14 Желтоқсан, 2016

Жеңісті күндерді күтіп жүрміз

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Еліміздің солтүстік аймағында қыс ұзақ, қар мол түскендіктен қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы. Бала кезден шаңғы, коньки теуіп өстік. Атақты шаңғышы, жерлесіміз Иван Гараниндей болсақ деп армандадық. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне келген соң да мен спортты тастағаным жоқ, оқумен бірге оны жаныма серік еттім. 2014 жылы Қазақстан оқу орындары арасындағы бесінші универсиада Қостанай қаласында өткен болатын. Біздің университеттің командасы сонда бірінші орынды иеленді. Ал биыл ақпан айында Алматыда өткен студент жастардың алтыншы универсиадасынан да А. Байтұрсынов атындағы университет командасы бірінші жүлдемен оралған болатын. Оған еліміздің барлық шалғайынан 35 оқу орны қатысқан бәсекелі жарыс болды. Мұның барлығын айтып отырғаным, біз қатысқан байрақты жарыстардың барлығы да Дүниежүзілік универсиада алдында спортшыларды ширатты. Қазір Алматыда өтетін универсиадаға қызу дайындық жүріп жатыр. Күн сайын шаңғыдан, биатлоннан дайындаламыз, түрлі нормаларды орындаймыз. Біздің университеттен 6 спортшы Қазақстан құрама командасының құрамында шаңғы мен биатлоннан бақ сынайтын боламыз. Қасымда Евгений Бондаренко, Иван Василевский, Виталий Пухгало секілді талай жарыста жүлдені қанжығаға байлаған, тарамыс шаңғышылар бар. Талай жарыстағы тәжірибе көрсетіп жүргендей, төгілген маңдай тер текке кетпеуге тиіс. Біз де жанкүйерлерімізді желпінтіп, Көк туымызды желбіретер жеңісті күндерді күтіп жүрміз. Никита ТКАЧЕНКО, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті заң факультетінің магистранты, спорт шебері