14 Желтоқсан, 2016

Аршавин: «Астана» тәжірибесінің көптігінен ұтып кетті

228 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
arshavin Алматының «Қайрат» футбол командасында өнер көрсететін Андрей Аршавин «Россия 24» телеарнасының «Футбол России» бағдарламасына берген сұхбатында қазақстандық клубпен қалай келісімшартқа отырғанын, командасының не себепті Премьер-лига мен Қазақстан кубогында жеңілгенін, сондай-ақ өз отанына қашан оралатыны туралы әңгімелеп берді. Бұл туралы vesti.kz хабарлады. Қазақстан кубогының финалы кезіндегі ауа райы ыңғайсыздық тудырғаны көпшілікке белгілі. Бұл жөнінде ол: «Жапалақтап жауған қар әсерін тигізбей қоймады. Өз басым матчтың кейінге шегерілгенін қаламас едім. Оның үстіне спортқа қатысты емес себептері де болды. Футбол болғандықтан, ойыншылар қандай жағдайға болмасын дайын болуы керек. Бұл матчта біздің жоспарымыз іске асқанмен, соңына таман белсенділігіміз баяулап қалды. Ал «Астана» өз мүмкіндігін пайдаланып, жеңісті голды соғып кетті. Астаналықтар Еуропа ареналарында өнер көрсетіп, ысылған, стратегиялары да бірізділікке қойылған. Қателігімізді тиімді пайдалана білді. Осыдан кейін мұндай алаңда өнер көрсету оңайға түсті. Менің ойымша, олар тәжірибесінің молдығынан бізді ұтып кетті», ­– деді Аршавин. arshavin-1 Алматыда мұндай ауа райын ешкім күтпеген болар деген сұраққа: «Алматы қаласының ауа райы өте қолайлы. Бірақ қырсық шалғанда Кубок сарапқа салынатын күні күтпеген жерден күн райы бұзылды. Табиғаттың тосын сыйына қарсы қандай шара бар?" деп жауап берді. Сонымен қатар солтүстіктің адамына күннің ыстығы қаншалықты қиындық тудыруы мүмкін екендігіне де тоқталды. «Кейде өзім де таң қаламын. Ауа температурасы күндіз бен кешқұрым уақытта он градусқа дейін өзгереді. Мысалы, Краснодарда түске таман 30 градус болса, күн батқаннан кейін де сол көрсеткішті көрсетіп тұрады. Ойындарымыз кешке таман өтетіндіктен бізге өте қолайлы», ­– деді жартылай қорғаушы. Алматының стадионы еліміздегі ең үздік алаңдардың бірі екені сөзсіз. Бұл туралы ол: «Иә, ол жағы рас. Тек Республика аймағында ғана емес, көптеген елдердің стадиондарынан жақсы деп ойлаймын», – деді. Аршавин ағылшынның әйгілі «Арсеналында» өнер көрсетіп, дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөленгеннен кейін өзі түлеп ұшқан «Зенитке» қайта оралған. Алайда, жасы келіп, бұрынғы деңгейінде ойнай алмағандықтан «Кубань» ұжымына ауысқан болатын. Мұнда да жолы бола қоймады. Бұл жөнінде ол: «Англиядан кейін өзге елге қоныс аударғым келмеді. Ал Қазақстанның жөні мүлдем бөлек. Алматыда бәрі орыс тілін білетіндіктен, еш қиындық көрмедім», ­– деді «Қайрат» ойыншысы. arshavin-2 «Қайрат» пен «Астана» арасындағы финалдық кездесуге қайта оралсақ. Естеріңізде болса, Ресей құрамасының бұрынғы капитаны алғашқы таймда жартылай қорғаныста ойнаған болса, екінші 45 минутта шабуыл шебінде өнерін паш етті. Бұл жөнінде ол: «Мен «Зенитте» де, «Арсеналда» да дәл осылай ойнадым. Сол қапталда шабуылға жиі араласып жүрдім. Мұнда да бәрі сол қалпында. Айтарлықтай рөлім өзгерген жоқ», – деді. Қазақстан чемпионатында «Қайрат» пен «Астанаға» бәсекелестік тудыра алатын команда бар ма деген сұраққа: «Мен келгенге дейін «Ақтөбе» ең үздік команда болатын. Меніңше, Қазақстан футболының жарқын белестерінің дәл осы командамен тікелей байланысы бар. Бірақ қазір бәрі басқаша. Олардың жағдайы аздап қиындау. «Астана» мен «Қайратқа» бәсеке бола алатын ұжым... Егер кестеге көз жүгіртер болсақ, екінші және үшінші орындағы командаларды 23 ұпай бөліп тұр. Осыдан-ақ көп нәрсені түйсінуге болады», – деді Ресей құрамасының бұрынғы капитаны. «Астана» биыл ішкі біріншілікті де, ел Кубогын да жеңіп алды. Аршавин «Қайраттың» мұндай жетістікке қол жеткізуіне не кедергі болуы мүмкін екеніне де тоқталды: «Бәрімізге белгілі. Біз маусымның басын өте сәтсіз бастадық. Өкінішке қарай, елордалықтар қуып жетуге мүмкіндік бермеді. Жыл соңына дейін бәрін жоспар бойынша орындап, бірінші келді», – деді. Ресейлік аяқдопшы Алматының клубымен келісімшарт мерзімін 2017 жылға дейін ұзартқан болатын. Бұл туралы ол: «Егер заңды тұрғыдан айтар болсақ, мерзімім о баста екі жылға келісілген. Бірақ осыған дейін айтқанымдай, клуб басшылығы қалаған уақытында менің қызметімнен бас тарта алады. «Қайраттың» президенті бір сөзінде трансфер уақытында мені ауыстырып жіберуге құқылы екенін айтқан болатын. Негізі бұған менің ешқандай қарсылығым жоқ. Дегенмен, бірнеше апта бұрын ол кісі хабарласып, ойыныма көңілі толатынын, келісімшарт өзгеріссіз, сол қалпында қалатынын айтты. Ал өзімнің қалауым белгілі. Бәрі ыңғайлы болғандықтан, әзірге кеткім келмейді», – деді. arshavin-3 Футболшының жасы 30-дан асқаннан кейін физикалық тұрғыдан бұрынғыдай өнер көрсете алмайтыны белгілі. Бұл жөнінде ол: «Қазір маған ешнәрсе қиындық тудырмайды. Жаттығу алаңына барып, доп тепкен, жанкүйерлер алдында бар қабілетімді көрсеткен ұнайды. Орталық стадионда өтетін матчтардың жөні тіптен бөлек, 90 пайыз ұтатыныңды біліп, ерекше бір рахатқа бөленесің», – деді ол. Ал 25 пен 35 жас арасындағы жаттығуларда қаншалықты өзгеріс бар деген сұраққа: «Бұл жерде бәрі бапкердің шешіміне тікелей байланысты ғой. 25 жасымда дейсіз бе? 2006 жыл... Дик Адвокаттың кезі болатын. Меніңше, еш өзгеріс жоқ сияқты. Сол кездегідей жаттығулар, көптеген матчтар...», – деді ол. arshavin-4 Телеарнаға берген сұхбат барысында ол Ресей чемпионаты жайлы да айтып өтті: «РФПЛ ойындарын жібермей көретін кездерім болады. Ал кейде оған уақытым жетпейді. Айта кетерім, чемпионаттың деңгейі бұрынғыдай емес. Бұның басты себебі, командалардың бюджеті құлдырағаннан деп ойлаймын. Сондай-ақ ұлттық құраманың да дәрежесі төмендеп қалды. Нашар ойын көрсеткеннен кейін қатаң сынға алатындардың қарасы күн санап артып барады. Дәурені жүрген 2008 жылдың жақын аралықта оралатынына күмәнім бар. Мұндай ойынымен Еуропа немесе әлем чемпионатының жартылай финалында ойнайды дегенге аса қатты сенбеймін. Ресейге оралу жағына келер болсақ, егер қалағанымда «Кубань» ұжымынан ешқайда кетпес едім. Оның үстіне ішкі біріншіліктегі екінші сегіздікте ойнайтын клубтарға ауысқым келмейді», – деді «Қайраттың» 28 нөмірлі ойыншысы.