14 Желтоқсан, 2016

Израиль еліміздегі 270 кәсіпорынды қаржыландырған

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
unnamed Қазақстан мен Израиль арасында ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық туралы үкіметтік келісімге қол қойылады. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге алғашқы  ресми сапармен келген Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. "Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен инвестициялық ынтымақтастық негізінде қалыптасуда. Оның нығаюына израильдік капитал салынған 270 кәсіпорын өзінің маңызды үлесін қосады. Жеке кездесуіміз барысында екіжақты қарым-қатынастың экономика, инвестиция, саясат салалары, лаңкестікпен күрес сынды - кең ауқымды мәселелерін талқыладық. Сіздің бүгінгі сапарыңыз және бизнес форумды өткізу - біздің іскерлік қарым-қатынасымызды кеңейтуге септігін тигізеріне және жаңа сапалы деңгейге көтеретіндігіне үміт артамыз", - деді Назарбаев. Осы орайда Елбасы Қазақстан-Израиль серіктестігін әртараптандыру маңыздылығын атап өтті және шикізаттық модельден өндіріске көшу үшін бірлесе жұмыс істеуге мүдделілік бар екендігін айтты. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықты еселей түсетін саланы да атады. «Ауыл шаруашылығы біздің ең басты түйісу нүктеміз саналады. Бұл жайында мен сізге айттым да. Бізде  ауыл шаруашылығы бизнесін жүргізу үшін бірегей мүмкіншілік, ал Израильде алдыңғы қатарлы технология бар. Біз бұл мәселені жан-жақты талқыладық. Бірлескен комиссия құрып, бұл мәселеде нақты шарт әзірлейтін боламыз. Өнімнің барлық түрін қайта өңдеу, жерді суландыру - бұл біздің сіздерден алғымыз келетін мәселелер. Сіздің сапарыңыз аясында бүгін ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметтік келісімге қол қойылады. Осыған арқа сүйей отырып, біз нақты жұмыстар жүргізе аламыз», - деді Мемлекет басшысы. unnamed-1 Суреттерді түсірген Ерлан Омаров, "Егемен Қазақстан".