14 Желтоқсан, 2016

Нетаньяху қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху барша қазақстандықты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстанға сапармен келген израильдік бірінші премьер-министр болу мүмкіншілігі мен үшін зор басымдық деп білемін. Бұл сапарым Қазақстанның 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан өз құттықтауымды жеткізсем», - деді ол ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында. Сонымен қатар ол Нұрсұлтан Назарбаев саясатының көрегендігін баса айтып өтті. «Төңірегіңізге қарасаңыз, жаңа ұлттың өрлегендігін көресіздер. Мен мұны жоғары бағалаймын және Сіздің болашаққа деген көзқарасыңызға тәнтімін. Сіз шикізатқа негізделген экономиканы жаңа экономикаға көшіру жөнінде өте дұрыс айттыңыз. Біз бұл міндетті бірлесіп атқара аламыз деп есептейміз», - деді Нетаньяху Қазақстан Президентіне қарата. Израиль Үкімет басшысы газ табылғанға дейін өз елінде табиғи ресурстардың көп болмағандығын айтты. «Сіздер Израильді энергетика экспорттаумен айналысатын ел ретінде ойлайтын шығарсыздар. Бірақ, осы уақытқа дейін бізге көптеген заттарды экспорттаумен айналысуға тура келді. Қазіргі уақытта біздің жағдайымыз жақсы, табиғи ресурстарымыз да, техногендік ресурстарымыз да бар. Меніңше, сіздердің де, біздің де істеуге тырысып жатқанымызды үйлестіру тамаша байланыс бола алар еді. Бұл біздің ЭКСПО-ға қатысуға ниет танытуымыздан-ақ байқалады. Бұл ретте біз өте жедел шешім қабылдадық. Біз осы жерде болғымыз, серіктес болғымыз келеді», - деді Израиль Үкімет басшысы.