14 Желтоқсан, 2016

Бахтияр ҮДЕРБЕКОВ: «Біздің алдымызға бұрын ешкімге жүктелмеген міндеттер қойылды»

223 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
img_3857-01-kopiya«Қорғас-Шығыс қақпасы» бас арнайы экономикалық аймағы директорының логистика жөніндегі орынбасары Бахтияр ҮДЕРБЕКОВ ішкі және сыртқы транзитті айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік беретін «НОМАД»  ақпараттық логистикалық жоба жүйесін енгізу туралы әңгімелеп берді.  – Арнайы экономикалық аймақтың іс жүзіндегі мәртебесі қандай және оның Қазақстандағы басқа АЭА-тардан қандай айыр­машылығы бар? – Логистикалық АЭА – бұл Қазақстан аумағында және мемле­кеттік шекара арқылы өткізу пунк­тіне жақын маңда құрылған арнайы экономикалық аймақ. Әдетте, автомобиль көлігі үшін өткізу пункті жасалады немесе біздегі сияқты, «Алтынкөл» стансасындағыдай темір­ жол көліктеріне арналған өткізу пункті болуы мүмкін. Қазақ­стандағы басқа АЭА-дан бірінші айыр­машылығы мынада – АЭА логистикалық аумағы­на әкелінетін тауарлар еркін кедендік аймақтың рәсім­деуіне кедендік декларациялаусыз орналастырылады. Бұл ретте мүдделі тұлғаның тауарларды түсіруге, қайта тиеуге, сондай-ақ, кедендік декларациялауға байланысты ешқандай қосымша шығынсыз, тауарды басқа көлік құралына жеткізетін көлік құралын ауыстыруға мүмкіндігі болады. Екінші ерекшелігі, тауарды еркін кедендік аймақтың кедендік рәсім­деуіне орналастыру үшін АЭА логистикалық резидентімен тауар­ларды қоймаға жинау және сақ­таудың осындай түріне байланысты жүк операциялары бойынша қызмет көрсету жөніндегі шарт жасаса болғаны. – «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА дамуы­ның негізгі бағыттары туралы айтсаңыз. – Бүгінгі күні «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА дамуының негізгі векторы оның транзитін ұлғайту болып табылады. Бұл жерде АЭА кедендік тазалауға арналған және тауарды әрі қарай ЕАЭО аумағы бо­йынша тасымалдайтын логистикалық орталық ретінде Қазақстан арқылы өтетін транзит үшін ғана емес, сондай-ақ ішкі тауар тасымалына да пайдаланылады. Транзитті ұлғайту даму динамикасына оң әсер етеді және аймақтың басқа салаларын да алға тартады деген ойдамыз. – АЭА мен өңірлік логис­тика­ның дамуында ақпараттық жүйелердің атқаратын рөлі қан­дай? «Қорғас-Шығыс қақпа­сы» АЭА ақпараттық жүйелері туралы толығырақ айтып берсеңіз. – Ең ірі әлемдік операторлардың бірі Dubai Port World (DP World) компаниясының берген кеңестері­нің арқасында біз қазір басқарушы компанияның, мем­лекеттік органдардың, АЭА резиденттері мен клиент­терінің өзара іс-қимылының көп функционалды ақпараттық платформасы – «НОМАД»  платформасын құрдық.  Біз таңдау жасағанда, DP World компаниясы тарапының консалтингіне тоқталғанымыз кездейсоқ емес екенін ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда бұл компания әлемнің 40 елінде 77 терминалға ие болып отыр. DP World әлемдік ірі инвестордың және девелопері БАӘ үкіметіне тиесілі Dubai World компаниясының қарамағында. «НОМАД» негізгі қызметі барлық мүдделі тұлғалардың арасындағы бай­­ланысты қамтамасыз ету, сон­дай-ақ, АЭА-дағы күнделікті бизнес-үдерістерді автоматтанды­ру болып табылады. Іс жүзінде біз АЭА электрондық бейнесін құр­ғымыз келеді. Бұл платформада барлық логистикалық үдеріске қа­ты­сушылар өзара бірлесіп жұмыс іс­тей алады. Бүгінде Қазақстанда мұн­дай ортақ платформа жоқ, тек же­ке­леген кішігірім жүйелер ғана бар. Бұл транзитке байланысты, тауарларды транс­шекаралық өткізуге, көлік құралдарына қатысты үде­рістерді ақпараттық технологиялармен қамтуға жасал­ған алғашқы қадам. Біздің алдымызда еліміздің тран­зиттік әлеуетін дамыту міндеті тұр. Қолда бар Қазақстандағы транзит дәлізінен, жабдықтардан басқа, логистиканың табысты дамуы инфрақұрылымдарды және ақпараттық қамтамасыз етуді талап етеді. Бүгінде бұл онсыз тиімді даму болмайтын қажеттілік. Мұндай ақпараттық жүйесіз, Қазақстан – картадағы қара дақ қана. Біз қазір транзиттік дәлізіміздегі Шығыс қақ­пасында ақпараттардың пайда болуына күш салудамыз, біз оны Қытайдың Ляньюньган портынан бастадық. Жол бойы ақпараттар жинақталады, сөйтіп нақты бір тасымалдау жолы бойынша дайын деректер базасына айналады. Әрі қарай бұл ақпарат тауар қайда барсын, мейлі Қазақстанның ішінде, ТМД, Қытай немесе Еуро­па болсын, барлық нүктелерге қол­жетімді болмақ. Ақпараттардың қайталанбауы үшін мемлекеттік органдардан берілетін барлық рұқ­сат құжаттардан бастап қонақүй броньдау, такси шақыруға қатысты қолайсыздықтарды болдырмау үшін біз осы транзитке қатысушылардың барлығы үшін қолжетімді ақпаратты ұсынамыз. Сондай-ақ, осыған ұқсас жүйелерді енгізу көлік түрлері арасындағы бәсекелестіктен арылтып, мультиқашықтық платфор­масында өзара белсенді іс-әрекет­тер жасауға мүмкіндік береді. Осы­лайша, жүкті тасымалдауды барлық көлік мүмкіндіктерін пайдалана отырып жоспарлауға болады. Мысалы, ұзақ күтіп тұрмай-ақ белгілі бір аумақ аралығында автобус көлігін, ал жолдың басқа бөлігінде темір­жол көлігін пайдалануға болады. Біздің алдымызға бұрын ешкімге жүктелмеген міндеттер қойылды. Тек қана автомобиль көлігі бойын­ша біз тәулігіне 200 бірлікке дейін қызмет көрсетеміз, ал авто­мат­танд­ырылған үдеріссіз ол мүмкін емес. – «НОМАД» болашақта қандай мүмкін­діктер бе­реді? – «НОМАД» көлік кірген кезден бастап ол туралы ақпаратты жинай бастайды, содан кейін әрі қарай жүрген жолдағы барлық ақпараттарды жинап, шығатын кезде кеден үшін жүктің көлемі, радиациялық бақылау және та­ғы басқа деректері бойынша элек­трондық журналды жасап береді. Болашақта біз әлемдік порттар жүйе­сіне интеграциялануды жоспарлап отырмыз. Бұл қауіпсіз жеткізу тізбегін қамтамасыз ету үшін және элек­трондық құжат айналымына негізделген «GreenCustom – Жасыл кеден» технологияларының белсенді енгізілуіне байланысты көліктердің шекарада тұрып қалу проблемаларын шешуді қамтамасыз етуге қажет. Сондай-ақ, «НОМАД» сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында өте көп нәрсе береді, өйткені үдеріске қатысушылардың барлығы үшін бүкіл жұмыстар ашық жасалады. Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстанда мұндай ақпараттық жүйені енгізу, өкінішке қарай, ноу-хау емес, бүгінде бұл ең өзекті қажеттілік және онсыз толыққанды логистика болмайды. Мұндай ақпараттық жүйенің болуы тасымалданатын тауарлардың иелері­не өздерінің төлейтін сақтандыру төлемдерін тө­мен­детуге мүмкіндік береді. Егер сіз өз тауарыңызды жол бойындағы кез келген нүктеде көрсеңіз, егер сіз бүкіл үдерістің ашық жүріп жат­қанын білсеңіз – онда тәуе­кел­дер барынша аз деген сөз, ал ол өз кезе­гінде жүкті сақтандыру құнын төмендетеді. – «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА объек­тілерінде кімдер жұмыс істейді? Сіздің ойы­ңызша өңірдегі кадр мәселесі қанша­лықты өзек­ті? – Кадр ресурстары проблемасы Алматы облысында ғана емес, жалпы ел бойынша өзекті мәселелердің бірі деп айтуға болады. Айта кетейік, бүгінгі таңда Алматы облысының Панфилов ауданында жас мамандар үшін мансаптық өсуге жол ашық. Мысалы, арнайы экономикалық аймақтан басқа, осы өңірде «Жаңа Дубай» деп атап жүрген «құрғақ порт», «Алтынкөл» темір жол стансасы, сондай-ақ, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА жобасымен жиі шатастыратын «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықара­лық ор­талығы жұмыс істейді. Жақын орналасқан Алматы қаласының арқасында кадр проблемасы қысқа мер­зімнің ішінде оң шешілуі мүмкін. Алматыдағы ҚазАТК, КУПС, Халық шаруашылығы сияқты, логис­тика, көлік, қойма шаруашылығы және басқа да мамандар даярлайтын салалық оқу орындарының болуы кадрлардың жетіспеушілігін жояды деген үміттеміз. Сондай-ақ, DP World серік­тестерімізбен бірлесіп, АЭА компаниясын басқарушы қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіледі. Қазіргі кезде АЭА аума­ғында ҚазАТК филиалын ашу жөнінде жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Біз өңіріміздегі орташа жалақыны еліміз бойынша осы саладағы орташа жалақыдан ең болмағанда 50%-ға арттыру туралы алдымызға мақсат қойып отырмыз, бұл неғұрлым білікті кадрларды өзімізге тартуға мүмкіндік береді. – АЭА тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және ондай жағдайлар туындап жатса, шығындарды азайту бойынша қандай жұмыс жүргізіледі? – Әлемдік қауымдастықта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әр азаматтың борышы болып саналады. Өкінішке қарай, біздің қоғамда сыбайлас жемқорлық­қа қарсы күрес – мемлекеттік органдардың жұмысы деген пікір қалыптасқан. Біз компания ішінде де, одан тыс жерде де сыбайлас жемқорлыққа төзбеу­шілікке ұмтыламыз. Бүгінгі таңда біздің алдымызда шетелдік инвесторлардың белгілі бір талаптарына, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне сәйкес болу қажеттілігі тұр. Қазір біз халық­аралық сәй­кестік сертификатын және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес стандартын алу үшін жұмыс жасап жатырмыз. Ірі халықаралық инвесторлар мұндай стандарттары жоқ компанияға инвестиция салмайды. Яғни, бұл біз үшін сыбайлас жемқорлықты болдырмау нақты қажеттілік болып табылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындаған жағдайда оған қарсы қалай әрекет жасау керектігін әрбір қызметкердің білуі тиіс. Бұл – бү­кіл компанияның қызметіне қа­тысты, құжаттардан ресімдеуден бас­тап, қызметкерлерді көтермелеу немесе жазалаумен аяқталатын ұзақ үдеріс. Біздің қазақстандық заң­нама, әдетте постфактум жұмыс істейді, яғни сыбайлас жемқорлық жасалғаннан кейін жазалайды, ал еуропалық заңдар – осы құқық бұзушылықты болдырмауға тырысады. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы өздерінің ішінде ғана күресіп қоймай, бұл үдерісте шетелдік компанияларды өз стандарттарына сәйкес болуға мәжбүрлейді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық үшін және күмәнді серіктестермен ынтымақтастықта болғаны үшін салынатын айыппұлдар Еуропада өте салмақты, сондықтан инвесторларымыз бізге де осындай талаптар қояды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге байланысты адами фактордың әсерін «бір терезе қағидаты» бойынша төмендету және сыбайлас жемқорлықтың пайда болу тәуекелін азайту үшін АЭА қатысу­шыларға онлайн ре­жімінде қызмет көрсететін «НОМАД» ақ­парат­тық жүйесін енгізу жұмыс­тары атқарылып жатыр. Қаты­сушыға мемлекеттік орган­­дар­мен байланыс жасамай-ақ, тек компанияның басқарушысымен тікелей қатынасуға болады. – Электрондық сауда-сат­тықты дамыту бағы­тын­да «Қор­ғас-Шығыс қақпасы» АЭА тара­пынан қандай қадамдар жасалып жатыр? – Өздеріңізге белгілі, элек­трондық сауда – бұл қазіргі заманғы сауданың тренді. Электрондық сатудың көлемі қарқынмен өсуде және бұл факторды ескермеу қателік болады. Басқарушы компания, әрине, АЭА қатысушыларының бұл үдеріске қатысуы үшін бар­лық жағдайды жасайды. АЭА-ның аумағында халықаралық пошта қатынастары орындарын ашу жоспарланған. ҚТЖ Экс­преспен бірлесіп экспресс-жүктерді жөнелту жобасы жасалып жатыр. Еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы қаласының жақын (300 км) орналасуы және Батыс Еуропа – Батыс Қытай жаңа күрежолымен жүкті жеткізудің ыңғайлы болуы та­уарды соңғы тұтынушыға жеткізуді ұйымдастыру үшін интернет алаңдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. – Әңгімемізді компанияның келесі жылға қандай жоспар­лар жасап отырғанымен қорытын­дыласақ. – Бірінші кезекте бұл – біздің «НОМАД» ап­параттық-бағдар­ламалық жобамызды жүзеге асыру. 2017 жылы бірінші тоқсанның аяғында ақпараттық жүйені өнер­кәсіптік пайдалануға енгізу жос­пар­лануда. Қазір қызметтік тестілеуді аяқтаймыз, содан кейін қосымша тестілеуге көшеміз. Оны 100-ден астам адам жасады. «НОМАД» платформасын дайындаған ең мықты отандық компа­ниялар, ал кеңес­шілер, жоғарыда айтып кеткен DP World болды. Бұл жүйе қандай болуы керек, олардың қан­дай даму жолдары бар, неге ұмтылу керек деген мәсе­ле­лерді солар түсіндіреді. Мақсатымыз барлық логис­тика­ға қатысушылардың өзара іс-әрекет­терінің бірыңғай платформасына қол жеткізу болды. Біз алдағы уақытта инвесторлар санын арттыруды жос­парлап отырмыз. Бүгінгі күні біз екі қытайлық про­вин­циямен, бірнеше еуропалық инвесторлармен және ресейлік компаниямен жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Қатысушылар «НОМАД» бірыңғай ақпараттық логистикалық жүйені пайдалана отырып «бір терезе қағидаты» бойынша жұмыс істейді деп жоспарлануда. Тағы бір маңызды мәселені айта кетейін, біздің жүйенің көмегімен халықаралық тасымалдаушылар мен өндірушілер қазақстандық компаниялармен жақын таныса алады және логистика бойынша серіктес ретінде оларды таңдай алады. Әңгімелескен Санжар ӘМІРХАНОВ