15 Желтоқсан, 2016

Ұлтымызға рух беретін ұғым

378 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
baktiyarulyТәуелсіздік дегенде менің көз алдыма сәбилерді әлдилейтін ақ бесік келеді. Осынау ұлан-ғайыр далада көшіп-қонып, өсіп-өнген біздің қазақ ақ бесікте тербелді, ана сүтімен тәрбие алды, ат жалын тартып азамат болды, Отанын, жерін қорғады. Қанша заман ұлтымыз тағдыр тауқыметін көрді, ашаршылық, қуғын-сүргін, түрлі нәубетті басынан өткерді. Бірақ соның бәрінде «өз алдымызға ел болсақ, тереземіз тең болса» деген асыл арманмен өмір сүрді. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. КСРО-ның кең қолтығындағы елдер өз алдына жеке мемлекет болып жатты. 1991 жылдың арайлы таңы қазаққа Азаттықты тарту етті. Сол жылғы 16 желтоқсанда  Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдады. Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып Түркия елі, сосын мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары, содан соң  Қытай, Ұлыбритания таныды. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам Республикасы мойындады. Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекеті. Осылайша, әлемдік саясат аренасында ҚАЗАҚСТАН РЕСПУЛИКАСЫ деген атпен еліміз әлемге танылды. Бас-аяғы бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген жетекші елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қарым-қатынастар басталды. Ең бірінші айтатын нәрсе, елі­міздің егемендігі бізге бейбіт түр­де келді. Тәуел­сіз­дікке қантө­гіс­сіз, бейбіт түрде қол жет­кіз­ген­нен кейін ғана еліміз әлемнің өркениетті мем­лекеттерінің қатарына қосылуға ұм­тылды. Мемлекет басшысы Нұр­сұл­­тан Назарбаевтың дана саясаты арқылы 25 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өттік. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитын, сыйлайтын дәрежеге жеткізген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін айрықша атап өткен абзал. Былай алып қарасақ, 25 жыл деген жас мемлекет үшін көп уақыт емес. Алайда, осы аз ғана уақытта Қазақстан өз аяғына нық тұрып, әлемге аты танылған мемлекет болды. 25 жылда талай өзгеріс болды. Қазақ­стан 70-тен астам халық­ара­лық ұйым­ның белді мүшесі атанды. АҚШ-тың 41-ші президенті, үлкен Буш «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген­дігінің арқасында, оған деген халықтың сенімінің арқасында Қазақстан осындай үлкен жетістікке жетті, әлемге танылды» деген болатын. Біз Ата Заңымызды қабылдадық. Мемлекеттік рәміздер – Әнұран, Ту, Елтаңбамызды белгіледік. Шекарамыз шегенделді. Мемлекеттің Қарулы Күштері құрылды. Халық­аралық келісімшарттар жасалды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекетке тән саяси шаралардың бәрі жасалды. Түбегейлі экономикалық реформалар жүргізілді. Ұлттық валюта – теңгенің дүниеге келуі номиналды экономикадан ұлттық экономикаға көшудің шешуші қадамы болды. Екінші айтатын мәселе, біз еліміздегі бір­лік пен ынтымақтың арқасында осындай жетіс­тіктерге жетіп отырмыз. Осы уақытқа дейін елімізде ішкі жалпы өнім де, эко­но­микаға тартылған инвестиция да 40 есе артты. 1993 жылмен салыс­тырғанда өндіріс көлемі 1000 есеге дейін жоғарылады. Халықтың өмір сүру жасы 72-ге дейін көтеріліп, бала туу көрсеткіші 68 пайызға өсті. Соңғы 5 жылдың ішінде ғана елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 950 жаңа кәсіпорын құрылып, 250 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Еліміздің даму жолын Елбасы өте айқын етіп белгілеп берді. Көптеген елдер қалай жүрерін, қайда баратынын білмей отырған кезеңдерде «Қазақстан-2030» даму стратегия­сын жасады. Онда белгіленген межелер мерзімінен бұрын орындалды. Қазір еліміз – «Қазақстан -2050» – Стратегиясы: «қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» бойынша кемел даму жолына түскен ел. Қазақстан өзінің территориялық тұтастығын сақтаған, ұлттық қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге бағыт алған, сонымен қатар, елдің ішкі саяси тұрақтылығы мен ұлттың бірлігін нығайтуға белсенді түрде қам-қарекет жасап отыр. Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, Азаттық, Тәуелсіздік бағытына ұмтылған елдер дәуірдің бірнеше кезеңін бастан өткереді. Соның бірі – номиналды азаттық, екіншісі – сындар­лы азаттық, үшіншісі – шынайы азаттық. Но­минал­ды азат ел басқа мемлекеттердің ықпа­лы­нан шыға алмайтын кіріптар күйде болады. Мұндай елдің экономикасы басқалардың мүддесіне жұмыс істеп, қарызға белшеден батып қалады. Даму жолы да тұрақсыз болады. Ауық-ауық мемлекеттік төң­керістер орын алады. Ал сындар­лы азаттыққа қол жет­кіз­ген ел бо­дандық мұрасынан – рухани, тіл­дік, эко­номикалық, ментальдық жағ­дай­лардан оңайлықпен құтыла алмаса да, өзіндік даму жолын табуға ұм­тылыс жасайды. Кейбір іргелі салаларда сол мақсатқа қол жеткізеді. Мұндай елдердің халқына өршіл рух тән болады. Шынайы азат ел – басты мақсат, стратегиялық меже. Қазір біз сол сындарлы азаттық жолында тұрған елміз. Мемлекет басшысының қазақстандық даму жолы осының айғағы. Номиналды азаттықпен шартты түрде алатын болсақ, саяси тұрғыда 1991 жылдың 16 желтоқсанында қоштастық. Экономикалық тұрғыда – 1993 жыл­дың 15 қарашасы. Стратегиялық тұрғыда – 1997 жылдың 10 қазаны. Енді, міне, сындарлы азаттық кезеңін басымыздан өткеріп жатырмыз. Түпкі меже – шынайы азаттық! Тәуелсіздік деген бірнеше компоненттен тұрады. Соның ішінде Тәуелсіздіктің басты тетіктеріне мемлекетшілдік, отаншылдық, ұлт­тық намыс, тіл жатады. Алаш­тың ардақты азаматы Ахмет Бай­- т­ұрсынұлы ХХ ғасырдың басында «жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады. Себебі, жұрт жұмысы деген қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша жүріп, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп, жарысқа түскен жоқ. Сондықтан, жұрт жұмысы, ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе», деп жазған екен. Қазіргі қазақ елі әлем халықтарымен ашық бәсекеге түскен ел. Ахмет Байтұрсынұлы анықтап берген «Жұрт жұмысы, ұлт намысы» деген ұғымдарды бойына сіңіріп қана қоймай, сол асыл мұратқа бел шеше кіріскен жұрт. Осы орайда халқымыздың ұлттық намысын оятуға, әлемдік жетекші мем­лекеттермен бәсекелестікке түсуіне жол ашқан, түрткі болған тұлға Нұрсұлтан Назарбаев екенін тағы бір мәрте еске сала кет­кен­нің артықтығы жоқ. Тәуелсіз мемлекетке айналу біз­ге үлкен серпіліс, тың күш берді. Басқаға жалтақтамай, өз еркімізбен алға ұмтылуға, мемлекет болып өркендеуге жол ашылды. Тәуелсіз мемлекет бола салысымен, көптеген өмірлік маңызы зор мәселелердің шешімі табылды. Халқымызға қырық жыл ажал отын сепкен Семей ядролық полигоны жабылды, Арал теңізінің мәселесі шешілді, мәдени мұра сұрыпталды, қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды, дәстүріміз қайта жаңғыртылды, табиғи байлығымыз өз иелігімізге қайтарылды. Қазір біз болашағымызға сеніммен қарай алатын, зайырлы, өркениетті, индустриялық жаңғыру жолында жоғары қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетпіз. Бүгін, міне, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы биігінен жүріп өткен жо­лымызға қарасақ, ғасырға бергісіз үлкен жолдан өткенімізді көреміз. Еліміз осы жылдарда неше түрлі же­тістіктерге жетті, биік белес, асу­ларды алды. Маңыздыларын Ел­ба­сымыз «Қазақстан-2030» Стра­­тегиясының толықтай орын­далуында қорытындылап берді. Яғни, ұлттық кауіпсіздік, ішкі сая­си тұрақтылық пен бірлік, ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу сияқты стратегияда белгіленген негізгі міндеттер орындалды. Экономикалық, әлеу­меттік, интеллектуалды тұрғыда өркендеп келеміз. Архитектуралық тұрғыда елордамыз еңсе тіктеді, Елбасы айтқандай, мемлекетіміздің басты күші – Астана қаласы. Астана тәуелсіздіктің белгісі, үні, келбеті деуге де болады. Қазіргі таңда, Қазақстанның әлемдік деңгейде өзіндік үні, пікірі, мәртебесі бар. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үлкен шараларды, іс-әрекеттерді талап етеді. Яғни, ішкі және сыртқы саясатты дұрыс жүргізу, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендеуін, дүниежүзілік қауымдастықта өркениетті мемлекеттермен білікті қарым-қатынас жасау, әрине, бір адамның қолында емес. Бірақ, халық атынан үлкен деңгейде сөйлей алатын, өзгелер сөзін құлақ салып тыңдайтын, мемлекетке бағыт-бағдар беріп отыратын, ерекше тұлға – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тізгінін ұстауы тарихи игілік. Тәуелсіздік жарияланған сәттен бастап Қазақстанның даму жолындағы оқиғалардың мән-жайын түсіну, ұғыну, мемлекеттің одан әрi даму үрдiсiн болжау және халықтың талғамына сай ең тиiмдi даму стратегиясын таңдауда кемел, жігерлі, түбегейлі саясат жүргізуде мінсіз көшбасшы және ой-өрісі кең, интеллектуалды тұлға қажет еді. Мұндай тарихи міндет – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бұй­ырды. Тәуелсіз мемлекеттің қазіргі келбеті, қол жеткізген табыстары мен жеңістері Тұңғыш Президентіміз Назарбаев есімімен тікелей байланысты. Тарихи өтпелі кезеңде Елбасының рөлі айқын және ашық көрінеді. Елбасымыздың сол кезеңдегі басты таңдаған стра­те­гиялық бағыты ашық нарықтық эко­номикаға көшу болды. Түбегейлі құрылымдық өзгерістерді жүргізуде шетелдік инвестицияны маңызды фактор деп есептеді. Осындай тарихи шешімдердің арқасында біз қазіргі таңда әлемнiң бәсекеге ең қабiлеттi 50 елінің қатарына кірдік. Енді біздің алдымызда одан үлкен мін­дет­тер тұр. 2012 жылы желтоқсан айында, Елбасымыз «Қазақстан-2030» Стратегиясын қорытындылай отырып, мемлекеттің жаңа саяси бағытын жариялады. Ондағы басты мақсат – 2050 жылға қарай мықты мемлекет, дамыған экономика, жалпыға ортақ еңбек негізінде берекелі қоғам құру. Келесі жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Астанада өткізіледі. Бұл – Орталық Азияда және ТМД-ға мүше елдерде өтетін алғашқы көрме болмақ. Мұндай үлкен шараны біздің елде өткізу мемлекетіміздің жоғары деңгейін көрсетеді. Сөз басында қазақтың ақ бесігін тектен-текке айтқан жоқпын. Тәу­ел­сіздік – біздің ақ бесігіміз! Ты­­ныштық пен тұрақтылық бе­сігі! Сол бесік тыныш тербетіліп, өршіл хал­қы­мызды жаңа биіктерге бастап, елімізді береке мен шаттыққа бөлей берсін! Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты, саяси ғылымдар докторы