылар нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік «Еңбек» бағдарламасы аясында тегін кәсіптік-техникалық білімді енгізудің тетігі туралы да мәлімет берді. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, аталған бағыт бойынша техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлау және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту шаралары қарастырылған. Осының нәтижесінде 2017-2021 жылдар аралығында кәсіптік даярлау мен оқытумен барлығы 671,5 мың адам қамтылады. –Бірінші қолдау шарасы техникалық, ауылшаруашылық, технологиялық мамандықтар бойынша және сервис және қызмет көрсету саласындағы мамандықтар бойынша жұмысшы кадрларын даярлауды көздейді. 2017 жылдан 2021 жыл арасында даярлаумен 471,5 мың адам қамтылады. Оның ішінде республикалық бюджет қаражаттары есебінен – жыл сайын 106,5 мың адам, ЖБ есебінен – жыл сайын 365,0 мың адам бар, – деді ол. Сонымен бірге оның айтуынша, жаңа бағдарлама бойынша 9-11 сынып түлектері, аз қамтылған отбасылардан шыққан біліктілігі жоқ жастар білім алатын болады. Осы бағдарлама шеңберінде үміткерлердің тізімін қалыптастыруға және іздестіруге ықпал ететін жергілікті білім беру және жұмыспен қамту органдарын, полиция қызметтерін тарта отырып, әрбір елді мекенде әкімдіктер жанындағы мобильді топтар құрылатын болады. Қатысушылар әңгімелесу қорытындысы бойынша оқуға алынады. Олар тамақпен және шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».    
Соңғы жаңалықтар