14 Желтоқсан, 2016

Алтын дәуір

469 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
mukaba-1Жиырма бес жыл. Өрке­ниет құндылық­та­рының қақтығысы мен геосаяси аласапыранды, ақтап алуға болмайтын, мағынасыз қантөгістер мен идеологиялық, діни қайшылықтарды, радикализм мен терроризмді, экономикалық, қаржылық катаклизмдер мен техноло­гиялық революцияларды жарыса басынан кешір­ген ширек ғасыр. Өрке­ниет қана емес, мемлекет, қоғам, адамдар мен аксио­малар тарих тезіне салын­ған, сұрыпталған, екшелген  алмағайып уақыт. Осы бір өлара кезең Қазақстан үшін де, қазақ халқы үшін де өткел берместей күдік, күмәнмен басталғаны есімізде. Бақытымызға қарай, елді абыржытып, алаңдатқан күдік-күмәннің аяғы мемлекет, ұлт болашағының жарқындығына, кемелдігіне деген үкілі үмітке ұласты. Ширек ғасыр өткен соң үмітіміз айнымас, мызғымас ұлы сенімге, ұлы мұратқа айналды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қа­зақстан Республикасының Мемле­кеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­титуциялық заң қабылданды. Ұлы Дала елінің күні туды, дәуірі келді. Мыңдаған жылдық тағдыр-талайы бар халық тарих сахнасына қайта шықты. Өзіне ғана лайықты, өзіне ғана тиесілі төлтума болмысын, мәңгілік бастауын қайта тапты. Бұл, өңіміз түгілі түсімізге кірмеген, ата-бабаларымыздың аманаты, арман-аңсары қалыбында ғана өмір сүрген, мүлде тосын, мүлде жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан болатын. Өткенге көз жүгіртсек, Қазақ­стан­ның бүгінгі бейбіт те бақуатты заманға жету жолы – даму, гүлдену жолы даңғыл болмағанын көреміз. Тіпті, 90-жылдардың басында «тә­уел­­сіз мемлекет болудан гөрі, тәуел­­сіз мемлекет болмай қалудың» алғы­­шарттары басым түсіп жатқан. Бұл Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін­гі хаос пен үрейге толы геогра­фиялық кеңістіктегі, барлық жас мем­ле­кет­тердің басындағы ауыр жағдай еді. Шындығында, ол уақыт­та еш­кім­нің жағдайы кісі қызы­ғар­лық­тай емес-тін. Мемлекеттік басқару институттарының дәрменсіздігі, кеңестік шаруашылық пен экономиканы жүргізу тәсілдерінің ескіруі, бюджеттік жүйенің теңгерімсіздігі, өнеркәсіп, өндіріс саласының тұра­лауы, әлемдік нарықтағы шикі­зат бағасының тұрақсыздығы, сырт­қы сауда конъюнктурасының жайсыз­дығы және т.б. факторлар пост­кеңестік елдерде бұрын-соңды бол­маған үмітсіздікке, белгі­с­із­дік­ке, жаппай әлеуметтік апатия­ға әкеліп соқтырды. Кейбір респуб­ликалардағы ахуал тіпті, адам шо­шыр­лық болатын, мемле­кет басын­дағы саяси элита­ның өресі­зді­гінің, бақастығы мен көрсо­қыр­лығының кесірінен тұтас халықтар ұлтаралық қақтығыстар­дың, азамат соғысының отына шарпылып жатты. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дейтін заман басталды. Барлығының таңдауы нарықтық трансформация болғанымен, олардың саяси, экономикалық даму үлгілері, оның іс жүзіне асырылуы мен нәтижесі әрқилы болып шықты. Қазақстан өз Тәуелсіздігін осындай екіұдай, аумалы-төкпелі шақта жария етті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдында дербес, жаңа мемлекет құру мақсаты тұрды. «Бұрынғы Кеңес Одағы бет-бейнесін түбегейлі өзгерткен оқи­ғалар тарих еншісіне айналды. Бүгінде өз тағдырын өзі айқындаған қазақ ұлтының жас егеменді мем­лекеті, Қазақстанның бүкіл халқы мен экономикасы өзінің жаңа жай-күйінің жолында тұр. Қоғамдық организм, онда орын алған саяси және экономикалық қатынастар өзгеру үстінде. Қоғам мен экономика барған сайын ашық сипатқа ие болуда. Демократияның дамуы, меншікті қатынастарды реформалау және толыққанды жүйелі нарыққа қадам жасау экономиканы дағдарыстан шығарудың баламасыз құралы ретінде танылды, ұлттық мемлекеттің қалыптасуы үшін қолайлы жағдай жасауда. Қазақстанды біз үшін басқа ешкім де өзгертпейтінін, дүние жүзі қауымдастығында оған лайық­ты орын алып бермейтінін, біз­дің өміріміздің стандартын жоғары көтер­мейтінін түсіну маңыз­ды. Бар­лық қазақстандықтар ілгерілеу­дің концептуалдық бағытын көр­мейінше, алыстағы мақсатты түсін­бейінше, олардың стратегия­лық байланысындағы нақты бағдар­ламалық қадамдарсыз ол бос сөз болып қала беретініне сенімдімін». Ел Президентінің 1992 жылы жа­зылған «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» еңбегі осылай басталады. Көреген көзқарас, ауқымды дүниетаным, нақпа-нақ мақсаттар. Расында, Елбасының 90-жылдардың өзінде-ақ Тәуелсіз Қазақстанның он жылдықтардағы, ширек ғасыр көлеміндегі өсіп-өркендеу жолын зерделеп, нақты­лап бергені таң қалдырмай қой­майды. Меніңше, аталған стратегия­лық еңбек Қазақстандағы барлық реформалардың, жаңарып, жаңғы­рулардың бастауында тұр. Мемлекет Тәуелсіздік туралы декларация жариялаған күн­нің ерте­сінде-ақ қоғамдық өмір­дің бар­лық саласында жүйелі жаңғырту­ларды іске асыру, саяси, әкім­шілік, эконо­микалық құрылымды түбегей­лі өзгер­ту, жаңарту ісін қолға алды. Бұл үшін бір адамның қажыр-қай­раты аздық ететін, бүкіл халықтың жұ­ды­рықтай жұмылған бірлігі, ерік-жігері мен қапысыз таңдауы қажет болатын. 90-жылдардың басында, жас мемлекеттің күн тәртібінде, бірін­ші кезекте халықаралық қоғамдас­тықтан өзінің лайықты орнын алу мәселесі тұрды. Дәл осы тұста тарих сахнасына шыққан жас та тәуелсіз Қазақстанмен бірге оның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұлдызы да әлемдік саясат көгінде жарқырай көрінген еді. Қазақстанның көпвекторлы, прагматикалық саясаты, алғашқы күннен-ақ жария етілген интегра­циялық бастамалары жаппай қолдау тапты. Ел басшылығының гуманизм мен ізгілік қағидаларынан ауыт­қымауға шақырған үндеулерін әлем жұртшылығы естіді, мақұлдады. Қазақстан ядролық қарусыз әлем қозғалысының көшбасшысына айналды. Семей ядролық полигонын жабу тарихқа «Бейбітшілік миссия­сы» ретінде енді. Бұл қадам туралы БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан: «Қазақстан – өзге ТМД елдерімен салыстырғанда ерекше мемлекет. Онда тұрақтылық, бейбітшілік және экономикалық өсім бар. 1991 жылы Президент Назарбаевтың бас­тамасымен Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқанда, біз Назарбаевтың осы бір бастамасына қайран қалған болатынбыз. Өйткені, БҰҰ әлем елдерін ядро­дан бас тартуға үндеп келе жатқа­нына 60 жылдан асты. Бірақ нәти­же жоқ еді. Мұның бәрі Прези­дент Назарбаевтың еңбегі», деп лайықты бағасын береді. Осы пікірлердің дәлеліндей, БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан «29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» болып белгіленді. Мемлекет басшысының ғұлама білім-білігі, өлшеусіз тәжірибесі мен қайраткер болмысы әлем алпауыт­тарының өзін еріксіз сыйлатуға, санасуға мәжбүрледі. Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Ли Куан Ю, Нельсон Мандела сияқты беделді мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назар­баевтың қайраткерлік, көш­басшылық қасиетін жоғары баға­лады. Ұлыбританияның сол кез­дегі әлемге мәшһүр премьер-минис­трі Маргарет Тэтчер: «Қазір жаһан­дық саясатта 5-6 ірі саяси ойын­шы бар. Солардың бірі – Нұрсұл­тан Назарбаев. Мен оған қатты се­не­мін және оның бастамаларын қол­­дай­мын», деген болатын. Бұл бұ­рын­ғы кеңестік кеңістікте саясаткер Назарбаевқа тең келер тұлғаның жоқ­тығын әйгілейтін риясыз лебіз еді. Қазақстан әрдайым Шығыс пен Батыс, өркениеттер мен діндер, конфессиялар арасына, түрлі саяси маңызды бастамаларға дәнекерлік жасап келеді. Бүгінде әлемдік, халықаралық саяси, қаржылық ұйымдардың беделді әріптесіміз, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, Еуразиялық одақ, Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңес, Шан­хай ынтымақтастық ұйым­дары секілді белді әлемдік құрылым­дардың мүшесіміз. Біздің ел ұстан­ған көпвекторлы саясат қағи­д­асы барлық мемлекеттер мен халық­аралық ұйымдар тарапынан түсініс­тік пен құрметке ие болып отыр. Қазақстанның елордасы Аста­нада Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымы сам­ми­тінің, Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшылары съезде­рінің, Иран­ның ядролық бағдарла­масы бойынша келіссөз комиссия­сы оты­рысының өткізілуі, келесі жылы жоғары деңгейде ұйымдасты­ры­латын ЭКСПО-2017 көрмесі – мұның барлығы да Қазақ­стан дипло­матиясының сыртқы саясаттағы беделі мен жетістіктерінің көрінісі. Жақында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің тұрақты емес мүшесі болып сай­лануы да соның бір жарқын дәлелі. Қазақстанның әлемдік ауқым­дағы бет-беделін аспандата көтерген ұлы жобасы – жаңа Астанасы болға­нын біз бүгінде мақтанышпен айтамыз. Астана бұл күнде Тәуелсіз мемле­кеттің темірқазығы ғана емес, Қазақ­станның бүкіл жеткен жетістік­тері мен табыстарының айғағы, мүмкіндіктерінің көрінісі. Елорда аз ғана уақыттың ішінде еліміздің саяси, қаржылық, рухани орталығына, болашаққа ұмтылған көпұлтты, мемлекеттегі оң өзге­рістердің, бірлік пен берекенің символына айналды. Астананың ғана емес, мемле­кеттің Бас архитекторы Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік Ел үшін Арқа төсінде мәңгілік ескерткіш орнатты. Астананың арқа төсіне ауысуы алаш баласының 90-жылдардағы күдік-күмәніне нүкте қойғаны, үркек көңілін сейілткені, үмітін оятып, сенімін нықтағаны ақиқат. Н.Назарбаевтың асқан сауатты­лықпен, кемелдікпен жүргізген сыртқы саясаты елдің ішкі ахуа­лының орнығуымен, әл-ауқатының жақсаруымен үнемі біте қайнасып жатқанын атап айтуға тиіспіз. Осы жылдар ішінде, қандай қиыншылық болмасын, Қазақстан билігі әлеуметтік пішіндегі мемлекет құру бағдарынан ауытқыған жоқ. Елбасы ұстанған «алдымен – эко­­номика, содан кейін саясат» қа­ғи­­дасы өзінің өміршеңдігін дәлел­деді. Бұл ұстанымның екінші аты – тұ­­рақ­тылық және үздіксіз жаңару, даму. Меніңше, Қазақстанда іске асырылып жатқан реформалардың не­гі­зінде мынадай екі бастау жатыр. Мұ­ның алғашқысы – мемлекет құ­ры­лысының, қоғамдық өмірдің бар­­лық саласында жаңашылдықты, инно­­вацияны алдыңғы орынға қою болса, екіншісі – барлық бағыттағы қоз­­­ғалыста эволюциялық, өмір­шең­дік қағидаларға басымдық беріп отыру. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында-ақ Елбасы: «Өзге елдер бізге демократиялық спринт үшін қол шапалақтасын деп біз өз халқы­мызға эксперимент жасай алмаймыз», деп ашық мәлімдеген бола­тын. Мемлекет басшысының осы ба­тылдығы мен тәуекелшілдігі, тәжірибесі мен біліктілігі, халықшылдығы мен сұңғылалығы жұрттың жаппай қолдауы мен сүйіс­пеншілігін туғызды. Бұл сүйіс­пен­шілік алдағы күнге деген үміт пен сенімге ұласты. Және ол сенім әлі сетінеген жоқ. Керісінше, жылдар өткен сайын бекіп, зорайып келеді. Бұл сенімді Қазақстанға жиі келетін әлемдік деңгейдегі, беделді сарапшылардың, саясаткерлердің ой-пікірлері одан әрі бекемдей түседі. Осыдан біраз бұрын әлемдік деңгейдегі бизнес-консультант, бизнес үдерістерін басқарудың теңдессіз маманы, доктор Ицках Калдерон Адизес Қазақстанға келді. Реті келген ілкі кездесулердің бірінде доктор Адизес айтқан мына бір шынайы тұжырым есімде қалыпты: «Қазақ­станның үздіксіз, табысты дамуы үшін барлық мүмкіндіктері бар. Бұл елдің басшылығы да, халқы да жаңа сер­пілістерге, өзгерістерге дайын екеніне көзім анық жетті. Шыны керек, мен Қазақстанды да, қазақ­стандықтарды да қатты ұнатып қалдым. Кейде өзім де осы өзгерістер бас­та­масының бір бөлшегі болғым ке­леді. Сіздердің көздеген мақсат­тары­­ңы­зға жететіндеріңізге мен кәміл сенемін», деген еді ол. Бұл да біз­­дің елімізде қолға алынған игілікті бас­та­­маларға берілген әділ баға болатын. Тәуелсіздік жылдары елде эко­номикалық, әлеуметтік ахуал­ды оңалтуға бағытталған батыл қадамдар жасалды. Аз ғана уақыт­тың ішінде ел экономикасына шетелдік инвестициялар тартылды. Қысқа мерзімде, пәрменді түрде жүргізілген жекешелендіру үдері­сінің арқасында ішкі нарыққа халықаралық, трансұлттық компаниялар орасан қаржы салды, отандық өнеркәсіп пен шағын және орта бизнеске жан бітті. Қазақстан ТМД елдері арасында тікелей шетелдік инвестиция тартқан озық елге айналды. 1996-1997 жылдары Қазақстандағы өндіріс аяғынан тұрып, едәуір макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткіздік. Жалпы, халықаралық, отандық сарапшылардың пікірінше, 1991-1997 жылдар бұрынғы кеңестік мем­лекеттер үшін экономикалық күй­реу, құлдырау кезеңі саналады. Олар ғана емес, бұрынғы Варшава шарты шеңберіндегі мемлекеттердің көбі 2000-жылдардан кейін ғана ес жия бастағаны белгілі. Бұл тұрғыда Қа­зақстан олардан оқшау да озық тұр. Ал әлемдік үрдістер мен үдеріс­терден бас тартқан кейбір көрші­ле­ріміз жылдар өте келе саяси, эконо­микалық іргетасы болбыр, әлеуеті әлсіз, елеусіз мемлекетке, тіпті, бәзбірі «жабық қоғамға» айналды. Өз ішінде халықтық, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтай алмай, ұлтаралық қақтығыс пен саяси алауыздыққа жол берген мемлекеттердің дамуы ондаған жылдарға кері шегерілді. Қазақстан әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларды жан-жақты ойластырып, кешенді әрі сауатты жүргізуінің арқасында ұзақ уақыт әлемде қарқынды дамып келе жатқан 5 елдің қатарында болды. 2000-2007 жылдары Қазақстан өз тарихындағы ең бір қарқынды, әле­уетті өсуге қол жеткізді. Осы ке­зеңде Қазақстан экономикасы орта есеппен 10% деңгейінде өсіп отырды. Салыстыру үшін, 1997 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 1445 доллар болса, 2007 жылы 6800 долларға жетті. Тауар айналымы 5,4 есе, экспорт 6,6 есе өсті. Қазақстан уран, көмір, мұнай мен газ, астық өндіруде әлемдік же­тек­ші мемлекеттердің қатарына енді. Дүние үнемі өзгеріс үстінде. Жаңа ғасырдың екінші он жылдығы да жаңа сынақтар мен сыйларға толы болғанын көзіміз көріп отыр. Әлем экономикасын тұралатқан қаржы дағдарысы дамыған елдердің өзін есеңгіретіп кетті. Халықаралық нарықта шикізат бағасының төмендеуі біз үшін де оңай соққан жоқ. Мемлекет бюджетіндегі кейбір әлеуметтік маңызы төмен шығындарды қысқартып, Ұлттық қордағы қаржыны пайдалануға тура келді. Мемлекет қаржы саласын, екінші деңгейлі банктер мен бизнесті мейлінше қолдап бақты. Мұның өзі ел экономикасының тұрақтылығына, халықтың әл-ауқатының шектен тыс төмендеп кетпеуіне зор ықпалын тигізді. Осындай айтып келмейтін тәуекел­дерге, тосыннан ұшырасқан қиындықтарға қарамастан, біз «Қазақстан-2030» Стратегиясында алға қойған міндеттерді мерзімінен бұрын еңсеруге қол жеткіздік. Ең бастысы, мемлекет осы уақыт ішінде өзінің әлеуметтік ұстанымын еш өзгерткен емес. Он бес жылдың ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1,7 триллионнан 28 триллион теңгеге, Қазақстандықтардың табысы 16 есеге өскен. 1997 жылдан бері республика бойынша 942 мектеп, сонымен қатар, 758 аурухана және өзге де денсаулық сақтау нысандары салынған. Қазіргідей ауыр кезеңнің өзін­де Қазақстан экономикасында сауы­ғу, өсу белгілері байқалады. Мәсе­лен, 2016 жылдың қаңтар-қыр­күйек айларында ішкі жалпы өнім 0,4%-ға өскен. Осы уақыт аралы­ғында құрылыс саласы 6,9%-ға, ауыл шаруашылығы 4,9%-ға, мал шаруашылығы 2,5%-ға, тауар өндіру 0,2%-ға, қызмет көрсету 0,4%-ға артып отыр. Инфляция қыркүйек айын­да 0,2%-ға ғана төмендеген. Бұл – жай сандар шеруі емес, бұл – тұрмысы жақсарған, еңсесі көте­рілген мемлекеттің бүгінгі бейнесі. Жаңа ғасырдың екінші он жыл­­ды­ғында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз мемлекеттің алдын­дағы жаңа асулардың межесін белгі­леді. Бұл тарихи құжат – «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы еді. Елбасы бұл жолы тәуелсіздігіне кеше ғана қол жеткізіп, дамуға бет алған елдің емес, әбден толысып, қалыптасқан, аяғына нық тұрған мемлекеттің ұзақ мерзімді жоспарын түзіп берді. Енді біздің алдымызда жаңа мақсат-міндеттер тұр. Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясымен ұштасатын «2050» Стратегиясын табысты жүзеге асыруды бастадық. Президент Жолдауында аталып өткендей, қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытын айқындадық. Осы мақсаттың үдесінен шығу үшін Мемлекет басшысы мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту, эконо­микалық саясаттың жаңа қағидат­тарына көшу, жаңа әлеумет­тік үлгіні қалыптастыру, білім беру мен денсау­лық сақтаудың қазір­гі заманғы және тиімді жүйесін құру, мемлекеттік аппарат­тың жауапкершілігін арттыру, халық­аралық және қорғаныс саясатының жаңа сын-қатерлеріне пара-пар саясат құру тәрізді қадау-қадау міндеттерді белгілеп берді. Осының бәрі – Тәуелсіз Қазақ­станның ширек ғасырлық тарихын­дағы қол жеткізген табыстары мен жетістіктерінің бір парасы ғана. Бостандыққа, дербестікке жету арманының ел үшін қаншалықты «тар жол, тайғақ кешулі» болғанын, Елбасы үшін жауапкершілігі мен сал­мағы қаншалықты ауыр болға­нын бүгін ғана, жиырма бес жыл өт­кен соң бағамдап, бағалап отырмыз. Осындайда қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтің: «Өз ұлы, өз ерлерін ескермесе, Ел, тегі, алсын қайдан кемең­герді!» деген жүрекжарды жыр жолдары ойға оралады. Ақиқат жолы әрдайым адастырмайды. Бүгінде елді, мемлекетті да­мытудың «Назарбаевтық нұсқа­сы» өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Бұл кезең, бұл уақыт ел шежі­ре­сіне алтын әріптермен жазылып жатыр. Таулар алыстаған сайын биік­тейді. Уақыт пен тарих та. Тұлғалар да. Замана алмасып, енді бірер ұрпақ ауысқан тұста, Тәуелсіз Қазақстанның осы бір жиырма бес жылдық өмір тарихы Алтын дәуірге баланары ақиқат! Ұлы мереке құтты болсын!