14 Желтоқсан, 2016

Темір жол ардагерлеріне орден тапсырылды

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының әкімшілік ғимаратында саланың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мамандары мен шетелдік әріптестерін салтанатты жағдайда марапаттады. Басқосуға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин қатысып, сөз сөйледі. Ол еліміздегі темір жол саласының қарқынды дамуын әңгімелеп, теміржолшылардың еңбегін ерекше атап өтті. «Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылған жобалардың арқасында тұрақты ілгерілеу үстінде. Біз қысқа мерзімде маңызы үлкен табыстарға қол жеткізіп, халықаралық аренада мәртебеміз асқақтады. Президенттің бірегей шешімімен жаңа әлемдегі орны айрықша елордамыз – Астана салынды. Бұл қала – қазіргі таңда тәуелсіздігіміздің символы. Егемендік алғалы бері елімізге шет мемлекеттерден тартылған инвес­тиция көлемі 265 миллиард долларды құрады», деген Асқар Ұзақбайұлы еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуеті дамып жатқанын айтты. Бірінші вице-премьердің сөзіне қарағанда, Елбасы бастамасымен көлік және логистика саласында Қазақстан және Еуразия континенті үшін тарихи маңызы бар жобалар қолға алынған. Салтанатты жиында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев әріптестерін ел Тәуелсіздігінің мерейтойымен құттықтады. Ол компанияның жетістіктерін сөз етіп, егемендік алғалы Қазақстан экономикасының қанат жаюы­на серпін беретін іргелі істердің атқарылғанын әңгімеледі. Шара барысында көпшілік Қазақстан темір жолының тарихына арналған деректі фильмді көріп, көркемөнерпаздардың концертін тамашалады. Содан кейін бір топ теміржол саласының ардагері мен шетелдік әріптестері «Құрмет», «Парасат» және екінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталды. «Экономиканың күретамыры саналатын темір жол локомотивінде он сегіз жасымнан бас­тап қызмет етіп келемін. Көптеген жобаларға қатысып, тамшыдай болса да үлесімді қостым. Әріптестерімнің әрқайсысының еңбегі ұшан-теңіз. Соны елеп-ескерген, ықыласына бөлеген басшылыққа алғысымыз шексіз», деп ағынан жарылды Қазақстан темір жолы академиясының ректоры Бақытжан Қуанышов. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»