14 Желтоқсан, 2016

Ордабасы ойландырады

279 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
photo0149Ел тарихын білу – тәуелсіздіктің бізге тартқан үлкен сыйы. Тарихы тұнып тұрған Ордабасы!.. Қандай керемет едің! Архивтерді саралап, ондағы сарғайған қағаздарды ақтармай-ақ, бір қараған қарапайым қазақы адамға Ордабасы тауының шыңында ел тарихы, ата бабаларымыздың іс-қарекеттері, өткен өмірлері, жер қойнауында жатқан төмпешіктер аңызға айналып, көз алдыңан біртіндеп өте шығаты­нына қайран қаласың. Тіптен сол өткен кісілермен бірге жүргендей сезінесің. Үш жүздің басын қосқан үш бидің бітімге келуі, «Бірігейік, біріксек, алауыздықтан арылсақ, бізді ешкім жеңе алмас! Бірлік түбі – береке, біріккен ел тозбас, іргеміз берік, шаңырағымыз нық, ұрпағымыз кемел, болашағымыз зор болмақ! Ынтымағымыз, ырысымыз молынан болсын, әумин!»  деп баталасқан бабаларды еріксіз еске аласың. Турасын айтсақ, нақ бүгінгі күнге, ертеңімізге орайлас Елба­сымыз айтып жүрген «Мәңгілік Елдің» ой орамы осы емес пе?! Ордабасында ойланатын жайлар лек-легімен келе беретіні анық. Жылдар емес, ғасырлап санасаң, қилы-қиын замандарда қазақтың басын жалмаған зобалаң жылдар өтті ғой. Қазақты бірлікке байлаған үш биімізден кейін көз құртына айналған ұлан-ғайыр жерімізге көз алартушылар көбейді. Қазақ байларын тәркілеп малдарын алса, оның арты ашаршылық нәубетіне әкелді, көзі ашық, көкірегі ояу ел қамын ойлаушыларды жала жауып ит жеккенге айдап, аяусыз атып тастады. Елдегі зобалаң бір бұл емес. Ұлы Отан соғысының ауыр жылдары да қазаққа оңай соққан жоқ. Қазақтың дінін, ділін, тілін тықсырды. Қала берді, «тың көтереміз» деген желеу­мен тұрғылықты халық келім­сектермен толығып, өз жерінде азшылыққа айналды. Кеңес елі КСРО ортақ үйіміз, тыңайған жерді бір бөлек, мақталық жерді бір бөлек мамандандырылған өлкеге айналдырамыз деп көкіген көсемдерді де көрдік қой. Тәуелсіздіктің таңы атты. Елбасы Н.Назарбаевтың басшы­лығымен қазағымыз ірге­лі ел­ге айналды, Қазақ елін бүкіл әлем мойындап, таныды. Елба­сымызбен бүкіл әлем басшылары санасуда. Үлкен жетістік. Ордабасыға оралу деген осы. Ордабасы биігінде 1993 жыл­ғы 28-29 мамыр күндерінде туыс­қан үш мемлекеттің басшыла­ры (қазақ, өзбек, қырғыз) мәң­гі­­лік бірлік үндеуіне қол қойып, ті­лек түйістірді. Қазақ­тың қуа­ны­шын­да шек жоқ еді сол күні. Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан үй­лер, театр­ландырылған көрініс­тер!.. Ба­баларымыздың ақыл-ой кемел­ді­гін еріксіз еске түсірген­біз... Бір­лік туын көтерген Елбасы­мыз­дың «Мәңгілік Ел» мұраты Орда­басыдан басталғандай сезініп едік. Ордабасыда 1997 жылғы 19 қыр­күйекте асқақтай бой көтер­ген «Бірлік» монументін сомдаған мүсінші Асқар Мамырбаев пен сәулетші Ғабит Садырбаевтың еңбегіне де мың алғыс. Сол күні Елбасы Н.Назарбаев хал­қына бірлік туралы тебірене толғауы тегіннен-тегін болмаса керек! Ол «Ордабасы ел жүрегі, жер кіндігі» екендігін паш етті. Не деген керемет, баға жетпес ыстық ықылас пен жүректі жарып шыққан шынайы лебіз деп ұқтық. Бірлік түбі – береке. Бақыт та сонда, байлық та сонда. «Бірлік» монументінің биік­тігіне қарасаң бойыңды өсіріп, ойыңды тербейді. «Бірлік, ер­кіндік пен теңдік болмай, елдік бол­майды» деп Төле би бабамыз айт­са, «Сөз атасы – бірлік, анасы – шындық» екенін Қаз дауысты Қа­зыбек би бабамыз қозғаса, «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауға найзаң тисін» деп келетін орақ тілді Әйтеке би сөзінің бүгін мен болашақ үшін маңызы зор бола бермек. Ордабасы тауының етегіндегі «Қотырбұлақ» аңғарында қазақ батырлары озбыр­лығы шектен шыққан Қоқан билеушісі Мырзабидің басын алып «шаң қылған» жер анандайдан көз тартады. «Шаң қыл­ған» – деп Майлықожа жырында ай­тылған. Ал «намысы тасып ер­лердің» деп басталатын Ал­ты­бай ақынның жыр-толғауы осы күнге дейін жұрттың көкіре­гінде күмбірлейді. Қотырбұлақтағы «Дәуіт әулие» деген жазуға қарап, бұл Сү­леймен пайғамбардың әкесі Дәуіт пайғамбар ма, жоқ әлде «Ер Дәуіт» жырындағы ұста темірдің егесі ме деген ой келеді. Ондағы адам ізі тасқа басылуын көріп қайран қаласың. Ордабасы тауынан төменгі ауылға төрт бұлақтан бастау алған сайды қуалап келгенде күнгей жақ биігінде Әлихан әулие қойылған. Қырық кісімен қажылыққа барып қайтар жолда Әлихан қа­жы әулиенің денсаулығы сыр бере бас­тайды. «Мен дүниеден қайтсам тау шыңына қойыңдар», деп өсиет етіпті. Сол аманаты бойын­ша Әлихан әулие тау шыңына жерленген, қорымы үлкен тастармен қоршалған. Ол кісінің әулиелігін Арыстанбабпен теңес­тіретін көрінеді. Бұл да болса Ордабасының бір қасиеті. Тау етегінде шағын кезең. Қасында зиярат етушілерге ар­нал­ған үш-төрт бөлмелі үй. Ас­фальт төселген жол. Құдық. Дәуіт әулие мен Әлихан әулие­нің үй-жайларын осындағы шырақ­шы Досымбек Жапарұлы өзі салып­ты. Келіп-кетуші турис­терге жайлы орын екені айтпаса да түсінікті. Ордабасы тұнып тұрған шежіре! Шешімін күтіп тұрған тақырып. Зерттеушілер үшін баға жетпес ашылмаған сыр. Туризмді дамытуға сұранып тұр. «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығын құруға ықылас-зейінін салған Елбасымызға көптен-көп ризашылығымызды білдіреміз, әрине. Ал енді осы қорықты одан әрі дамытып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізсе дейміз ғой. Елбасы­мыз­дың ілкімді бастамасын ел аза­маттары іліп әкетіп, туризм ісін игілікке айналдырып дөң­гелетсе, кәсіпкерлерге тартымды ұсыныс айтылса, Ордабасының тасы өрге домалар еді-ау. Тәуел­сіздігіміз бастау алған Ордабасы халқымызды бірлікке шақырып, алысты меңзеп тұр. Ал біз болсақ ой үстіндеміз, толғанудамыз. Иә, Ордабасы ойландырады... Жаңабай ЕРКЕЕВ, зейнеткер