14 Желтоқсан, 2016

Ізгіліктің айқын айғағы

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заңға жария түрде қол қойған болатын. Бұл шешім көпшіліктің үлкен ризашылығын туғызды, яғни амнистия қазақстандықтар тарапынан маңызды адамгершілік акциясы ретінде қабылданып отыр. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына байланысты жарияланған амнис­тияны өте орынды мейірімділік акциясы деп санаймын. Өйткені, көптеген адам жаңылыстан, заң талабын білмегендіктен де қылмысқа аңдамай баруы әбден мүмкін. Бұларды қылмыскерлер емес, жаза басқандар деп санауға болады. Ал сот оларды заң талабын бұзғандығы үшін қылмыскер деп танып, бас бостандығынан айы­рады. Мұндай адамдарды қылмыс әлемінің ықпалына түсіп кетуден сақтау үшін де амнистия жасалғаны өте орынды. Мен амнистия туралы заң жобасымен мұқият таныстым. Онда амнистияға ілігіп, қоғамға қайтарылатындардың көбісі әлеуметтік әлжуаз топтардың өкілдері. Бұлар мүгедектер, кәрі адамдар, жас баласы бар әйелдер және т.с.с. Мұндай тізімге ілінетін 1500 адамның 80 пайызына жуығының жазалары бас бостандығын айырмайтын, алайда, пробация қызметтерінің бақылауында бостандығын шектеу жазаларымен ауыс­тырылады. Сонымен бірге, амнистияға жатқызылғандардың арасында ұсақ қылмыс жасаған 11 мыңдай адам бар. Оларға жаза ретінде түзеу жұмыстарын атқару, сондай-ақ, айыппұлдар салынған. Енді олар жазадан толығымен босайтын болады. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың өтелмеген жазасының мерзімдері әртүрлі көлемдерге қысқартылады. Сөйтіп, бұл амнистия өте көп адамға жеңілдік жасап отыр. Бас прокурордың деректеріне қарағанда, ол 28 мыңға жуық адамды қамтиды. Әрқайсысының туыстары, балалары мен жақтастары 10 адамнан дегеннің өзінде ол 300 мыңға жуық адамды қуантары сөзсіз. Сондықтан бұл ізгілік акциясын Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына лайықты тарту деп санаймын. Марат БӘШІМОВ, заң ғылымдарының докторы