13 Желтоқсан, 2016

Жетісу өңірінде Тәуелсіздік мерекесіне арналған форум өтті

123 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

13-12-16-taldykorgan

Талдықорғанда Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мерекелік шарада мемлекеттік наградалар тапсырылды. Қазақ елінің дамуына, өңірдің өркендеуіне еңбегімен үлес қосқан азаматтарға «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары берілді. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі мен Құрмет грамоталары тапсырылды. Марапаттарды облыс әкімі Амандық Баталов тапсырса, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Елбасы атынан өңір басшысының кеудесіне мерекелік медаль тақты. Марапатталғандар қатарында мемлекеттік қызметшілер, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, кәсіпкерлер, ұстаздар мен дәрігерлер барлығы 130-ға жуық адам бар. Жеке тоқталар болсақ, «Парасат» ордені Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев пен «БН-инвест» компаниясының президенті Болат Назарбаевқа тапсырылды. Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов «Құрмет» орденінің иегері атанды. «Сарыбұлақ» компаниясының басшысы Жеңіс Смайылов, «Өлке тынысы» ЖШС директоры, Қазақстанның құрметті журналисі Мейрам Жанәділов пен белгілі журналист Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының Бас директоры Бейсен Құранбек «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Ал 600-ден астам баланы бауырына басқан Тұяқ Есқожинаға «Шапағат» медалі берілді. Салтанатты жиында тұңғыш рет 3Д форматта графикалық шоу көрсетілді. Арнайы қойылымда көне дәуірден бергі қазақ елінің дамуы көрініс алды. Мерекелік шара қазақ эстрадасы жұлдыздарының гала-концертімен аяқталды.