14 Желтоқсан, 2016

Жемісті еңбекке – жоғары марапат

478 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
13-12-da9_4934bКеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, ғылым және мәдениет қайраткерлері бар. Салтанатты шарада Президент Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте жұртшылықты Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен құттықтай келіп, аталған марапаттау ша­ра- сының маңыздылығына тоқ­талды. – Баршаңызды алда келе жатқан еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – Қазақ елінің жаһанға танылған, барлық игілігіміздің бастауы болған ең басты мерекеміз. Сіздер осындай айтулы күн қарсаңында жоғары марапатқа ие болып отырсыздар. Бұл – жеке азаматтар арқылы барша халқымыздың істеген ерен еңбегіне деген баға. Кез келген ел өзінің ерен өнерімен, мәйекті мәдениетімен ерекшеленеді. Бұл ретте талантты туынды тұтас ұлттың рухани қазынасын байыта түседі. Осыған орай бүгін әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды да тапсырғалы тұрмыз. Ақорданың төріне жиналған баршаңыз үшін бұл ерекше мерейлі сәт деп білемін. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деді Елбасы. Одан әрі Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігі басты құндылығымыз екенін айта келіп, марапат иелерінің ел дамуындағы еңбегіне назар аударды. – Ардақты ағайын, Тәуелсіздік кез келген елдің баға жетпейтін ең қастерлі құндылығы болып табылады. Біз – азаттықтың арқасында айымыз оңынан туып, төрткүл дүниеге түгел танылған халықпыз. Ширек ғасырда ел есінде қалатын ұлан-ғайыр істер атқардық. Осы жылдардағы барлық жетістіктер әрбір қазақстандықтың ерен еңбегінің нәтижесі болып табылады. Соның ішінде бүгінгі марапат иелерінің әрқайсысының қосқан үлесі зор. Сіздер өнегелі істеріңізбен өзгелерге үлгі болып, көпшілік құрметіне бөленіп жүрсіздер. Өз еңбектеріңізбен елімізге беделді азаматтар болдыңыздар. Өз саласында ерекше табысқа жетіп жүрген азаматтар ең жоғары наградаға лайықты деп санадық, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы биылғы мемлекеттік наградалармен марапаттау салтанатының өзіндік ерекше маңызы бар екенін, бұл шараның еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығының аясында өтіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, Елбасы Тәуелсіздіктің ширек ғасырында өзінің еңбегімен, белсенді қызметімен елімізге, қоғамымызға танылып, мемлекеттік наградаларға ие болған отандастарымыздың тұтастай шоқжұлдызы пайда болғанын, олардың ел мақтанышына айналғанын атап көрсетті. Бұдан кейін мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсіміне кезек берілді. Сонымен, шара барысында төмендегі азаматтар марапатталды. Қазақстан Республикасы эко­но­микалық, әлеуметтік-гумани­тарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы С.Қ.Ақшолақов пен Қостанай облысы Қарасу ауданы «Қарасу» СӨК» ЖШС бас директоры А.Ж.Тұрсыновқа тапсырылды. Ал мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеу­меттік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Р.Жақсыбеков жә­не Жоғарғы соттың төрағасы Қ.Ә.Мәми, ІІ дәрежелі «Барыс» орде­німен – «Ұлттық штаттық коман­далар және спорт резерві дирек­циясы» РМҚК нұсқаушы-спорт­шысы З.Р.Габидуллина, «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым ака­де­миясы» РҚБ президенті М.Жұ­рынов, Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы К.Қ.Мәсімов, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.М.Тәжин, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының директоры З.Л.Федотова, Қазақстан Президенті Іс басқарушысының бірінші орынбасары Д.Қ.Іңкәрбаев, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – композитор А.Қоразбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.А.Құл-Мұхаммед, Оңтүстік Қазақстан облысы «САУТС ОЙЛ» ЖШС президенті С.Сейітжанов, «Қа­зақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрайымы Ү.Б.Шаяхметова марапатталды. Сондай-ақ, «Парасат» ор­денін – Қазақ ұлттық хореография ака­демиясының ректоры А.Ә.Асыл­мұратова, Қарағанды облысының әкімі Н.Қ.Әбдібеков, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Б.Дүйсенова, Астана қаласының әкімі Ә.Ө.Исекешев, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Атырау облысының әкімі Н.А.Ноғаев және «Қазақстан Камератасы» клас­сикалық музыка ансамблінің директоры Г.Қ.Мырзабекова иеленді. Бұған қоса, І дәрежелі «Достық» ордені – Конституциялық Кеңестің төрағасы И.И.Роговқа, ІІ дәрежелі «Дос­тық» ордені – «Таң» татар-баш­құрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Р.Г.Валиевке, «Құрмет» ордені – «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекция­сы» РМҚК нұсқаушы-спортшысы Р.З.Қой­шыбаеваға тапсырылды. Сондай-ақ, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен – «КазАрмаПром» ЖШС слесарі М.С.Ахметсафин, «Каз­цинк» ЖШС Өскемен металлургия кешенінің балқытушысы Б.М.Бай­босынов, «Жамбыл цемент өнді­рістік компаниясы» ЖШС маши­нисі Е.Б.Шевяков, «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» құр­метті атағымен – «Астана Опера» мем­лекеттік опера және балет театры­ның жетекші балет солисі Ә.Б.Беке­таева, Қ.Қуанышбаев атындағы Мем­лекеттік академиялық қазақ музы­калық драма театрының әртісі А.Б.Бер­мұхамбетова марапатталды. Бұдан кейін әскери және қызмет­тік борышын үлгілі атқарғаны, заң­дылық пен құқықтық тәртіпті қамта­масыз етуде көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Даңқ» ордені – Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Тұр­ғымбаев пен Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары Ә.Қ.Халықовқа, ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені – Ұлттық қауіпсіздік коми­теті төрағасының орынбасары С.С.Әбіш пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – «Арыстан» қызметінің бастығы Ә.Т.Садықұловқа, І дәрежелі «Айбын» ордені – Мемлекеттік күзет қызметінің аппарат басшысы Ә.Ә.Жү­сіповке, ІІ дәрежелі «Айбын» ордені – Қорғаныс министрлігі 10216 әс­кери бөлімінің командирі Т.Ж.Әжі­баевқа, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені – Ұлттық ұлан «Батыс» өңір­лік қолбасшылығы 6655 әскери бөлі­мінің сарбазы Б.Қ.Қайырбеков пен Ішкі істер министрлігі Алматы қаласы мамандандырылған күзет қыз­меті басқармасының полицейі Н.А.Қартбаевқа, «Құрмет» ордені Қор­ғаныс министрлігі Авиациялық оқу орталығының іздеу-құтқару және парашюттік-десанттық қызметінің бастығы А.Ә.Қаратабановқа берілді. Жиынның бұдан кейінгі бөлігі 2016 жылғы Әдебиет пен өнер сала­сындағы Мемлекеттік сыйлықты тап­сыру рәсіміне ұласты. Салтанатты шара барысында Мем­лекет басшысы үстіміздегі жылы Мем­лекеттік сыйлық жөніндегі комис­сия 4 туындыны іріктеп алған­дығын атап өтті. – Жоғары марапатқа елорда­мыздағы «Мәңгілік Ел» монументінің ав­торлары лайық деп танылды. Бізде, елор­дамызда мұндай ғимараттар аз емес. Дегенмен, «Мәңгілік Ел» – мағынасы жағынан да, көр­кемдік жағынан да өзімізге де, бас­қаларға да белгілі болып келе жатқан ғимарат. Мұны Тәуелсіз еліміздің мәртебесін сәулет өнері ар­қылы сәтті айшықтайтын туынды деп санаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Нақтылай айтқанда, Мемле­кеттік сыйлық «Мәңгілік Ел» мо­нументі үшін авторлар ұжымы – И.Н.Тасмағамбетовке, С.С.Жанбо­латовқа, М.А.Мансұровқа, Н.А.Дал­бай­ға берілді. Келесі Мемлекеттік сыйлық «Құнанбай» фильмін түсір­ген шығармашылық топқа – Д.Қ.Жолжақсыновқа, Р.Одинаевқа, А.Ж.Бектемірге, Н.Р.Салықоваға тапсырылды. Бұл орайда Елбасы кинода ұлы Абайдың әкесі Құнанбай тағдыры арқылы халық өмірінің күрделі кезеңі бейнеленгенін жеткізді. Мемлекет басшысы тағы бір Мемлекеттік сый­лықты белгілі жазушы Бексұлтан Нұр­жекеевке «Әй, дүние-ай» романы үшін табыстады. Қазақстан Президенті бұл шығарма еліміздің тәуелсіздікке дейінгі 75 жыл тарихын қамтитынын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Жетісу өңірі халқы басынан өткізген қилы кезең романның өзегіне айналғанын атап көрсетті. Қазақстан Президенті келесі Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тарту» жұмыстар циклы үшін суретші Камил Муллашевқа тапсырды. Соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев марапат иелерін тағы да құттықтап, оларға еңбекте табысты бола берулерін тіледі. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды