13 Желтоқсан, 2016

Антология мақсаты – татулыққа септесу

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік тойының қарсаңында рухани әлеміміз тағы бір әдемі дүниемен толықты. Алматыдағы «Ан Арыс» баспасынан «Мәңгілік елім менің» атты поэзия антологиясы жарық көріп, оқырмандарға жол тартты. Кітаптың тұсаукесер рәсімі елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ұйымдастырылып, оған Парламент Мәжілісінің депутаттары кітапты шығаруға атсалысқан тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, қатысты. «Мәңгілік елім менің» антологиясының ерекшелігі ретінде қазақ, орыс тілдерінде жыр жазатын отандық ақындардың шығармаларымен қатар, еліміздегі түрлі өзге этнос өкілдері ақындарының төл тілінде жазған шығармалары жинақтап берілгенін айтуға болады. Қазақ тілінде және басқа тілдерде жазылған өлеңдер де түпнұсқамен бірге орыс тіліне аударылып, жарияланған. Бірінші бөлімде танымал қазақ ақындарының өлеңдері топтастырылған. Бұл ақындардың ұзын саны – 14. Екінші бөлім неміс, корей, күрд, ұйғыр, беларусь, өзбек, түрік, татар, дүңген, чешен әдебиеті өкілдерінің шығармаларынан тұрса, үшінші бөлімде еліміздегі орыс тілді ақындардың жырларына орын берілген. Тұсаукесер рәсімін Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин жүргізіп отырды. Антологияның жарыққа шығуына Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан халқы Ассамблеясы тікелей қолдау көрсетіп, идея тастаған болса, қаржылай жағынан демеушілік жасаған «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры. Бұл орайда Ассамблея атынан сөз алған Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Ассамблеяның игілікті идеясын жарқыратып жүзеге асырған атақты меценат, қор басшысы Исламбек Салжановқа алғыс айта келіп, адамдардың жақындасуына, халықтардың түсінісуінде әдебиет пен өнердің орны ерекше екендігіне айшықты мысалды алға тартты. «Мәңгілік елім менің» антологиясы арқылы қазақстандықтардың бір-бірін бұрынғыдан да жақын тарта түсуіне жағдай жасалады. Өйткені, жүректерге ең жақын жол сол жырлар арқылы салынады». Өз кезегінде меценат, «Алтын қыранның» басшысы Исламбек Салжанов әдебиетке қандай қамқорлық жасаса да жарасатынына тоқтала келе, мұнайды экспортқа шығарып жүргеніміздей, ендігі жерде руханиятымызды да экспортқа шығаратын уақыттың келгенін мазмұндайтын ойларымен бөлісті. Кеш барысында антологияның бірнеше авторы тарапынан да көптеген алғыс айтылды. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»