14 Желтоқсан, 2016

Олжас әлеміне сапар

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
olzhas-i-yaАлматыдағы Достық үйінің дөң­ге­лек залында Қазақстан халқы Ассам­б­лея­сының қамқорлығымен «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 тұғыры» атты Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды күнінің аясында Қазақстанның халық жазушысы, ақын, ғалым, қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменов туралы «Олжас и Я» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Олжас и Я» кітабының авторы, «Мәде­ниет» халықаралық қорының кеңесшісі, саясаттанушы Ермек Алданов кітапқа көрнекті ақын туралы құнды естеліктер кіргенін жеткізді. Яғни, аталмыш кітапқа Олжас Омарұлын білетін, оқырмандарды «өз Олжасымен» таныстыруды ниет еткен белгілі тұлғалардың очерктері, эсселері, әңгімелері енген. Жиында сөз алған автор Ермек Алданов: «Олжас Омарұлының шығармашылық әлемімен қоса, қазақ еліне сіңірген еңбегін, қайраткерлігін, ұлы даланың өр тұлпарындай еркін мінезін, тұлғалық, рухани болмысының ерекшеліктерін осы кітапқа енген жүзге жуық естелік арқылы тереңнен тани түсесіз. «Олжас и Я» кітабынан «Олжас и я» атты әлемге сапар шегіп қайтқандай әсер алатыныңызға сенімдімін. Кітапта лебіз білдірген Олжекеңнің үзеңгілес достарын, рухани бауырларын алыс-жақын шетелдерден іздеп табу да оңайға соққан жоқ. Дегенмен, талмай ізденістің арқасында тек жақсы естеліктерге ғана емес, сонымен қатар, Константин Симоновтай әйгілі ақынның Олжас Омарұлының «Аз и Я» кітабына арнап шығарған, бірақ жарық көрмеген тамаша өлеңіне де қол жеткізе алдық. Ол өлең де осы кітапқа еніп отыр», – деп кітаптың маңыздылығына тоқталып өтті. «Кітаптан өз естеліктерімен бөліскен жақын достарымның, әріптестерімнің асқан шынайылығымен қоса, Ермек Алданұлының қайтпас қажырлылығын да сезінгендей болдым» деп, сөзін әзілмен бастаған Олжас Омарұлы қазіргі уақытта ғылыми еңбек жазу үстінде екенін, бұл кітаптың өзіне үлкен шабыт беріп, көңілін серпілтіп тастағанын, ниеттес дос-жарандарының естеліктері арқылы бір сәтке қызығы мол жастық шаққа деген сағыныш лебінің лап бергенін айтып, көңіл толқынысымен бөлісті, жиналған қауымға алғысын білдірді. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ