14 Желтоқсан, 2016

Қызмет көрсететіндер тіл үйренуде

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
sequence-01-18_24_16_12-still070Біз бұған дейін Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінде Универсиада кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін келісімшарт негізінде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушылары ағылшын тілінен курстар өткізіп жатқанын хабарлағанбыз. Енді 2017 жылғы ХХVIII Дүниежүзі­лік қысқы Универсиада кезінде қызмет көрсететін медициналық мамандар мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің екінші тобы Алматы­да ағылшын тілі курсынан өтті. Қала­ның медициналық қызмет көрсету сала­сындағы 83 қызметкері және ТЖД-ның 33 өкілі базалық ағылшын тілі курсын тәмамдағаны жөнінде сертификат алды. Үстіміздегі жылдың қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында Алматы қаласының медициналық мамандары және ТЖД  қызметкерлері ағылшын тілі грамматикасын үйреніп, ауызша сөйлеу дағдыларын игерді. Аталған курс медициналық немесе басқа да көмек түрлерін көрсету қажет болған жағдайда, шетелдік қонақтармен, Универсиада қатысушыларымен емін-еркін тілдесуге мүмкіндік бермек. Оқыту курстары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті және Қазақ мемлекеттік қыз­дар педагогикалық университетінің базасында өткізілді. – Біздің университеттің 10 оқыту­шысы Алматы қаласы медициналық қызметкерлеріне ағылшын тілін үйретті. Оқыту аясында түрлі бағыттарға ар­налған базалық лексиканы ғана емес, сондай-ақ, мәдениетаралық қарым-қатынас негіздерін үйрететін бағдарлама дайындалды. Курс тыңдаушыларының білімі айтарлықтай жетілгенін байқап отырмыз. Өз кезегінде бұл білім оларға Универсиада қатысушыларымен және қонақтармен лайықты деңгейде тіл­десіп, қызмет көрсетуге көмектесетін болады, – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы Жанар Күлекенова. Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде 2017 жылғы ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада кезінде қызмет көрсететін 120-дан аса медициналық қызметкерге ағылшын тілі курстарын табысты түрде тәмамдағаны жөнінде сертификаттар табысталды. Алдағы күндері Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға 30 мыңға тарта шетелдік туристер келеді деп болжанып отыр. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ