Мен еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын алдым. Бұл – мен үшін ұмытылмайтын тарихи сәт. Нұрсұлтан Әбішұлы кеудеме «Алтын Жұлдызды» тағып тұрғанда толқығанымды жасыра алмаймын.
Әрине, еңбектің еленгенін әркім жақсы көреді, мен де пенде ретінде сондай бақытты сәтті бастан кештім. Осы хабарды естіп, сол бақытты сәт жақындаған сайын жүрек бұлқынып, марқұм әкемнің, ауыл ақсақалдарының бала кезімізде шерткен әңгімелерін, халқымның өзім оқыған тарихын ойша шолдым. Азаттық алмағанымызда еліміз экономикасының қарқынды дамуына үлес қосып отырған кәсіпкерлердің, тамаша мамандардың қадамы жүріп, жұлдызы жарқырайды деудің өзі бекер болар еді. Аталарымыздың сыртқы жаумен арпалысып, атанның қомында, аттың жалында жүріп қорғаған осынша жерді гүлдендіру, кейінгі ұрпаққа мұра ету – біздің қасиетті міндетіміз. Менің қатарластарым жас болсақ та азаттықты алып, оның іргесін бекітудің де оңай болмағандығын білеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты саясатының арқасында Қазақстанды әлем таныды.
Еліміздің жоғары атағына ие болуым тек өзімнің ғана еңбегім емес. Азаттық алған елін дұрыс бағытқа бастаған Елбасы, 90-шы жылдардағы экономикалық қиындықтарды бірлесіп жеңе білген ел-жұртым, еңбек ұжымым болмағанда, мен тау көтерер Толағай емеспін, мұндай қошеметті көрмес едім. Бұл маған ғана емес, Қостанай облысы еңбеккерлерінің еңбегіне берілген баға деп түсінемін.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ Елбасымыздың «алдымен – экономика, сосын – саясат» дегені барлығымыздың есімізде. Президенттің бастауымен экономиканы тұрақтандыратын, дамытатын мемлекеттік ірі бағдарламалар қолға алынды. Сол бағдарламалар аясында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мемлекет тарапынан мейлінше көмек көрдік. Мемлекет көмек беріп отырғанда бастаған істі неге ұқсатуға болмайды? Мен секілді кәсіпкерлер соны түсіндік. Ауыл шаруашылығын дамытуға өзім шама келгенше жаңа көзқараспен қарауға тырыстым. Ол үшін ең алдымен бабалар мұраға қалдырған жерді аялау керек болды. Егін шаруашылығы да, мал шаруашылығы да жерді күтпей, ойдағыдай өнім бермейді. Ол үшін озық техникаларды, үздік технологияларды пайдалануға толық мүмкіндік жасалды. Қазір біздің облыс диқандары өндіретін астық та, ұн да экспортқа жоғары сапамен өтеді.
Ауыл шаруашылығының әлі де дами беретіндігіне өзім сенімдімін. Қазір кәсіпкерлікке ұмтылған жастардың барлығы да сауатты, білімді. Өзімізде өндірілген шикізаттың өзімізде өңделуі керектігін жақсы түсінеді. Ауыл шаруашылығында осы 25 жыл ішінде біздің облыс үшін өнімнің жаңа түрлері өндіріле бастады. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз экономикасы мен әлеуметтік саласы 17 есе өсті! Еңбектің арқасында кең даламыздың қасиеті артып, Мәңгілік Ел идеясының маңызы ғасырлардан ғасырларға жалғаспақ. Елбасы қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағының «Алтын Жұлдызын» алғаннан кейін осындай ойлардың жетегінде болдым.
Еңбек ойлаған мақсатқа жеткізеді, мерейлендіреді. Біздің Тәуелсіз еліміздегі еңбек адамына деген құрмет мені де қанаттандырды. Еліме қалай, Елбасыма қалай риза болмайын. Менің жүрегімді бұлқынтқан, көкірегімді керген мақтаныш осы еді.
Алмат ТҰРСЫНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері
Қостанай облысы