Еуропаның жетекші елінің бірі – Италияда саяси күрес шарықтау шегіне жеткендей. Ел үкіметінің басшысы Маттео Ренци ұсынған конституциялық реформа жалпыхалықтық референдумда қолдау таппады. Соның салдарынан елде үкімет дағдарысы орын алды.
Дағдарыс болғанда, сол референдум алдындағы науқанда премьер-министр реформа қолдау таппаса, үкіметтен кетемін деп мәлімдеме жасап жіберген. Енді сол сөзінде тұрмаса болмайды. Отставкаға кету жөнінде өтініш білдірді. Ал оны қабылдау-қабылдамауды президент Серджо Маттарелла шешеді. Президент болса, елдің 2017 жылға арналған бюджетін қабылдағанша кетпей тұра тұр деген өтініш айтты. Ал бюджет те қабылданды, премьер өзінің шешімін қайталады.
Ел тарихындағы ең жас премьер-министр Маттео Ренцидің конституциялық реформа жасауға баруын құптауға да, құптамауға да болар еді. Ол халықтың біршама бөлігінің қарсылығын біле тұрып, басын қатерге тікпеуі керек еді, дейді біраз жұрт. Кейінге қалдырмай өзінен бұрынғылар да кезіккен проблеманы біржола шешкенді жөн санаған. Оның үстіне, жұртшылықтан қолдау табады деген сенімде де болды.
Бұл реформаның мәні неде? Парламенттің екі палатасының арасындағы қайшылықты жойғысы келді. Сол қайшылық салдарынан заң қабылдау үнемі қиындыққа ұшырады. Сенат пен төменгі палата бір-бірінің шешімдерін қабылдатпай тастауға құқылы болды. Палаталардың міндетін де, олардың құрылымдарын да айқындап, жетілдіру мақсатында үкімет өз нұсқаларын референдумға ұсынды. Жаңа реформа бойынша жоғарғы палата аймақтардың палатасына айналуы тиіс еді. Сонда оның құрамы бұрынғы далиған 315 адам орнына 100 адаммен ғана шектелмек. Өзгеріс төменгі палатада да болмақ – ол мажоритарлық жүйемен сайланып, тіпті жоғарғы палата қолдамаса да, өз шешімдерін шығаратын болады.
Енді бұл реформаның референдумда қолдау таппауына келсек, ол әсте де оның жақсы-жамандығында болып отырған жоқ. Оппозиция қалай да өткізбеуге тырысты. Бұрынғы премьер-министр Сильвио Берлускони оны демократиядан бас тарту десе, соңғы кезде пайда болып, біршама танымалдылыққа жеткен «Бес жұлдыз» қозғалысының жетекшісі, комик Беппе Грилло бұрынғы жүйемен заң шығарылған, жүйені өзгертіп не қажет деген уәж айтады. Ал «Солтүстік лигасы» партиясының көсемі Маттео Сальдини Еуроодаққа таяқ болып тию үшін қарсы болыңдар, деп түпкі ойларын ашып айтты.
Шын мәнінде, әңгіме Еуропа бірлігіне, Еуроодаққа қатысты болып отыр. Сол Еуропаның бірлігін жақтайтын қайраткер Маттео Ренциді биліктен ығыстыру Италиядағы ғана емес, Еуропадағы тұрақтылыққа да соққы болып тиеді. Оппозиция мақсаты да сонда. Ренцидің кетуінен кейін жаңа парламенттік сайлауды, сондай-ақ, еуроаймақтан шығу жөнінде референдум өткізуге мүмкіндік тууы мүмкін. Оппозиция содан пайда күтеді.
Ренцидің кетуімен Италиядағы жағдай күрт өзгереді деу де қисынсыз. Оның Демократиялық партиясы парламентте көпшілік орынға ие. Жаңа премьер де сол партиядан ұсынылуға тиіс. Президент тіпті Ренцидің отставкасын қабылдамауы да мүмкін. Еуропаның бірлігі дәл қазіргі жағдайда экономикасы біршама шатқаяқтаған Италияға айрықша қажет. Мұны халық та біледі. Содан да Италия қауымы бүлдіруші күштердің арандатуына ере қоймас.
Әсіреоңшылдық қаупі сейілді
Өткен жексенбіде Австрияда бірінші және екінші турының арасы жеті айға созылған президенттік сайлауда әсіреоңшылдар өкілі Норберт Хофер жеңіліс тауып, Жасылдар партиясының бұрынғы көсемі, профессор Александр Ван дер Беллен жеңіске жетті. Ел халқы еңсе басқандай бір ауыртпалықтан құтылып, еркін демалғандай болған.
Еуропаның қақ ортасына орналасқан шағын елде әсіреұлтшылдар өкілі жеңіске жете қалған күнде де нацизм идеясы жүзеге асып, басқаларға қатер төндіре қоймас. Бірақ сол әсіреұлтшылдықтың қасіретін бастан кешкен австриялықтар ғана емес, жалпы еуропалықтардың да біршамасын шошытқан. Әсіреұлтшылдардың бұл елдегі жеңісі басқа елдердегі идеяластарының рухын көтерер еді.
Мұны жұрт сол сайлаудың алғашқы турында айқын аңғарды. Биылғы сәуірдің 24-і күні өткен сайлауда ешкім 50 пайыздан жоғары дауыс ала алмай, әсіреоңшыл Австрия азаттық партиясының өкілі 36,4 пайыз дауыс жинаған Норберт Хофер мен 20,38 пайыз дауыс жинаған Жасылдар партиясының бұрынғы көсемі Александр Ван дер Беллен екінші турға өткен. Сонда тек Австрия ғана емес, бүкіл Еуропа әсіреоңшылдары жеңіс тойын тойлағандай болған. Әсіресе, Франциядағы «Халық майданы» партиясының көсемі Марин Ле Пен оны өз жеңісіндей көріп, оны бүкіл Еуропаға өнеге санағаны бар.
Бір айдан кейін өткен екінші турда алдымен Хофер жеңді деп хабарланып, келесі күні поштамен келген дауыстарды есептегенде Белленнің 0,3 пайыз басымдықпен ғана жеңгені анықталды. Дұрыс есептемеді деген дау шықты. Осыны ескерген конституциялық сот сайлаудың екінші турын қайта өткізу жөнінде шешім қабылдады. Ол алдымен 2 қазанға белгіленіп, ақырында 4 желтоқсанда өтті.
Оңшылдар өздерінің жеңістеріне сенімділеу көрінген. Норберт Хофер біраз мәлімдемелер де жасап тастады. Алғашқы сапарларының бірін Мәскеуге арнамақтығын айтты. Еуроодақтың тағдыры өзінің қолында тұрғандай, мақсат Еуроодақты құрту емес, оны өзгерту деген пікір білдірді.
Сірә, мұның барлығы бір жағы Хофердің сайлау науқанындағы өз жеңістеріне сенімділік білдірген тактикалық айласы да шығар. Сайлаушылар елдің саяси бағытын күрт өзгерткісі келгендерді емес, парасатты бағытты ұстанған «жасыл профессор» Александр Ван дер Белленді жақтады. Бұл жерде елдегі дәстүрлі партиялар, еуропалық құрылымдар да оны кеңінен қолдағаны анық.
Сырт қарағанда, Австрияда президенттік сайлаудың соншалықты мәні жоқтай. Бұл лауазым елде шешуші де рөл атқармайды. Австрия – президенттік билік нысанындағы федералдық парламенттік республика. Мұнда президент стратегиялық емес, ресми ғана лауазым. Ал бұл елдегі сайлауға мұншалықты мән берілуі ол белгілі дәрежеде Еуропадағы саяси оқиғаларға, Еуроодаққа, соңғы кезде бой көтере бастаған нацистік идеяларға халықтың көзқарасын аңғартады. Бұл сайлау әсіреоңшылдардың жеңілісі болды, нацистік идеяларға соққы болып тиді. Сондай-ақ, оның Еуропаның ынтымағына қолдау болған оқиға ретінде де қабылданатыны анық.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист