Назарбаев зияткерлік мектебі

"Қарағайлы" ықшамауданында орналасқан мектептің құрылысы 2 жарым жыл бойы жүргізілді. Жалпы ауданы 23 мың шаршы метрден асатын үш қабатты ғимараттың сәулеті көз тартарлықтай көрікті. Бұл жобаның ерекшелігі – ауылдық округтерден келген талантты балаларға арналған жатын орын оқу корпусымен қосылған. Бүгінде мектепте облыстың түкпір-түкпірінен келген 645 бала білім алады. Оқушылардың мүмкіндігін дамыту мақсатында химия және физика пәндерінің зертханалары, нанотехнология, биотехнология, робот техникасы және өнер кабинеттері, кітапхана, мәжіліс залы, денешынықтыру-спорт белдеуі сынды соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жарақтандырылған аудиториялар бар.
Мектеп директоры Бағдан Қайыржановтың айтуынша, оқу үдерісі Кембридж халықаралық емтихандық кеңесімен бірге жасалған білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Оқытушылар құрамы "Болашақ" бағдарламасы бойынша тәжірибеден өткен 122 педагогтан тұрады. Сыни тұрғыдан және жаңаша ойлауды дамыту үшін оқушылар инновациялық курстарға қатысады. Оқушыларды халықаралық емтихандар тапсыруға дайындауды көздейтіндіктен басынан бастап «IELTS», «SET» элективті курстарын оқытады.
Спорт академиясы

Академияның негізгі қызметі өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан дарынды спортшыларды іріктеп, оларды дзюдо, самбо, грек-рим және еркін күрес бойынша даярлау. Сондай-ақ бұған дейін болған 11 секция да өз жұмысын жалғастырады. Іріктеуден өткен балалар барлық жағдай жасалған интернатта тегін тұрады. Жас спортшылар қажетті спорттық жабдықтармен, құралдармен, оқулықтармен, тегін тамақпен және іссапар шығындарымен қамтамасыз етілген. Қазіргі кезде республикалық және облыстық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен алғашқы шәкірттер іріктеліп алынды. Балаларға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуге халықаралық дәрежедегі спортшыларды даярлаған Ресей, Моңғолия және Әзербайжан елдерінің жоғары санатты мамандары шақырылды. Академия жетекшілерінің айтуынша, іріктеу кезеңі облыс аумағындағы 10-18 жас аралығындағы оқушылар арасында жүргізіледі. Әр оқушының спорттық жетістігінің болуы қатаң қадағаланады. Яғни, үміткер республикалық және облыстық жарыс жеңімпазы немесе жүлдегері болуы тиіс. Интернатта олимипиадалық спорт түрлерін даярлауға басымдық берілгендіктен бұл міндетті.
Айта кету керек, Тәуелсіздік жылдарында өңірде спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 30,3 пайызға дейін артып, 420 мыңнан астам адамды құрап отыр. Облыс аумағында 3149 спорттық құрылым жұмыс істесе, оның ішінде 30 дене-шынықтыру-сауықтыру кешені бар.
"Ақниет" мектебі

Оқушылар мектеп-интернатта логопед, тифло-сурдопедагог, дефектолог және басқа да арнайы мамандардан кешенді ем алады. Балаларды сәтімен әлеуметтендіру интернат қабырғасында емес, жақын жердегі мектептерде жүргізіледі. Білім ордаларының бірі тірек-қимыл жүйесі бұзылуынан зардап шегуші балаларды оқыту мақсатында арнайы жабдықталды. Ал мамандықты жоғары сыныпқа келген кезде интернат қасындағы колледждерден алады. Келешекте компьютерлік моделдеу операторы, бағдарламашы, аудармашы, кітапханашы немесе есепші болуы мүмкін. Интернаттағы 10-11 сынып оқушылары үшін қысқа мерзімді кәсіптік курстар ұйымдастыу жоспарланған.
Айта кету керек, интернат оқушылары мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған халықаралық "Абилимпикс" қозғалысына қатысып, кәсіби шеберлік байқауларында бақ сынайтын болады.
Думан АНАШ, "Егемен Қазақстан".
Шығыс Қазақстан облысы.