13 Желтоқсан, 2016

Жамбыл облысында «Ұлы Дала өрнектері» атты көрме ашылды

105 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13-12-16-korme

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Ұлы Дала өрнектері» атты шығармашылық жұмыстардың көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырған көрмеге аталған оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттерінің картиналары мен қолөнер бұйымдары қойылған. Көрменің негізгі мақсаты – көпшіліктің бейнелеу өнеріне көркем құндылық тұрғысындағы көзқарасын қалыптастыру және суретшілер арасында тәжірибе алмасу. Сонымен қатар, жергілікті қылқалам шеберлерін қолдау және кәсіби бейнелеу өнерін насихаттау, тәуелсіз мемлекетіміздің болашақ жас ұрпақтарын көркем білім негіздері мен кәсіби бағыттағы шығармашылық өнер түрлерімен таныстыра отырып, жас тұлғаның бойына мәдени көркем құндылықтарды сіңіру және көркем эстетикалық тәрбие беру болып табылады. «Биылғы жылы еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуде. Бұл айшықты кезең біздің сара жол таңдап, берекенің белесіне беттегенімізді дәлелдеп берді. Әрбір азаматын баласындай бауырына басқан ыстық Отанымыздың гүлденуіне жол ашты. Халқымыздың атын әлемге әйгілеп, мәртебесін өсірді. Халқымызда «өткенін ұмытқан өшкендіктің белгісі, өткенін еске алған өскендіктің белгісі» деген қанатты сөз бар. Міне, бұл тұрғыда осы тақылеттес шаралардың маңызы зор екендігі бесенеден белгілі», – дейді іс-шараны ұйымдастырушылар. Көрмеде бейнелеу өнерінің натюрморт, пейзаж, портрет сынды жанрларында салынған 50-ден астам жұмыс қойылған. Өнер туындыларында авторлардың жүрек жылуы мен өнерге деген махаббаты, егемендік жылдарындағы Қазақстанның жеткен жетістіктері кеңінен орын алған. Көрмеге қойылған өнер туындылары екі апта бойы Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылмақ.