«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Күреңбелге аялдап, Қапшағайға келді
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Кербұлақ ауданының Сарыөзек бекетіне аялдады.
Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және өңір тұрғындарынан құралған 2000 адам қатысқан салтанатты жиын өтті. Акцияны Кербұлақ ауданының əкімі Бағдат Әлиев ашып, темір жол бекетіне келген сан сала мамандарының атқаратын жұмыстарына сəттілік тіледі.
Келесі кезекте облыстық ҚХА мүшелері, ғылыми-сарапшылық кеңесінің және этномәдени бірлестіктердің өкілдері пойызбен келген мамандармен етене араласып кетті. Құқық, кəсіпкерлік жəне бизнес, ауыл шаруашылығы, тұтынушылар құқығын қорғау, білім беру мəселелері бойынша кәсіби мамандар жұмыс жасады. Бұл бекетте де үміт артып келушілердің көпшілігі денсаулық сақтау саласы мамандарының көмегіне жүгініп, аудандық емханада дəрігерлер күні бойы емделушілерді қабылдап, медициналық мəселелер бойынша кеңестер берді. Жалпы, дәрігерлік қызмет 248 адамды қамтыды. Оның ішінде 30-ы бала болды. Астана және Алматы қалаларындағы медициналық орталықтарға 6 адам жіберілсе, 2 адам үйлерінде кеңес алды.
Аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратында әлеуметтік ахуал бойынша 40 адамның өтініш-тілектері тыңдалды. Әділет министрлігі өкілдерінің қатысуымен құқықтық көмек көрсету және заң мәселелері бойынша өткен қабылдауға 15 адам келді. Тұтынушылар тарапынан сауда орындарындағы бағаның тұрақсыздығы, көкөністердің сапасы, сапасыз өнімдерді қалай қайтаруға болатындығы туралы сұрақтар қойылды. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша 30 адамға консультативтік кеңестер берілді.
Жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін жетім балалар, аз қамтылған отбасыларынан шыққан түлектерге жеңілдікпен несие, депозит бөлуге қандай көмек көрсетіледі? Балабақшаға қабылдау кезінде көп балалы отбасынан шыққан, немесе әлеуметтік жағдайы төмен әрі аз қамтылған отбасы балаларына Үкімет тарапынан төлемақыға 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған ба? Шағын орталықтарға музыка, дене шынықтыру салалары бойынша жетекшілер жетіспейтіндігі ескеріліп, штатты көбейтсе, деген ұсыныстар айтылды. Жалпы, іс-шараға 2 600-ден аса адам қамтылды.
Ел сауалын арқалаған «Тəуелсіз Қазақстан» пойызы Қапшағай қаласына жол тартты.
* * *
Еліміздегі ең ірі мегополистің іргесінде орналасқан қапшағайлықтардың өздерін алматылықтар секілді сезінетіндері де рас. Олар бұл күні де татулықтарын айқын аңғартып, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызын ерекше құрметпен қарсы алды.
Мемлекеттік мәні бар республикалық акцияны Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Қалқабай Ақтанберді ашып берді. Қалыптасқан дәстүр бойынша акция мүшелері өздеріне жүктелген міндеттерін адал атқарып, халықтың көңілінен шыға білді.
– Алтынкөл бекетінен Жетісу жеріне кіргелі бері ырысты елдің ынтымағын көріп, разы болдық. Осы елдің ниетінің ақтығы әсер еткен де шығар, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, заңгерлік көмек көрсету секілді сан сала бойынша республикамыздан жиналған білікті мамандар шаршағандықтарын білдірмей, әр бекетке аялдаған сайын тың күшпен көмек көрсетті. Нәтижесінде халық разы болды. Рас, қалалардағыдай қолжетімділік алыстағы
ауылдарда жоқ қой. Сондықтан қарапайым ғана бір жұмыс ауыл тұрғындарына үлкен проблема болып көрінеді. Оны жан-жақты дәлелдеудің өзі артық. Тек түсіністікпен қарау керек те, мүмкіндігінше көмектесу қажет. Міне, осындай өзекті мәселелерді ескерсе керек, Елбасы арнайы тапсырма беріп, бізді Астанадан аттандырды. Халыққа көрсеткен адал қызметімізді бұқаралық ақпарат құралдары өз уақытында сол елге көрсетіп, жазып та отырды. Шыны керек, Алматы облысында тұратын 103 этнос өкілі ынтымағымен, татулығығымен тәнті етті. «Ырыс алды – ынтымақ» деген қазақы даналықтың жарқын дәлелі екенін аңғартты. Сондықтан, жетісулықтарға дән разымыз, – деді «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Халықаралық қатынастар» кафедрасының профессоры Әміржан Әлпейісов.
Сонымен, Жетісудың жетінші бекетінде де 2 500 адамға қызмет көрсетіп, консультативтік кеңес беріп, ел алғысын арқалаған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Қапшағайдан соңғы бекеті – Алматыға аттанып кетті.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы