Кеше Астанада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ел дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды. Марапатталғандар қатарында мемлекеттік қызметшілер, мәдениет, білім мен ғылым және денсаулық сақтау салалары мен бизнес өкілдері болды.
Шара барысында Гүлшара Әбдіқалықова ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күні қарсаңында жоғары наградаларды тапсыру игі дәстүрге айналғанын айта келіп, бұл күндері бүкіл еліміз қоғамды дамытуға және Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін көпшілік құрметіне бөленіп, ерекше көзге түскен қазақстандықтарды марапаттап жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, ол Тәуелсіздіктің 25 жылында елімізде әлеуметтік-экономикалық дамудың қазақстандық моделі қалыптасып, демократиялық саяси жүйе және жүзден аса этнос пен 18 конфессия өкілдерінің басын қосқан этносаралық келісімнің бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанын, қол жеткізілген табыстар Қазақстан Президентінің стратегиялық тұрғыдан ойлай білетін көрегендігі мен саяси ерік-жігерінің айқын көрінісі, ел азаматтарының қалтқысыз қызметі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап көрсетті.
– Игі дәстүр бойынша жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуына еңбегін сіңірген Қазақстан азаматтарының елеулі тобын мемлекеттік наградалармен марапаттайды. Биыл еліміздің мәртебелі мерейлі белесінде Елбасының Жарлығымен 2 710 адам жоғары мемлекеттік наградаға ие болды. Бұл ел Президентінің Қазақстан азаматтарының, оның ішінде сіздердің Тәуелсіздікті нығайтудағы еңселі еңбектеріңізге берген жоғары бағасы деп қабылдауымыз керек. Ел Тәуел-
сіздігінің биылғы маңызды белесі барша халқымыз үшін мерекеге айналуда. Ата-бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздік 1991 жылғы 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданғаннан кейін басталғаны мәлім. Ширек ғасырда әлемдік деңгейдегі тұлға – Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан демократиялық, саяси-құқықтық жүйесі бар, экономикасы тұрақты, халқының әл-ауқаты жоғары, жаһанға бейбіт тірлік, берекелі дамумен танылған мәртебелі мемлекет ретінде қалыптасты, – деді Мемлекеттік хатшы. Одан әрі Г.Әбдіқалықова аз ғана уақыттан кейін награда алғалы тұрғандардың ішінде әр алуан мамандық иелері бар екенін айта келіп, Тәуелсіздік тұғырын бекіту жолында тер төгіп жүрген бұл азаматтардың Қазақстанды жаңа биікке бастап, еңбекте жемісті нәтижелер көрсете беретініне сенім білдірді.
Сонымен, мемлекеттік, қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені «Қазақ тамақтану академиясы ҚБ» ЖШС президенті Т.Шарманов пен Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Н.Коржоваға берілді. Бұдан кейін, «Парасат» орденімен – «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы, белгілі қаламгер С.Мәмет, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы А.Жұмағалиев, «Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті» РМК ректоры Д.Нүкетаева, ақын С.Тұрғынбекұлы, Қазақстанның қол добы федерациясының құрметті президенті Д.Тұрлыханов, Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің бас солисі Ж.Бақтай, «Ұлттық өнер» ЖШС директоры Т.Бурмистрова, Сәулетшілер одағының президенті А.Рүстембеков, Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының меңгерушісі С.Тәңірберген, Президент Кеңсесі бастығының орынбасары Б.Темірболат, Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Ғ.Тілеубеков марапатталды.
Ал ІІ дәрежелі «Достық» ордені «Жастар театры» МКҚК көркемдік жетекшісі Н.Жақыпбай мен «Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театры» РМҚК директоры Л.Ниге тапсырылды.
«Құрмет» орденіне – Президент Әкімшілігі бөлім меңгерушісінің орынбасары С.Айдарбеков, Президент Баспасөз хатшысының орынбасары М.Әкімжанова, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті С.Жұбандықов, «North Caspian Operating Company» компаниясының директоры Р.Әубәкіров, Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Н.Галихин, Көкшетау қаласындағы «Красный Яр №1 орта мектебі» КММ мұғалімі О.Мурзагельдинова, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Ұ.Нүсіпәлі, «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМҚК нұсқаушы-спортшысы Д.Сәдуақасова, Алматы облысындағы «Кормовик» ЖШС бас директоры Н.Сыдықов, Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Ә.Тұрсынов, Президент Әкімшілігінің Басшысы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ю.Черкасов лайықты деп танылды.
Сонымен қатар, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені Қарағанды қаласындағы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті И.Костенко атындағы шахтасының жұмысшысы Қ.Сүлейменовке, Қызылорда облысындағы «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС аға шебері К.Кемаловаға, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Нежинка-Ерке» ЖШС сауыншысы Р.Яцуковаға берілді.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен «Қазақ әуендері» АҚ филиалы – «Гүлдер» ансамблінің әншісі Ұлықпан Жолдасов, «Дос-Мұқасан» ансамблінің көркемдік жетекшісі Мұрат Құсайынов, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ президенті Ж.Болдықова, «Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры» РМҚК директоры Н.Горобец, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» КЕАҚ жетекші опера солисі Ж.Ғабдуллина, «Қазақ әуендері» АҚ филиалы «Гүлдер» ансамблінің әншісі Н.Қонысбаев, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» РМҚК әртісі Е.Рысқали марапатталды.
Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі Президент Әкімшілігі бөлім меңгерушісінің орынбасары Н.Кузьмин мен Президент Әкімшілігі бөлім меңгерушісінің орынбасары Е.Құдайбергеновке берілді.
Жиын соңында Г.Әбдіқалықова қатысушыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, баршаға бейбітшілік пен бақ-береке, Отанымыздың игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»