14 Желтоқсан, 2016

Мықтылардың өзін мойындатқан

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
balalarқазақ балалары Тәуелсіздіктің 25 жылдығына керемет тарту жасады «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». Көреген Абай елдің ел болуы үшін керекті нәрсені 2-ақ сөйлемге түйіп айтып кетті. Абай сөзін ұққан өткен ғасырлардағы қара танымайтын талай қазақ баласы білімге ұмтылды. Сол ұл-қыздардың арқасында бізге тәуелсіздіктің де таңы сібірлегені өтірік емес. Ал еркіндік келешек ұрпаққа үлкен мүмкіндіктердің есігін ашты. Бұл мүмкіндіктерді мүлт жібермей келе жатқан қазақ балалары да жоқ емес. Күні кеше мектеп оқушылары арасында информатикадан өткен «Бүкілресейлік Командалық Олимпиаданы» тұңғыш рет қазақ балалары ұтып алды. Аты ре­сей­лік болғанымен бұл олимпиаданы ашық чемпионат деп айтқан жөн. ТМД елдері бойынша жарысқа жыл сайын 200-ден астам команда қатысады. 2000 жыл­дан бері жарыс 16 рет өткізілсе, со­ның 12-сінде ресейлік, 4-еуінде белорус­тық балалар жеңімпаз атанған екен. Қазақстандықтардың ең жоғарғы нәтижесі – 2013 жылғы 6-орын. Мұндай үлкен дәрежеде өтетін информатикалық олимпиадада сәтті өнер көрсеткендердің болашақта Google, Facebook, Twitter сынды танымал компа­ния­ларда жұмыс жасау мүмкіндіктері мол. Ресейлік оқушыларды студенттер ара­сын­да жыл сайын өтетін әлем чемпио­на­тын алма-кезек ұтып жүретін сол ел уни­­­вер­ситеттерінің мұғалімдері жаттық­тыра­ды. Алайда, қанша мықты дегенмен, ресей­­лік оқушылар биыл қазақстандық құра­маға жол берді. Чемпиондық коман­да­­ның құра­мын­да болып, алтын медаль алуға атса­лыс­қандар: астаналық қазақ-түрік лицейі­нің оқу­шысы Санжар Бидайбек және ал­ма­ты­лық қазақ-түрік лицейінің оқушы­лары Асхат Жалғасов пен Нұрбақыт Мәдибек. Болашақта IT саласындағы әлемнің көш­басшы компанияларында жұмыс жасау­ды армандайтын бұл балалар Тәуел­сіз­діктің 25 жылдығына керемет тарту жаса­ды деп нық сеніммен айтуға болады. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»