14 Желтоқсан, 2016

Ізденіс істі ілгерілетеді

221 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
img_1425kopirovanieТәуелсіз еліміздің жігерлі, білімді жастарын тәрбиелеу – ұстаздардың басты парызы. Ұстаздар қауымы бұл орайда өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүр. Мен Бейнеу политехникалық колледжінде 2004 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Жас буынға техникалық маман­дық­тар бойынша тек білім беріп қана қоймай, олардың колледж қабырғасында жүріп-ақ тәжі­рибе жинап, мамандығына қатыс­ты құралдармен ерте бас­тан шұ­ғылданғаны жөн деп есеп­теймін және мұндай мүмкіндіктің жас­тардың өз маман­дығын тезі­рек меңгеріп кетуіне берер әсері көп. Мемлекет басшысы Н.Назар­баевтың «Қазіргі заманда жас­тарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет», деген тапсырмасын өзім сабақ беретін «Есептеу тех­никасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру» маман­ды­ғында тұрақты негізге алып келемін. Білім беру – күрделі іс. Ақпа­раттық технология заманында жастарды қарапайым сабақ беру әдіс-тәсілдерімен қызықтыру мүмкін емес. Сондықтан, білікті мамандардың іс-тәжірибесіне сүйене отырып және оны одан әрі дамыта еңбек ету қажет. Бұл ұстаздан жан-жақтылықты, талмай ізденуді талап етеді. Әсіресе, ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарының жағдайы ұстазға жүктелер міндеттің салмағын екі еселей түседі. Қолда барды ұқсатып, жоқтан бар жасап жұмыс істеу керектігін ұғындық. Осы оймен 2006 жылдан бастап үш курста оқытылатын барлық мәліметтер жинақталған электронды оқулықтар құрастырып шығардық, қазір ол оқулықтар колледж студенттеріне қызмет етуде. Колледжде ғимаратты бақылауға, мұғалімдерге виртуальды түрде сабақтарға қатысып өзара тәжірибе алмасуы үшін бейнекамералар орналастырдық. Шалғай ауылдарда жастарды өндіріс орындарына тұрақты апарып, өндіріс алаңдарында құрал-жабдықтармен жұмыс жасату мүмкіндігі шектеулі, әрі өндірістік қауіпсіздік мәсе­лесі тұрғысынан қойылатын талаптар да істі жүзеге асыруға оңтайлы бола бермейді. Сон­дықтан өндірістік жабдық­тар­дың қолжетімділігін арттыру мақсатында колледж қабыр­ға­сында «Beyneu Software» атты шы­ғармашылық топ құрып, симу­лятор-тренажёрлар жасау­ды қолға алдық. Нәтижесінде, «Мұнай және газ ісі», «Автокөлік құрылысы» мамандықтары бойынша мультимедиалық электронды оқулық жасап шықтық және «Тепловоз машинисі», «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» және «Мұнайды қайта өңдеу технологиясы» мамандықтарына арналған оқу-жаттығу симулятор-тренажерлар дайындап шығардық. Шағын макеттерді пайдаланып білім алған оқушыларымыз Маң­ғыстау облысының білім беруді ақпараттандыру оқу-әдістемелік орталығының «Ең үздік веб-сайт» байқауының бірнеше дүркін жеңімпаздары атанды. Колледжімізде Бейнеу ауданын суландыру мақсатында салынып жатқан су тұндыру стансасына қажетті мамандар қысқа мерзімді курстарда білім алуда. Оқу жылының соңына дейін су мамандарына арналған интерактивті макет дайындауды мақсат еттік. Іс-тәжірибеміз облыс көлемінде таратылып, біз дайындаған макеттер бірнеше көрмеге қойылды. Тәжірибе алмасу, өз білге­нің­ді өзгелермен бөлісу, өзге әріп­тестерден үйрену – мұғалімдік қызметтің ең басты шарты. Осы орайда түрлі деңгейдегі се­ми­­нарларға қатысып, тәжі­рибе алмасып келеміз. 2012 жылы Германияның Хамельн қаласындағы Ойген Райнтье­са және сауда-саттық мектеп­те­рінде еліміздегі кәсіптік және техникалық білім саласына дуалды оқыту жүйесін енгізу мақсатында ұйымдастырылған тағлымдамадан өттім. Білім беру саласындағы жұмысым елеу­сіз қалған жоқ. Облыстық, республикалық дәрежедегі түр­лі марапаттарға қол жеткізіп, биыл Білім және ғылым ми­нистр­лігі тарапынан «Үздік педагог-2016» жүлдесіне ие болдым. Марапат алу да, оны тізбелеп айту да мақсат емес, ерінбей ең­бек етсең, оны елейтін елің бар екендігін айту – мақсат. Ұстаз­дық қызметтің қызығы мен қиындығын қатар көтеріп, еліміздің ер­те­ңін дайындау жолында ізденіспен еңбек ете беретін боламыз. Тұрлан ОСПАНОВ, Бейнеу политехникалық колледжінің жоғары санатты арнайы пән мұғалімі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы