13 Желтоқсан, 2016

«Прокурордың 100 кеңесі» қосымшасы таныстырылды

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бас прокуратура азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Прокурордың 100 кеңесі» тәжірибелік кеңестер жинағын шығарды. Орталық коммуникациялар қызметінде жинақтың мобильдік қосымшасының таныстырылымы өтті. Бас прокуратураның қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы Құсайын Игембаев таныстырылым барысында ұсынылған құжаттардың азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталғанын атап өтті. «Жинақтың мақсаты – әртүрлі құқықтық жағдайға түскен адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өзінің және жақындарының құқықтары мен мүдделерін қалай қорғау қажеттілігін түсіндіру, – деді департамент бастығы. – Жұмыс барысында қылмыстық процесс орбитасына түскен дәрменсіз адамдарды жиі кездестіреміз. Бұл олардың заңды, өздерінің құқықтарын, органдардың міндеттерін білмеу салдарынан туындайтын жағдайлар. Мысалы, жинақта азаматтардың полиция ұстағанда не істеу керектігі, олардың қандай құқықтары бар екендігі, қанша мерзімге ұстауға болатындығы және тағы басқа сұрақтарға жауап бар». Кеңестер жинағының көпшілікке қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында IOS және Android платформаларында «Прокурордың 100 кеңесі» мобильдік қосымшасы құрылды, Бас прокуратураның сайтында арнайы парақша орналастырылды. Сондай-ақ аталған жинақ халық үшін екі тілде Бас прокуратураның сайтында, 115.kz порталында ұсынылған. Жинақтың электрондық нұсқасы заңға немесе құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерге байланысты жылдам жаңартылып, жаңа кеңестер қосылып тұрады.