13 Желтоқсан, 2016

Желтоқсаншыларды жазалағандардың есімдері белгілі болды

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

08-12-16-jeltoksan

Жақында елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ел Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақ радиосы директорының орынбасары – Шалқар радиосының директоры Болатбек Төлепбергеннің «Қасиеттім – Желтоқсан!» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына орай жарық көрген кітаптың рәсіміне Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, Қазақ радиосының директоры Махат Садық, желтоқсаншылар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Шара барысында аталған кітаптың мазмұны, онда қамтылған жағдаяттар кеңінен сөз болды. Жиында атап өтілгендей, Болатбек Төлепбергеннің «Қасиеттім – желтоқсан!» атты публицистикалық кітабында 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісінің шығу себеп-салдары мен оқиғаның өрбу барысы кеңінен қамтылған. Сонымен қатар, оқиғаға қатысқан және одан кейінгі кезде азаматтық ұстанымын көрсеткен зиялыларымыздың, жастарымыздың қайсарлығы туралы сыр шертіледі. Бұдан бөлек, Желтоқсан көтерілісінің тұтануына түрткі болған жайттардан бастап, желтоқсандық қаһармандардың іс-әрекеттері ашып көрсетіліп, желтоқсандықтардың біразының тізімдері мен сол көтеріліске қатысқан жастардың деректері берілген. Автор Желтоқсан көтерілісіне қатысты толыққанды мағлұматты нақты деректермен дәйектеп, желтоқсандық зиялы қауым болмысын ашуға ұмтыла отырып, оқиғаның бізге беймәлім қырларын баяндауды мақсат тұтқан. Автордың бұл тиянақты еңбегі – қаhармандық күрестің шынайы бейнесі мен толық ақиқатын ашудағы сауапты да қажырлы талпынысы, игілікті істің мәуелі жемісі деп айтуға толық негіз бар. Әсіресе, кітаптың «Желтоқсан: Таныс та бейтаныс есімдер» атты бөліміне оқиға себебінен мерт болғандардың, сотталғандардың, ауруханаға түскендердің, үй қамағына алынғандардың, оқудан, жұмыстан, партия, комсомол қатарынан шығарылғандардың, жастарға араша түскен азаматтардың аты-жөндері тізімінің берілуі бұл еңбектің бағасын арттыра түскендей. Тағы бір атап өтетіні, кітапта желтоқсаншыларды кімдердің тергегені, кімдердің үкім шығарғаны туралы деректер де қамтылған. Мемлекеттік айыптаушылардың да аты-жөні бар. Осыдан отыз жыл бұрын қазақтың өрімдей жастарын соттаған сол судьялар бүгінде не ойлайды екен? Аталған кітап Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша 2000 данамен «Керемет медиа» баспасынан жарық көрді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»