14 Желтоқсан, 2016

Қазақстан Израильмен бірлесіп зауыт салады

120 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан мен Израиль арасындағы келісім нәтижесінде алғашқы зауыт құрылысы басталады. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан - Израиль бизнес-форумында Қазақстан-Израиль Билатеральді сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаэль Роэ мәлімдеді. «Зауыттан шығатын барлық өнім Қытайға экспортталады. Одан түсетін пайда – 10 миллион доллар. Алматы облысында салынатын зауыттың құрылысына Израильдің технологиясы, Қазақстанның шикізаты қолданылады. Кәсіпорынға тартылатын инвестицияны қос елдің кәсіпкерлері мойнына алды. Бес жылға Қытайдан тапсырыс бар. Кәсіпорын азық-түлік өнімдерін шығарады», деді ол. М.Роэ нысанның Қытай Қазақстанға құс етін экспорттауға қайта рұқсат бергеннен кейін, яғни 10-12 айдан соң ресми түрде ашылатындығын атап өтті. Зауыт құны 5 миллион долларды құрайды. Ал зауыттан шығатын өнімнің экспорттық құны 10-15 миллион доллар болады деп күтілуде. Зауыттың құрылысы жөніндегі меморандумға «БАЗИС-А» ЖШС мен «BAL International LTD» компаниясы қол қойды. Соңғы деректерге сәйкес, елімізде израильдік серіктестермен бірігіп ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жалпы сомасы 86,5 млн АҚШ долларына 7 жаңа жоба іске қосылған. Олар – электронды құрылғыларға арналған баспа платаларын өндіру, «Bank Hapoalim» коммерциялық ұйымының құрылуы, Алматы облысында және Астана қаласында жылыжай кешендерінің, Солтүстік Қазақстан облысында бройлер құс фабрикасының, Маңғыстау облысында теңіз суын тұщыту қондырғысының құрылыстары. Ал қазіргі таңда қазақстандық-израильдік кәсіпкерлер медициналық сақтандыру желісін және «Архимедес Қазақстан» медициналық орталықтар желісін құру жобасын іске асыруда. Қазақстанда израильдік капиталдың қатысуымен 254 кәсіпорын тіркелген. Оның 112-сі жұмыс істеуде. Асхат РАЙҚҰЛ, "Егемен Қазақстан".