Атыраудағы көне дәуір қалалары мемлекет қамқорлығын күтеді
Ел тарихының зерттелуін, жинақталуын нығайта түсу үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген тиянақты істер тындырылды. Осы орайда Атырау өлкесіндегі тарихи орындар туралы ұсыныс, пікір білдіруді жөн көрдік. Әңгіме арқауы Қызылқоға ауданының Қарабау жеріндегі көне дәуір қалалары мен тарихи орындар туралы болмақ. Қарабау маңы ерте дәуірден адамдардың өмір сүріп, тіршілік етуіне бірден-бір қолайлы аймақ болып саналған.
Қарабау – Қазақстанда сирек кездесетін тарихи аймақ. Алайда, осы тарихи аймақ мемлекет назарынан шет қалып отыр. Қазіргі Қарабау селосының төңірегінде ерте дәуірлерде адамдар өмір сүрген көне дәуір қалалары орналасқан. Атап айтқанда, олар Жұмай, Қызылқоға, Саркөл, Қорғанша, Мән, Ақтөбе, Бармақ және Ескі Қарабау немесе Қарабау-1 деп аталады. Айналасы 25-30 шақырымдық аумаққа осындай сегіз қаланың орналасуы бұл аймақта ерте дәуірдің өзінде үлкен мәдениеттің болғандығын көрсетеді.
Қазіргі Қарабау селосының айналасы біріне бірі жалғасып жатқан тарихи орындардың үлкен бір кешенді аймағы десек, артық айтқандық емес. Бұл өлкеде тарихи қасиетті орындар көптеп саналады. Сондай тарихи қасиетті орындардың бірі әрі бірегейі – Жұмай көне дәуір қаласы. Ол Қарабаудың іргесінен басталып солтүстік-шығыс беткейдегі үлкен алқапта, зерттеушілердің жобалауынша, ұзындығы үш шақырымдай, ені бір шақырымдай жерге созылып жатыр.
Қарабаудың солтүстік-батыс беткейінен басталған көне мәдениет іздері солтүстік-шығысқа қарай созылып, өзенге жақындайды. Тарихи орынның өн бойында құмдауытты жерлер, ақ шағыл құмдар кездеседі. Осы аймақта көне дәуірдегі адамдардың ұстаған еңбек құралдары, ыдыстардың, керамикалық заттардың сынықтары жиі кездеседі. Оларды құмның арасынан жел үрлеп шығарып тастайды. Бұдан 35-40 жылдай бұрынғы Жұмайдың көрінісі осындай болатын. Бүгінгі уақытта да сол көрініс. Өзгеріс жоқ.
Жұмай көне дәуір қаласынан керамикалық бұйымдардың қалдықтары, шақпақ тастан жасалған еңбек құралдары, басқа да тұрмыстық құрал-жабдықтардың бөлшектері табылды. Жұмай қаласынан табылған ең көне экспонат – ерте дәуірде жасалған қола айна. Қола айнаны Мәскеу археологы Галкин экспедициясы 1983 жылы тауып, облыстық музейге тапсырып кетті. Жасалғанына мыңдаған жылдар өтсе де айна өте жақсы сақталған болатын. Қарабаудан келген қола айна сол жылы көп кідірмей музей экспозициясына шығарылды. Одан бері де, мінеки, отыз жылдан астам уақыт өтіпті.
Осы қалалардың ішіндегі ең көнесі және көлемі жағынан ең үлкені, жоғарыда айтып кеткеніміздей – Жұмай қаласы. Бұл Батыс Қазақстан аймағындағы ең үлкен тарихи қала. Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі көптеген археологиялық экспонаттар, 20-ға жуық шағын-шағын жәшіктерге салынып, Қарабаудан әкелінген.
Тарихтың терең қойнауына кеткен, Қарабау маңындағы көне қалалардың екіншісі – Қызылқоға. Бүгінгі Қызылқоға ауданы осы қаланың атымен аталады. Бұл қалада тарихта аты қалған атақты Қызылқоға базары жұмыс жасаған. Базарға батыс пен шығыстан, ат тұяғы жететін аймақтардан артынып-тартынған саудагерлер, керек-жарағын іздеген жүздеген, мыңдаған қазақтың қалың бұқарасы жиналып отырған. Мұнда Ресейден, Түрікменстаннан, Қарақалпақстаннан, Сыр бойынан, Маңғыстаудан, Арал маңынан сауда керуендері келіп сауда-саттық жасаған. Қалада қазақтардан басқа да әртүрлі ұлт өкілдері тұрған. Ел аузында сақталған тарихи әңгімелер Қызылқоға қаласының жан-жақтан құйылған әртүрлі халықтардың сауда-саттығының қызған, қайнаған орталығы болғандығын, ән мен күйдің, жыр мен терменің, жалпы өнердің дамыған ортасы болғандығын баяндайды.
Аузына ел қараған талай жыршы-жыраулардың таңды таңға ұластырып жыр айтқан, неше түрлі бал таңдай әншілердің ән-маржанын төгілткен, он саусағынан өнер тамған күйшілердің күй кәусарын құйған жері – қасиетті Қызылқоға қаласы қазіргі уақытта көшкін құмға жұтылып жатыр. Қаланы құм құрсауынан құтқарып, аршып, тазартып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тарихи орын ретінде сақтау, көрермен халықтың назарына ұсыну бүгінгі уақыттың өзекті мәселелерінің бірі болып саналады.
Қарабау аймағындағы көне қалалардың үшіншісі – Мән қаласы. Бұл да осы аймақтағы үлкен қалалардың бірінен саналады. Мән – белгілі ақын Мұрат Мөңкеұлының туған, өскен жері. Мән қаласында тарихта аты қалған атақты «Қарабала мешіті» орналасқан. Қарабала елдің, халықтың жағдайын ойлаған адам болған. Жас ұрпақтың сауатын ашып, білім берген. Мән қаласының орны алыстан көрініп тұрады. Қарабаудан 15 шақырым жерде орналасқан. Атырау қаласына қарай жүретін үлкен жолдың бойында.
Қарабау аймағындағы көне қалалардың төртіншісі – Саркөл қаласы. Қарабаудың күншығыс бетінде, Доссор бағытында орналасқан. Айта кету керек, осы аймақтағы Ақтөбе және Қорғанша қалаларын Асан қайғы бабамыз салдыртқан делінеді. Бұған дәлел – ақын Мұрат Мөңкеұлының жырлары. Сонымен бірге, ел аузындағы әңгімелер мен ауызша тарих айтушылардың деректері. Мұрат Мөңкеұлының жырлары өлкеміздің тарихымен тығыз байланысты. Халел Досмұхамедов ақын Мұрат Мөңкеұлын «Тарих саласындағы қазақтың бірінші профессоры» деп бағалаған екен. Асан қайғы бабамыз – жырау, философ, би, ақылгөй-дана, қоғам қайраткері, сондай-ақ, қазақ жерінде сонау ерте дәуірде қала салу ісін жүргізіп, қалалық мәдениеттің қалыптасып дамуына өзіндік үлес қосқан тарихи тұлға.
Қазіргі Қарабау селосының солтүстік-батыс бағытында екі шақырымдай жерде Бармақ көне дәуір қалашығы орналасқан. Көне дәуірлерде адамдар қоныс еткен Бармақ мекені – энеолит заманынан қалған тарихи мұра. Әр жылдарда жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары барысында ерте дәуір адамдарының мекенінен қыш құмыралардың бөлшектері, садақ оғының ұштықтары, басқа да ыдыстардың, еңбек құралдарының қалдықтары табылды.
Қарабау селосының солтүстік-шығыс бетінде екі жүз метрдей қашықтықта ерте дәуір адамдарының тұрағы болған Қарабау көне мекені орналасқан. Бұл жерден де көне дәуір адамдарының ұстап-тұтқан ою-өрнекті ыдыстары, еңбек құралдарының қалдықтары мен қыш құмыралардың сынықтары, фрагменттері табылды.
Ерте дәуірде өмір сүрген қалалардың өзіндік тарихи маңызы бар. Көне замандардың өзінде біздің өлкемізде қалалардың, үлкенді-кішілі кенттердің болуы бұл аймақтарда отырықшылық өмірдің болғандығынан, қала мәдениетінің қалыптаса бастағандығынан хабар береді. Қалалардың пайда болуының өзі стихиялы түрде емес, тарихи қажеттіліктердің нәтижесінде туындайды. Белгілі бір аймақты мекендеген халықтардың бір жерге тығыз шоғырлануынан барып үлкенді-кішілі қалалар пайда болады. Бұл осынау аймақта ерте дәуірлерде, сол уақыттың деңгейіне сай тұрмыстың, қалалық мәдениеттің болғандығын дәлелдейді. Қарабаудағы көне қалалар біздің еліміздің тарихи құндылықтары. Қарабау көне дәуірдегі өлкеміздің тарихи-мәдени дамуының орталығы болған ерекше тарихи аймақ дейтініміз сондықтан.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына орай, көне дәуірден қалған тарихи орындарды болашақ үшін сақтап қалу шараларын ұйымдастыру – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесінің бірі. Тарихи көне қалалар орындарын шаруашылық немесе өндірістік мақсатта бүлдіріп тастамау үшін тұрақты бақылауға алып, қадағалауды ұйымдастыру керек. Мұндай мақсатты жүзеге асыру үшін Қарабау аймағын «тарихи туризм аймағы» деп жариялап, осы реттегі мәртебесін заңды түрде айқындау қажет. Елбасы туризмді дамыту мәселесіне ұдайы ерекше назар аударып келеді. Ал тарихи туризмді дамытудағы басты мақсат – мемлекеттің өткен өмірін, тарихын қастерлеп, дәріптеп халыққа таныстыру, жарыққа шығару. Атырау облысының әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы, басқа да тиісті орындар бұл мәселеге мұқияттылықпен зер сала қарап, өлкедегі көне тарихымыздың ізсіз жойылып кетуіне жол бермей, сақтап қалу бағытында тиісті шараларын қолға алуы кезек күттірмейтін мемлекеттік маңызы бар мәселе.
Қарабаудағы тарихи орындар мен көне қалалар – мемлекет тарихының ескерілмей, еленбей жатқан аймағы. Қарабау аймағында көне дәуір қалаларынан басқа ондаған тарихи орындар бар. Мұндай орындар туралы тарихи әдебиеттерде сирек те болса айтылады. Мұндағы басты тарихи орынның бірі – Исатай, Махамбет көтерілісшілері тұрақтаған жер «Итекі шоқысы» деп аталады. Исатай, Махамбет бастаған көтеріліске қатысушылар Итекі шоқысында бірнеше ай бойы тұрған. Кейін бұл жер «Исатай шоқысы» деп аталған. «Исатай-Махамбет» тарихи дастанының авторы ақын Ығылман Шөрековтің қыстауы да осы маңнан алыс емес. Ақын Нұрым Шыршығұлұлының қыстауы Итекі шоқысының маңында, Әлмұрат деген жерде орналасқан. Атақты би, жырау Есет Қараұлының мекені болған жер де Қарабауға таяу маңдағы Борсан – Қарабау жолының бойында.
Қарабаудағы бүгінгі күні еленбей, ескерілмей, қаралмай жатқан көне дәуірдегі қалалар мен тарихи орындарды қорғап, сақтап қалудың кешенді шаралары жүзеге асырылуы керек деп ойлаймын. Қорғаусыз, қараусыз жатқан көне қалалардың орындарына арнайы қоршаулар орнатып, мемлекет қарауына алынғанын білдіретін белгілер қою қажет. Бірінші кезекте, әсіресе, Жұмай және Қызылқоға қалаларын қоршап, оларға белгі қойып, мемлекет қамқорлығына алынғанын қалар едік. Осындағы тарихи-мәдени құндылықтарды сақтап қалу және қорғау бағытында Қарабауда тарихи-мәдени музей кешенін ашу жұмыстарын жедел жүзеге асыруды уақыттың өзі талап етіп отыр. Тарихи-мәдени музей кешенін ашудағы басты мақсат, біріншіден, сан ғасырдан жеткен, алайда, дәл қазір жер қойнауында қалып жатқан тарихты қайтадан жандандыру, екіншіден, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи қалаларды зерттеп, жарыққа шығару, үшіншіден, ең бастысы, бұл өңірде ерте дәуірде үлкен мәдениеттің болғандығын ел-жұртқа, шетелдіктерге танымал ету. Осыған орай, музей кешенінің арнайы штатын бекітіп, тиісті құрал-жабдықтармен, көлікпен қамтамасыз ету, арнайы ғимарат салу секілді осы бағытта атқарылатын жұмыстардың арнайы жоспары жасақталып, дайындалды. Енді бұл мәселеге мемлекеттік органдардың қолдауы қажет болып тұр.
Сонымен қатар, Атырау қаласынан, басқа да алыс аймақтардан келушілерге арналған арнайы қонақ үй болса, бұл жағдай туристердің тарихи орындарға келуіне оң ықпал етер еді. Барлық жоспарлар жүзеге асқанда, туристердің қатынауы үшін Доссор – Қарабау асфальт жолын салу мәселесі туындайды. Себебі, Қарабауға баратын жол екі бағытпен келеді. Біріншісі, Атырау – Индер – Қарабау болса, екінші бағыты Атырау – Доссор – Қарабау арқылы қатынайды. Осы орайда мынаны ескеру қажет: Атырау – Индер – Қарабау бағыты 300 шақырым болса, Атырау – Доссор – Қарабау бағыты 200 шақырымды құрайды. Айта кету керек, Қарабау – Қаракөл – Миялы бағытына баратын жолаушы таситын автокөліктер Доссор арқылы жүреді. Себебі, Доссордың жолы жақын, бірінші бағыттан 100 шақырымға айырма бар.
Көне дәуірдегі қалалар мен тарихи орындарға бай Қарабау маңы тарихи туризмді дамытуға сұранып тұр. Атырау, Құлсары қалалары мен аудандарынан, өзге өңірлерден де халықтың Қарабауға қызығушылықпен баратыны анық, оның ішінде шетелдіктер де болады. Сол кезде Доссор – Қарабау асфальт жолының атқарар рөлі зор болары ақиқат. Халықтың көбірек келіп, тарихымызбен танысып қайтуына жан-жақты жағдайлар жасалуы керек. Алыс-жақын шетелдерден келетін туристерге сервистік қызмет көрсету үшін Қарабауда халықаралық деңгейдегі жағдай жасалып, халықаралық байланыс жүйесі орнатылуы керек.
Ең басты айтпағым, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, сәті түскенде, Қарабаудағы көне дәуір қалалары республика көлеміне, шетелдерге танылары ақиқат. Көтеріліп отырған мәселеге ел Үкіметі, Мәдениет және спорт министрлігі, басқа да тиісті мемлекеттік органдар назар аударып, Қарабау аймағындағы көне дәуір қалалары үшін тиімді бір шешім қабылдар деген сенімдеміз.
Ерсайын ӨМІРОВ,
тарихшы
Атырау облысы